• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:52:02
Алматы
+12°

Бүгін Қазақстандағы мерзімінен бұрын өткен соңғы президент сайлауына – 1 жыл. Сайлауда билікшіл Nur Otan партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,96 пайызын жинап, жеңіске жеткен болатын. 

9 маусым күні дауыс беруге құқылы қазақстандықтардың бір бөлігі сайлау учаскелеріне қарай ағылса, бір бөлігі сайлауға байкот жариялап, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында рұқсат етілмеген митингке шықты. Митинг келесі күндері де жалғасты. Шерушілер бұл жолы сайлау қорытындысымен келіспейтінін айтты. Бірнеше қаладағы митингтер күшпен басылып, наразылық акциясына қатысқан мыңдаған адам ұсталды. Ұсталғандар арасында акциялар өткен орын маңында өз бетінше жүрген азаматтар, оқиғадан хабар таратқан бірнеше журналист, оның ішінде Қамшы тілшісі де бар.

Ішкі істер министрлігі 9-13 маусым күндері рұқсат етілмеген митинг кезінде 4 мыңға жуық азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оның 3 мыңы профилактикалық жұмыстан кейін босатылса, 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынып, 305-іне әкімшілік айыппұл салынған.

Президент Тоқаев 12 маусым күні ұлықтау рәсімінде азаматтарды билік пен қоғам диалогының дамуы қатты алаңдататынын айтып, ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды шешкенін хабарлады.

Тоқаев 14 маусымда америкалық The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында өзін "реформатормын" деп атап, наразылық акцияларында айтылған шағымдарға құлақ түрілетінін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда саяси реформасыз экономикалық реформалар алға баспайтынын мәлім етті. Президент осы мазмұндас сөздерді қыркүйекте жасаған жолдауында да айтты.

20 желтоқсан күні ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында саяси реформалардың алғашқы пакеті таныстырылып, ұзамай заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. Кейбір заңгерлер, саясаткерлер бейбіт жиындар, саяси партиялар туралы заң жобаларының мазмұны іс жүзінде бұрынғы заңнан айтарлықтай айырмашылығы жоқ екенін айтты. Бірқатар сарапшы қоғамдық талқылау кезінде білдірілген ұсыныстар ескерусіз қалғанына назар аударып, қоғамдық өмір үшін маңызды заңдардың карантин кезінде қабылданғанын сынға алды.

Парламент мақұлдап, сенат бекіткеннен кейін қоғам қарсылығына қарамастан президент Тоқаев 26 мамырда саяси партиялар туралы, сайлау туралы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңдарға қол қойды. Енді елде партия тіркеу үшін қажетті 40 мың қол 20 мыңға төмендетілді. Сайлау туралы заңға сәйкес, партиялық сайлау тізіміндегі адамдардың 30 пайызы міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар болуға тиіс. Митинг ұйымдастыруда ескерту қағидаты қабылданып, парламенттік оппозиция түсінігі енгізілді.

Қамшы тілшісі саяси реформалар жасауға бағытталған осындай заңдық қадамдар туралы бір жыл бұрын президент сайлауына түскен үміткерлерлердің не ойлайтынын сұрап көрді.

 

Тоқаевтан кейін сайлаушылар даусының басым көпшілігін (16,23%) жинаған Ұлт тағдыры ұйымының атына сайлауға түскен журналист Әміржан Қосанов "Тоқаев саяси реформа жасауда прагматикалық жолды таңдады" деп санайды.

 

– Кез келген саясаткер сайлау алдында сайлаушыларға өз бағдарламасын ұсынады. Бірі популизмге салынып, уәдені үйіп-төгеді. Екіншісі – қалыптасқан жағдай мен мемлекеттің, өзінің мүмкіншіліктеріне сай жоспар құрады. Меніңше, Тоқаев мырза екінші, прагматикалық жолға түсіп, сонымен келеді. Ол жария еткен реформалар тек қана саяси сипатта емес.

Бірақ 30 жыл бойына игерусіз келе жатқан дәл осы саяси өзгертулер алаңына қатысты бастамалар қоғамның белсенді бөлігінің екі түрлі бағалауына ұшырап жатқан да рас. Жұрттың бірі эволюциялық өзгертулерге түсіністікпен қараса, екінші бір бөлігі, яғни "өзгерістер мейлінше тез әрі радикалды болсын" деушілер, ол бастамаларға сын көзімен қарап жатыр. Бұл өзі заңды әрі объективті процесс деп санаймын, – дейді ол.

Әміржан Қосановтың пікірінше, митингілер мен партиялар туралы заңнамада біраз ілгерлеу бар болғанымен, оны одан сайын тереңдете түсу керек.

– Митинг туралы заңнаманы өзгертсе де, күні кеше тағы да қоғам үшін ешбір қаупі жоқ бейбіт тұрғындарды полиция шетінен тұтқындап жатыр. Ал сайлау туралы заңнама әлі де сол қалпында. Бірақ Тоқаев мырзаның бір жылдық кезеңі кезекті қаржы дағдарысы, коронавирус секілді күтпеген сындарға кезігіп жатыр. Мұның өзі қазіргі Қазақстанның дамуының тағы де бір ерекшелігін әрі кемшілігін тайға таңба басқандай, ап-анық етіп ашып берді.

Оның мәнісі мынада: президент тарапынан оң, позитивті, халықтың көңілінен шығып жатқан бастамалар баршылық, бірақ олардың нақты өмірде жүзеге асуы сын көтермейді. Оны презиенттің өзі де айтып жатыр. Яғни, өз шешімін таппаған мәселелер қоғамда одан сайын қордаланып барады. Сол себепті ел ішінде наразылық толастар емес. Оның үстіне бүгінде елдің билікке деген сыни көзқарасын, өз қарсылығын білдіре алатын құралдары көбейді: әлеуметтік желілер, наразылық акциялары белсенді азаматтардың мықты алаңына айналды. Ендігі жерде жаңа билік осы факторларды ескере отырып, жұмыс істемесе, іс насырға шабуы мүмкін. Ең бастысы, бұрынғы – бір адамға ғана бағынған авторитарлық басқару жүйесінің әбден тозығы жетті, ол заманауи талаптар мен трендтерге ілесе алмай, мүлдем жарамсыз боп қалды. Сондықтан да басқару жүйесін түбегейлі өзгерту, яғни демократияландыру мақсаты мейлінше өзекті болып жатыр, – дейді журналист.

Сайлауда 5,05 пайыз дауыс алған экс-кандидат, "Ақжол" партиясының мүшесі, парламент мәжілісінің депутаты Дания Еспаева шаруасының қауырт болуы себепті Қамшы тілшісіне пікір білдіре алмайтынын айтты.

 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Ауыл партиясынан ұсынылған кандидат Төлеутай Рахымбеков (3,04 пайыз дауыс) "елдегі мәселелерді қоғам тыныштығын бұзбай шешкен маңызды, соңғы жылда болып жатқан саяси өзгерістерге қарай бетбұру – сол үдеден шығып отыр" деген пікірде.

 

– Елдегі таңдап алынған бағыт, атқарылып жатқан жұмыс өте дұрыс деп есептеймін. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде ол жақта істелініп жатқан шаруаны, ұсынылған саяси реформалардың қандай талқылаудан өткенін бір кісідей білем. Кеңес жұмысы, оның маңызы туралы әртүрлі пікір бар. "Партия тіркеу үшін қажетті қол неге 20 мың, неге 10 мың емес, 500 емес?", "Парламенттегі әйелдер мен жастардың үлесі неге 50 пайыз емес, 30 пайыз?" деген сияқты пікірлердің айтылып жатқанын көріп, естіп жүрміз. Мұндай дискуссия жұмыс тобының ішінде де болды. Бұл шешімдердің өзі үлкен прогресс деп есептеймін. Кезінде партияны тіркеу үшін 40 мың қол сұралатын, енді міне, 20 мыңға дейін түсті. Мүмкін болашақта 10 мыңға дейін түсер. Қазақта "асықпаған арбамен қоян алар" деген сөз бар ғой. Көрейік. Кейбіреулер "төменгі шек 1000 қолға дейін азайтылса, партия құрып алар едім" дейді. Ал төмендеттік делік. Сонда 200 партия құрып алғанда не пайда? Партия деген саяси мақсаттар қоятын қоғам бірлестіктерінің бір түрі ғой. Ол – үлкен жауапкершілік. Сондықтан көп жеңілдіктер бола бергеуге тиіс деп есептеймін, – деп атап өтті ұлттық кеңес мүшесі.

Экс-кандидат кез келген мәселені бейбіт шешу керектігіне мән берді.

– Бейбіт шерулер туралы түрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар ғой. Біреу шерулетіп жатса, ол екінші адамға ұнамауы мүмкін. Мәселен, біреулер алаңға бала-шағасымен демалуға келсе, ол жерде әлдекімдер митинг өткізіп жатады. Екі адам болған соң екітүрлі көзқарас бар ғой. Сондықтан осындай сәттерде қоғамдық балансты табу қиын шаруа. Отан – отбасынан басталады деп жатамыз. Әр отбасында екіжақты көзқарас болып тұрады. Соны шашау шығармай, ыдыс-аяқты сылдырлатпай шешу өте маңызды. Мемлекет те солай. Түрлі ұстаным, проблема болуы мүмкін, бірақ бастысы ыдыс-аяқты сылдырлатпай шеше білу қажет, – деді ол.

Төлеутай Рахымбеков ұлттық кеңестің үшінші отырысында мәселелер сала-сала бойынша қаралғанын еске салды.

– Келешегін ойлаған мемлекет білім, ғылым мен денсаулықты ойлауы керек. Ұсыныстарды білдірген кезде жан-жақты қарастырға жөн. Бюджет жағдайы қалай, оған қоғам дайын ба дегендей. Көбі АҚШ-ты, Кувейтті, Жапонияны мысалға келтіріп жатады. Өз жағдайымызды, менталитетімізді есепке алуымыз керек, – деді ұлттық кеңес мүшесі.

 

Саяси додаға кәсіподақ федерациясынан түскен Амангелді Таспихов сайлаушылар даусының 1,98 пайызын иеленген. Ол бүгінде үлкен саясаттан кетіп, жеке сектор – мұнай саласында жүр. Экс-үміткер "1 жылда қолға алынған саяси реформаларды бұдан да жылдамырақ, бұдан да тереңірек жасауға болар еді" деген ойда.

 

– Ұлттық кеңес жұмысының нәтижесін көре алмай отырмыз. Айтылды-айтылды, бірақ жүзеге асырылуы шамалы болып тұр. Қабылданған заңдар әлде де халықаралық нормаларға сәйкес келмейді. Соларды жетілдіре түсу керек еді. Мемлекеттік қызметкерлер саны көп елдердің біріміз. Осы бағытта жұмыс жүргізіліп, мемқызметкерлерді қысқарту керек. Аты бар да заты жоқ, мемлекет қаржысын жұмсауды ғана білетін квазимемлекеттік мекемелерді әлдеқашан құрту керек еді. Ұлттық қордағы ақшаның жұмсалуы ашық емес, ол жердегі қаржы қанша, ол алтынмен сақталған ба, басқалай ма деген секілді сансыз сұрақтардың жауабы ашып айтылмайды. Президентке де, үкімет басшысына да ашықтық принципі жетіспейді. Олар елдің алдына жиірек шығып, жағдайды түсіндіріп, қолда бар мүмкіндіктерді айтып отыруға тиіс, – дейді Амангелді Таспихов.

Оның сөзінше, парламенттік оппозиция түсінігі, парламентте әйелдер мен жастарға орын беру секілді қадамдар – саяси реформа емес, имитация жасау.

Қазақстан коммунистік халық партиясынан ұсынылған мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековпен (1,82%) тілдесудің сәті түспеді. Өзінің жеке телефоны сөндірулі. Қамшы тілшісі партияның баспасөз қызметіне хабарласқанында тұтқаны көтерген қызметкер аппарат басшына сілтеді. Аппарат басшысы өз кезегінде депутаттың көмекшісіне хабарласу керектігін айтты. Депутат көмекшісінің жұмыс телефонына қоңырау барып тұрғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді. Бірнеше рет шалынған қоңыраулар сәтсіз аяқталды.

 

Республикалық Ұлы дала қырандары қозғалысынан сайлауға (0,92 пайыз дауыс) түскен, бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық "Антикор" орталығы Штабының басшысы Сәдібек Түгел соңғы жылда елде болған өзгерістерге оң қабақ танытанынын, о бастан президент Тоқаевты қолдағанын айтты.

 

Ол "саяси өзгеріс бір күнде орнай қалмайды, алайда елде өзгеріске бастар істердің алғышарттары толықтай жасалған" деп санайды.

Экс-кандидат президенттің кредиттік амнистияны жасауы мен қазақ тілін дамыту туралы айтқан бастамалары ерекше атап өтерлік жайт екенін айтты.

– Сізге бір оқиғаны айтайын. Алматыдан астанаға пойызбен қайтып келе жатқанмын. Вагондағы 4 адамның бірі жас келіншек еді. 3-4 жастағы мүгедек баласы болатын. Емге деп кредит алған екен. Сол келіншек президенттің кредиттік амнистиясына ілініп, қарызынан құтылыпты. Соны айтып, ебіл-дебіл жылап, "мемлекет басшысы бар екен ғой", "үкімет бар екен ғой" деп ризашылығын білдірді. Бұл – бір ғана мысал. Ал мұндай мысалдар жетіп артылады. Аталмыш игі іс қарапайым азаматтарымызға үлкен көмек болды, – дейді Сәдібек Түгел.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір