• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:33:14
Алматы
+12°

27 Қыркүйек, 2013 NEWS

Бауыржан Байбек: «Нұр Отан» билік партиясы емес, билеуші партия, халықтың партиясы

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Жас Қазақ» газетіне берген сұхбатында елдің бас партиясы жайында біраз дүниенің шетін...

   «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Жас Қазақ» газетіне берген сұхбатында елдің бас партиясы жайында біраз дүниенің шетін шығарыпты. Біз осы сұхбатты ықшамдап ұсынып отырмыз.   Жас қазақ: Жыл басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары атандыңыз. Осы аралықта партияның қызметінде, ұйымның бағыт-бағдарында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды деп айтуға негіз бар ма? Б.Байбек: Бүгінде еліміз өзінің даму жолында өркендеу кезеңіне, жаңғыру белесіне аяқ басты. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдады. Мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту жолында ауқымды шаруа қолға алынып жатыр. Тұңғыш рет жергілікті әкімдер сайланды. Енді билік халықтың алдында есепті. Мұны саяси реформадағы ірі жетістік деп бағалаған жөн. Әрине, мұның барлығы кезең-кезең бойынша бірегей жүйенің ізімен атқарылып жатқан сындарлы саясат. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік саясаттың орынды жүргізілуі үшін қоғамдық бақылауды күшейтуде. Өйткені, біз, ең алдымен халықтың мүддесін көздейміз. Соңғы парламент сайлауында дауыс берушілердің 80 пайыздан астамының қолдауына ие болған «Нұр Отан» билік партиясы емес, билеуші партия, халықтың партиясы. Яғни біз халықтың атынан парламентте фракцияны құрып, билік орындарында қатысты бақылауды күшейтеміз. Билік партиясы мен билеуші партияның айырмашылығы осында. Түйіндеп айтқанда, біз биліктің мәселесін шешпейміз, халықтың жоғын жоқтаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, партияда бірқатар ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды деуге толық негіз бар. «Нұр Отан» өз қызметін жариялылық пен тиімділік, есеп пен бақылау, талап пен жауапкершілік сынды қағидаларға арқа сүйеп, қайта құруда. Біз жұмысымызды, ең алдымен, аймақтардан бастадық. Өзім елдің түкпір-түкпіріне, алыстағы ауыл-аймаққа барып, жұрттың мұң-мұқтажымен танысып қайттым. Көпшілікпен кездестім. Шынын айту керек, кей жерлерде «Біздің партияның құндылықтары қандай? Партия халыққа не үшін керек?» – деген сауалға кейбір партия мүшелері жауап бере алмай жатты. Демек, қалың бұқара арасындағы жұмысты пәрменді ету көкейкесті міндетіміз. Қазір аймақтардағы жұмысты күшейтіп, материалды-техникалық базасын жетілдірудеміз. Орталық аппарат шығындарын қысқарту есебінен филиал қызметкерлерінің жалақысын 15%-ға көбейттік. Кадр сапасына айрықша назар аударып, нағыз кәсіби маманды  іріктеуге күш салып жатырмыз. Оның біліктілігін жетілдіреміз. Яғни партия білімді де бейімді, мықты да мығым маманға «әлеуметтік саты» болуға тиіс. Партия жанында саяси менеджмент мектебі бар. Бүгінгі таңда партияның 200 мыңнан астам мүшесін қамтитын бастауыш партия ұйымдарының 400-ден аса өкілі біліктілік дәрісін алды. Атқарылған ауқымды әрі маңызды жұмысымыздың бірегейі ретінде Елбасы, партиямыздың лидері Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен партияның жаңа саяси Доктринасының дайындалғанын айтқан абзал. Жас қазақ: Партия билік пен халық арасындаға көпір немесе дәнекер болып табылады. Ашығын айту керек, кейбір әкімдердің, қайсыбір басшылардың өздерін сол аумақтың жалғыз қожайыны ретінде ұстайтыны, заңды белден басатыны жасырын емес. Мұны дәлелдейтін деректер де жеткілікті. Осы тұрғыдан алғанда, партияның бақылау комиссиясының өкілеттілігі жеткілікті деңгейде деп есептейсіз бе? Б.Байбек: Өте орынды сұрақ. Біз елмен етене жақын араласып, қоғамдық қабылдау бөлмелері, «партия бастауыш ұйымдары» арқылы жұртшылықтың тыныс-тіршілігінен әрдайым хабардармыз. Әрі халықтың бұл тұрғыда сенімі артып келеді деп толық айтуға болады. Айталық, еліміз бойынша жұмыс істейтін 300-ден аса қоғамдық қабылдауға келген арыз-шағымдардың саны екі есеге жуық ұлғайған. Мәжіліс пен барлық мәслихаттардағы біздің фракция депутаттарының, партиялық бақылау бекеті, сыбайлас жемқорлық жөніндегі кеңес қызметінің маңыздылығы өседі. Бұл дегеніңіз – мемлекеттік қызметкердің халықпен етене жақын сөйлесіп, жылы қабылдап, «әкесінен қалған орын» ретінде қарамай, бұқараға қызмет ету деп қабылдауы үшін жасалып жатқан дүниелер. Партия – үлкен әрі күрделі механизм. Оның фракцияларда депутаттары, өкілетті органдарда, саяси кеңес, бюро мүшелері бар. Әрбір мүшесінің өз ой-пікірі, көзқарасы бар. Олардың бәрі бір-бірін бақылап, жариялылық, есеп беру қағидасы негізінде жұмыс істеу керек. Сол себепті, біз тазалықты, ашықтық пен есеп беруді, жауапкершілік пен талап қоюды алдымен өзімізден бастаймыз. Нақты мәлімет келтірсек, биылдың өзінде сыбайлас жемқорлық санатындағы іс-әрекеті үшін партия қатарынан шығарылғандар саны 4 есеге өсіп, 200-ден астам мүшені құрады. Олардың қатарында Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бұрынғы облыс, қала әкімдері мен әкім орынбасарлары да бар. Дәл осылай мүшелік төлемақыны төлемегені үшін де партия мүшелерінің 1 пайызға жуығы, яғни 12 мыңдай адам жыл сайын партиядан шығарылады. Бұған қоса, қазіргі заман талабына сай, қалаған жанға қолжетімді «Электронды партия» жүйесін енгізу ісін аяқтап келеміз. Ол әрбір аймақтардағы арыз-шағымның барынша оңтайлы қаралып, тиімді шешілуі үшін жасалып отыр. Әрбір өңірден келіп түскен кез келген арыз, мейлі ол партияның белсенді мүшесінің үстінен түскен немесе белгілі бір қиын әлеуметтік жағдайға қатысты болсын, осы орталықтан көрініп, өңірлердегі ахуал, қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе, сондай-ақ жергілікті жерде шешімін таппаған мәселені республика көлемінде түбегейлі қарастыруға септігін тигізеді. Жас қазақ: Жемқорлық қоғамның өзегіне түскен жегіқұртқа айналды. Әсіресе, қазына қаржысын талан-таражға салу, парақорлық тыйылмай тұр. Рас, партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі талай былықтың бетін ашты. Жемқорлықты жою үшін алдағы уақытта қандай іс-әрекетке жүгінбекшісіздер. Өзге елдердегі партиялардың бұл істегі тәжірибесі ескеріле ме? Б.Байбек: Әрине, ескерілді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу тек мемлекеттің, партияның ғана еншісінде емес, ол барша халықтың міндеті. Жемқорлық әдетте екі адамның қарым-қатынасына кеп тіреледі. Яғни біреуі пара алады, екіншісі ақша береді. Қарапайым мысал. Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер немесе сессия тапсыратын студент емтиханға дайындалғаннан гөрі ақшаны жинауды жөн көреді. Не болмаса, полиция қызметкері жол ережесі бұзылған соң барып, жүргізушіні тоқтатып жатады. Яғни алдын алмайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, негізгі  мәселе - халықтың арасында жемқорлыққа қарсы  менталитетті қалыптастыру қажет. Екіншіден, үгіт пен насихатты күшейтіп, түсіндіру қажет. Жастар сапалы білім алып, білікті маман болуы үшін  жақсы оқуы тиіс. Ақшаға сатып алған біліммен ұзаққа бара алмайсың. Бәлкім, ағаң, көкең  көмектесер. Бірақ біліксіз маман бір жерде ұзақ тұрақтамайды. Себебі заман өзгеріп, талап күшейіп келеді. «Нұр Отан» жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жұмысының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деректері ашық, жариялы түрде қаралып,  халықтың жан-жақты талқысына түсті. Қазіргі таңда, партияның Парламенттегі фракциясы депутаттары осы келелі де күрделі мәселені жүйелі түрде жаңа деңгейде шешуі үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын әзірледі. Сонымен бірге партия қатарының таза болуы мен партия ішіндегі тәртіптің сақталуы – партия органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде баса назар аударып жатырмыз. Егер осыған сәйкес келмесе, қандай да қызметте болсын, партиядан шығарылатын болады. Жас қазақ: Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіңізге «Тіл жанашыры» номинациясының берілуі сондықтан болар? «Болашақ» қауымдастығының төрағасы ретінде бастама көтеріп, осы жобаларды жүзеге асырғандығыңыз үшін бе? Б.Байбек: Иә, дәл солай. Тұңғыш рет Елбасы саясатының, мемлекетімізді сырт елдің танып, біздің ел болып, абыройымыздың асқақтауының арқасында Голливуд бізді таныды. Дүниежүзі бойынша 7 мыңнан аса тіл бар. Алайда Голливудтың ең танымал фильмдері аударылған небәрі 7 тілдің қатарына қазір қазақ тілі қосылды. Сол арқылы, ана тілімізді шетелге танытып, қазақ тілін білмейтіндердің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз. Сонымен қатар бүгінде «Нұр Отан» партиясы атынан «Батырлар» атты қазақ халқының аты аңызға айналған қайсар батырлары туралы анимациялық мульт­сериал шығаруға партия тарапынан қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінде тек тіліміз ғана емес, ұлттық спорт түрлерін дамытып, төл мәдениетімізді жаңғыртуға партия тарапынан ден қойылды. Мысал ретінде қазір еліміздің ауыл-аймақтарының барлығына тегіс танымал болған «Қазақстан Барысы» жобасын келтіре кетуге болады. Сонымен қатар осы кеше ғана халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған Көкпардан I ашық Азия чемпионатын атар едім. Бүркітшілер арасында да тартысты ойын өткізу жоспарланған. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын барша қазақ халқы үшін басты жақсы жаңалығымыз жақында, партия съезі қарсаңында дүбірлі айтыстың өтетіндігі. Онда тек айтыс қана емес, термешілер, жазба ақындар қатысып өнерлерін ортаға салады. Осы жұмыстардың барлығы Доктринада аталған отбасының берекелі болуы, ел ынтымағы, дәстүрдің сабақтастығы негізінде жасалып отыр. Демек, «Нұр Отан» халықтың партиясы болғандықтан ел мүддесін қолдап, ұлттық құндылықтарды қорғайды. Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан, Срайыл Смайыл

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір