16 Мамыр, 2020 Аймақтар
qamshy.kz
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылына барды.
Алдымен өңір басшысы жаңадан салынатын жылыжай кешеніне барды. Жобаның құрылысы қыркүйек айында басталады деп күтілуде. Бастапқыда 2 га жерге көкөністер егіледі. Оны жергілікті ауыл тұрғыны іске асырып, ішкі нарықты табиғи көкөніспен қамтамасыз етуге ниетті. Бүгінде жылыжай аумағына барлық қажетті инфрақұрылым тартылған: автономды сумен қамтамасыз ету және электр қуаты бар. Нысан ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылып, 40 адамды жұмыспен қамтымақ. Өңір басшысы жаңа жобаны қолдап, сәттілік тіледі.
Бұдан кейін С.Трұмов №4 орта мектептің жөндеу жұмыстарымен танысты. Ғимараттың іші мен спортзалына жүріп жатқан күрделі жөндеуді «Нұржол Құрылыс» мекемесі жүргізуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 100-ге жуық жергілікті маман жұмысқа тартылды. Аталған жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айында басталды. Биыл тамыз айында ғимарат пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, облыс әкіміне Жетібай ауылында модульді кәріздік тазарту ғимаратын орнату бойынша іске асырылып жатқан жұмыстар баяндалды. Бүгінде онда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, 5 құдық орнатылып, тоқ желісі жүргізілуде. Жобаның қуаттылығы 100 м3/сағ. Құрылыс жұмыстарына "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті кадрлар (20 адам) тартылды. Нысанды ағымдағы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс әкімі ауылішілік автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарымен танысты. Орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталды, шілде айына дейін жалғасады. Мердігер: «Ақжол +К» ЖШС. Аталған жұмыстарға халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 50 адам тартылған. Серікбай Трұмов жұмысты сапалы және уақытылы орындауды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барды. 72 пәтерлі тұрғын үй құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталды. Мердігер: "Оңдасын-строй" ЖШС. Бүгінгі күні жұмыстың 20% аяқталып тұр. Алаңда 46 маман жұмыс істейді. Құрылыс мерзімі - 11 ай.
Бүгінде Қарақия ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 1039 адам тұр. Оның 435-і Жетібай ауылының тұрғындары және 114-і апатты жағдайдағы тұрғын үй санаты бойынша кезекте тұрғандар. Кезекте тұрған тұрғындарды пәтермен қамту мақсатында мердігер мекеме қосымша төртінші қабатты қоса салу бойынша ұсыныс жасады. Облыс әкімі техникалық мүмкіндіктермен таныса отырып, ұсынысты қолдап, қажетті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі оқушылар орталығы ғимаратының қайта жаңарту жұмысымен танысты. Бұл жерде жұмыстар ағымдағы жылдың наурыз айында басталды. Жобаға сәйкес мұнда балаларға арналған шығармашылық үйірмелер, спорттық үйірмелер ашу жоспарлануда. Мердігер мекеме: «Шанс – 21» ЖШС. Нысан 2020 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір