01 Маусым, 2020 NEWS
Видеодан скриншот
2020 жылы 30 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, 1993 жылы басталған жұмысты аяқтау үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Сталиндік саяси қуғын-сүргін: тарихы және құрбандарын ақтау мәселелері» атты тақырыпқа ZOOM арқылы дөнгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына биыл құрылғанына 75 жыл толып отырған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары, 2020 жылы 25 ақпанда ҚР БжҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Ж.Д. Құрманғалиеваның «1920-1950 жылдардағы кеңестік соттан тыс қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдірудің ұлттық спецификасын, әлеуметтік себептерін зерделеп, тұжырымдама қалыптастыру бойынша жұмыс тобын құру туралы» № 28-нж бұйрығы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшелері, Елімізге белгілі қоғам, білім және ғылым қайраткерлері, БАҚ өкілдері, қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын Институт директоры, профессор З.Е. Қабылдинов ашып, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі тапсырмасының өзектілігін және осы бағытта қоғам көптен бері қозғалыс күтіп отырғанын айта келіп, болашақ комиссия жұмысының негізгі бағыттары мен міндеттері туралы қысқаша баяндап берді. Одан кейін сөз алған белгілі ғалым Қ.С. Алдажұманов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі мен оның негізгі принциптері жөнінде сөз қозғады. Ал 1989 жылдан бергі «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының белді мүшесі, жазушы Б.О. Қойшыбаев қайта құру мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарының тарихын насихаттау және зұлымдық тарихын әшкерелеу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, мемлекет басшысының бүгінгі тапсырмасын ерекше қолдайтынын жеткізді. Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған «Саяси қуғын-сүргін материалдары Қазақстан және шетел архивтерінде» деген тақырыпта баяндап, ақтауға қатысты құжаттарға шолу жасады.
Сонымен қатар, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗИ А. Машани атындағы базалық білім беру институтының профессоры, т.ғ.д. Г.М. Меңдіқұлова 1930-1940 жылдардағы репрессия құрбандарын ақтау – Қазақстан қоғамы үшін өзекті қажеттілік екенін жан-жақты материалдар мен құжаттар негізінде ашып берді. Ал осы мәселе тарихы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген т.ғ.к., доцент Л.А. Гривенная қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды ақтау жөніндегі мәселеге орай, құрбандарды әртүрлі категорияларға бөле отырып, оларды қалай ақтау мәселесі бойынша нақты ғылыми негізді ұсыныстар жасады.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Г.К. Көкебаева «Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарын ақтау мәселелері» бойынша мазмұнды баяндама жасап, «Ресей Федерациясы заңдарының егеменді Қазақстан жерінде заңдық күші жоқ, бұрынғы қазақстандық соғыс тұтқындарының азаматтық құқықтары әлі қалпына келтірілген жоқ. Демек жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының категорияларын анықтау және ақтау мәселесі қоғамдағы рухани жаңғыру процесінің бір элементі ретінде әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ» деген қорытынды жасады.
Сондай-ақ, Тарих институтының А.Т. Қапаева, А.И. Құдайбергенова сияқты ғалымдары да арнайы қоныстар мен АЛЖИР тұтқындарын ақтау мәселелерін сөз етсе, С.Қ. Шілдебай реабилитация тарихын 4 кезеңге бөліп, бүгіннен бастап 4-ші кезеңі басталғанын және комиссия жұмысының нәтижелі болуы үшін шешілуі тиіс нақты мәселелерді атап өтті. Ол: «Қазақстан Республикасында 1993 жылы 14 сәуірде қабылданып, 2018 жылы 2 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңның осы уақытқа дейін өз деңгейінде жұмыс істемей отырғанын да айта кеткеніміз жөн. Оған, қоғам өкілдеріндегі азаматтық белсенділіктің төмендігі мен Қазақстандағы аталмыш мәселеге қатысты архивтердің жабық болуы себеп болып отыр» дей отырып жиынға қатысушыларды белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Жиынға қатысқан Б. Берлібаев, Б. Қабдөшев, Қ. Өскембаев, З. Сақтағанова және т.б. тарихшы-ғалымдар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Өзге қатысушылар өз сұрақтары мен ұсыныстарын Институт поштасына жазбаша жіберетіндіктерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған Институт директоры З.Е. Қабылдинов қатысушыларға разылық білдіріп, алдағы күннен мол үміт күтетінін жеткізді.
Институт ұжымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі тапсырмасы осы жұмыстың ары қарай жалғасуы мен жазықсыз жапа шеккен көптеген топтардың ақталуына жол ашады деп үміттенеді және осы жұмысқа өз үлесін қосатын болады деген ойдамыз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір