• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:10:27
Алматы
+35°

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасаған болатын. Осыған орай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов бұл үндеу 30 жылдан бері күткен бастама екенін айтады.

 

 
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы 19 миллион халық 30 жылдай күткен бастаманы қолға алуға тапсырма берді. Біздің ой-тілегіміз бен мұңымызды естіп, Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл мемлекет басшысының болашақты болжай білген көрегендігі, халықтың мұңын тыңдағаны, ел ішінде қайнап жатқан проблемаларды түсінгені, деп білемін. Одан бөлек, тарихи сана қалыптастыру жағынан біздің қоғам осындай ұсыныстарды қабылдауға дайын, деп ойлаймын. Қуғын-сүргін жылдары ең ауыр азап шеккен халық – қазақ. Себебі, ашаршылықта миллиондаған адам қырылды, қаншама халық шет ел асты, біздің республика лагерлік республикаға айналды, депортацияланған халық қаншама?! Соның ішінде қуғын-сүргін жылдары ерекше орын алады. Өйткені, қазақтың қаймағы саналған айтулы тұлғалар қыршын кетті. Президент 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды, деп анық атап өтті, - дейді ол.
Зиябек Қабылдиновтың айтуынша,  әлі де қаншама адам ақталған жоқ. 
Бала-шағасына талғажау тауып бермек мақсатында бір уыс масақ теріп ұсталған ағайындар бар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқынға түсіп қалғандар бар, жиырмасыншы жылдары құқықтарынан айырылған азаматтар бар, 1928 жылы мыңдаған бай-бағыландар қудаланды, бұлардың ешқайсысы әлі ақталмай келеді. Осыларды да ақтайтын күн туды деп ойлаймын. Біз әруақты, жасы үлкендерді құрметтейтін халықпыз. Сондықтан, бұл азаматтарды да ақтау мәселесімен мемлекеттік комиссия айналысса, Қазақстанның болашағы жарқын болады деген сенімдеміз. Тарихи сана осының арқасында қалыптасады. Оқулықтарымыз да осы жұмыстардан кейін жаңа форматта жазылады. Бұл орайда айта кету керек, 5 томдық "Қазақстан тарихы" ескі методологиялық негізде жазылған. Болашақта "Қазақстан тарихының" 7 томын да осы жаңа бағытта жазу керек. Саяси қуғын-сүргін құрғандарын зерттеу барысында талай жобалар пайда болады деген ойдамын. Нәтижесінде ата-бабаларымыз ақталып, Қазақстан болашаққа нық қадам басады, - дейді. 

Профессор тарихшылар қауымы Президенттің бұл үндеуін жылы қабылдап, жұмысқа кірісуге дайын отырғанын айтты.
Әрине, бұған жағдай жасалуы керек. Ең алдымен, құқық қорғау органдарының, оның ішінде Ішкі істер министрлігі, прокуратура мұрағаттарын ашып зерттеуге рұқсат берілгені жөн. "Мына тергеушінің аты аталмауы керек немесе жала жапқан адамның есімі көрсетілмеуі керек, ұрпақтары арасында жанжал туады" деген сияқты кедергілер болмауы қажет. Егер толық зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік комиссия жақсы жұмыс істесін десек, осыдан бастау қажет. Мұндай тәжірибе шет мемлекеттерде бар, - дейді ол. 

Тарихшы қуғын-сүргін құрбандарын зерттеуге бағытталған арнайы институт құрылса құба-құп болар еді, дейді.
Мұндай институт Польшада, Украинада, Азия елдерінде бар. Кейбір мемлекеттерде тіпті, қуғын-сүргін құрғандарын реабилитациялау және ақтау деген министрлік жұмыс істеп тұр. Бұл әлем елдерінде бар тәжірибе, - дейді ол.
Зиябек Қабылдинов мемлекеттік комиссия жұмысына тарихшылар ғана емес, заңгерлер, гуманитарлық бағыттағы мамандар, саясаткерлер, этнологтар, әлеуметтанушылар да атсалысуы керек екенін жеткізді.

Айсұлу МАМАНҚЫЗЫ
Дереккөз: baq.kz

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір