18 Мамыр, 2020 NEWS
kz.utro.news
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі атқарушы директоры Дәулетжан Хасанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында компанияда дағдарысқа қарсы стратегия жасалып жатқанын мәлімдеп, қаржылық мәселелерге байланысты қызметкерлерінің жалақысы қысқарады деп атап айтты.
– Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының орталық аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлердің санының азаятыны туралы хабарлаған болатынбыз. Коронавирустық пандемияға байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі компанияның қаржылық жағдайына кері әсер етіп отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай бірінші тоқсанда біздің компанияның табысы, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге қысқарды. Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір біздің еншілес кәсіпорындарында қаржы тапшылығы байқалып отыр, – деді Дәулетжан Хасанов.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» компаниясында дағдарысқа қарсы стратегия жасалып жатыр, бұл стратегия компаниядағы шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді» деп атап өтті.
– Осы шаралардың аясында директорлар кеңесінің шешімі негізінде компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Осыған сәйкес орталық аппараттық штаттың саны 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттердің саны 3 есе қысқарды. Басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының орталық аппараты нарықта болып жатқан өзгерістерге тез әрі тиімді жауап бере алатындай жинақы болып, қайта құрылады, – деді Д. Хасанов.
Сондай-ақ ол «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма шешімімен орталық аппаратта жалақы төлеудің жаңа жүйесі бекітілгенін атап өтті.
– Ол жүйе бойынша «ҚазМұнайГаз» басшылық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды. Ал басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буынды менеджерлердің жалақылары 20 пайызға дейін төмендейтін болады. Басқа қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады. Компанияның қаржылық жағдайына байланысты біз сыйақыдан бас тарттық. Енді жылдың соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонустар төленбейді. Мұнай нарығында қалыптасқан жағдай қаншалықты қиын болса да біз әрбір қызметкердің, олардың отбасыларының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін толық сезінеміз. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қорының тапсырмасы бойынша әлеуметтік жауапкершілікті босату бағдарламасын әзірледік. Осы бағдарламаға сәйкес біз босатылған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетеміз, – деп айтты брифингте.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір