30 Маусым, 2020 NEWS
The Mirror
Ұлыбританиялық зерттеушілер динозаврларды жер бетінен жойып жіберген жанартаулар емес, қайта Жер шарына соғылған астероид екенін анықтаған. Жерге алып астероид құлаған соң, динозаврлардың тұқымы құрып, нәтижесінде адамзаттың Жер шарын иелеуіне қолайлы жағдай пайда болған. Бұл туралы Қамшы тілшісі британиялық The Mirror газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
"66 миллион жыл бұрын Мексиканың жағалауларында Жерге құлаған астероид құсқа айналған түрлерден басқа барлық динозаврларды жойып жіберді" деген пікір бар.
Ал кейбір зерттеушілер "үлкен жанартаулардың атқылауы динозарлардың жойылуының нақты себебі болуы мүмкін" деп болжайды.
Алайда Лондонның императорлық колледжі, Бристоль Университеті және Лондон Университеті Колледжінің зерттеушілері тек астероид соққысы ғана планетада динозаврлар үшін өмір сүруге қолайсыз жағдай жасай алатынын дәлелдеді.
Лондон императорлық колледжіндегі жетекші зерттеуші доктор Алессандро Чиаренза: "Біз астероидтің ондаған жылдар бойы мұздық дәуір туғызатынын және осы экологиялық әсерлер динозаврлар үшін қолайлы ортаны азайтқанын анықтадық. Ал қарқынды жанартаудың атқылауы керісінше жаһандық экожүйені бұзатындай күшті болмаған... Біздің зерттеуіміз бойынша, сандық тұрғыдан алғанда, динозаврлардың тұқымы құрып кетуінің жалғыз нақты түсіндірмесі – бүкіл әлемде олар мекендейтін жерлер қыстың әсерінен жойылған" дейді.
Астероидтың немесе вулканизмнің климатты өзгертетін күші бар-жоғын анықтау үшін зерттеушілер әдеттегідей климаттың геологиялық белгілерін және математикалық модельдерді қолданды.
Жаңа зерттеуде олар осы әдістерді біріктіріп, динозаврдың әр түрінің өркендеуі үшін қандай экологиялық факторлар, мысалы, жауын-шашын мен температура қажет екенін зерттеген.
Содан кейін олар астероид соққысынан немесе жаппай вулканизмнен кейін әлемде мұндай жағдайлар болатынын картаға түсіріп, тек астероид соққысы динозаврлардың барлық мекендейтін жерлерін құртып жіберетінін анықтаған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір