21 Мамыр, 2020 NEWS
tolqyn.kz
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов кеше Теңіз кенішіне барып, ондағы ахуалмен танысқан соң шұғыл жиын өткізді.
– Атырау облысында жағдай тұрақтанғанымен, Теңіз кенішіндегі ахуал әлі де алаңдатады. Қазіргі кезде «Теңіз» кенішінде орналасқан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықталды. 20 мамырдағы мәлімет бойынша, 615 науқастың 594-і ауруханаға жатқызылған. Жағдай әлі де күрделі, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Жиын барысында облыс әкімдігі тарапынан құрылған арнайы штабтың атқарушы басшысы Аслан Бекжанов, Жылыой аудандық бас санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин, денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс операциялары бойынша менеджері Гарри Энк қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады.
Сөз соңында Махамбет Досмұхамбетов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтар болсақ, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақылау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдетуді ескертті.
Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесе отырып жұмыс мерзімі біткен қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді.
Теңіз кенішінде 18 наурыздан бастап аудан әкімшілігі жанынан құрылған штаб, сондай-ақ 20 сәуірден бастап облыстық штабтың филиалы жұмыс істеуде. Бұдан басқа, күні кеше құрамына Атырау облысы әкімінің екі бірдей орынбасары, бірқатар облыстық департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары, ТШО басшылығы және облыстың бас дәрігері мен Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары кіретін арнайы жұмыс тобы Теңіз кенішіне барып, жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетейік, ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 935 адамның коронавирус жұқтырғанын хабарлаған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір