Бұған дейін Ratel.kz сайты елдің Бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріп, Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевке шыққан үкімді қайта қарауды сұрағанын жазған.
"Бас прокуратура Рысқалиевтер мемлекет мүлкін қылмыстық жолмен талан-таражға салғаны үшін олардың мүлкі заңды түрде тәркіленді. Бұған қоса, тәркілеу кезінде олардың әйелдері мен туысқандары зардап шегіп, мүлкінен заңсыз айырылған деп санайды" деп жазды Ratel.kz сайты.
Азаттық радиосына пікір берген Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Бас прокуратураның шағымымен Жоғарғы сот келіскенін растады.
– 16 маусым күні Бас прокуратураның кассациялық шағымын Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, толық көлемде қанағаттандырды. Сот актісі әлі дайындалып жатыр. Процестік заңнама бойынша сот актісі 5 күн ішінде әзірленеді. Сот актісі сот кабинеті сервисіне салынады. Сол жерден танысуға болады, – деді ол.
Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға жалғасты. 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.
Пікір қалдыру
пікір