Ашық дереккөз
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп "Qazaqstan" телеарнасындағы "Ашық алаң" бағдарламасында "коронавирус жоқ" дейтін азаматтарды сынға алды.
"Халық сенбесін. Сенбеңіздер! Вирус жоқ. Ертең сіздерге орын да қалмайды, содан соң сіздерді жерлейміз. Ашық айтқанда жағдай осындай. Біз сіздерді жерлейміз! Мен ресми өкіл ретінде айтарым, вирусқа сенбеңіздер. Мұның бәрі ойдан шығарылған. Қазір мамандар да ауруханаларда орын жоқ екенін айтты ғой. Алдағы уақытта орын қалмайды. Ал сіздер ауырасыздар, сосын көз жұмасыздар. Болды" деді Диас Ахметшәріп.
Әлеуметтік желіде Диас Ахметшәріптің бағдарламада айтқанын "қызметтік этикаға жат" деп сынап жатқандар да бар.
"Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің сарказммен айтқан "Сенбесеңіздер, вирус жоқ. Сіздерге орын жетпейді. Сосын біз сіздерді жерлейміз" деген фразасын естіп ойландым.
Жарайды, егер ақпараттандыру жұмысын тікелей эфирде жүргізуге біліктілігі жетіспесе, салық төлеушілер есебінен жалақысын алып отырып адаммен адам құсап сөйлеуге адамдығы жетпесе, онда мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы ережесі бар ғой десем...
Қазақстан Республикасы президентінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 328 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы ережелері күшін жойыпты" деп жазды белсенді Белла Орынбетова өзінің facebook парақшасына.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір