• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 10:53:34
Алматы
+12°

Белгілі режиссер, Қазақстан Кинематографистер Одағының төрағасы Ермек Тұрсынов facebook парақшасында қазақ кинематографистері арасындағы заңсыздықтар мен жемқорлық әрекеттер туралы, Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы қыруар қаржыны өз адамдарына беріп отырғаны жайлы "ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?" атты жазба жариялады. Режиссер жазбасының толық нұсқасы төменде ұсынылған.

ПРЕЗИДЕНТПЕН КЕЛІСЕТІН МӘСЕЛЕМ ҚАЙСЫ?

Бұл толғанысымды басуға тәуекел ететін басылым шыға қоймас, сол себепті ешкімге салмақ салмастан, осында – өз парақшама жариялайын деп шештім. Көшіріп басам деушілер болса – мархамат. Қарсы емеспін. Түптеп келгенде, бұл бәрімізге де қатысты нәрсе. Осында тұратын және болашағын Қазақстанмен байланыстыратындардың бәріне.

Бұл жолғы айтпағым не? Айтар сөзді президенттің өзі тауып берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – шын жүректен құрметтейтін, бағалайтын адамым – өз сөзінің бірінде, өкінішке қарай, кинематографистер ортасында «дау күшейіп», оның «ішкі айтыс-тартысқа әбден бөккенін» айтты. Президенттің бұл сөзімен толық келісемін. Даудың «күшейгені» де, ортаның «айтыс-тартысқа бөккені» де рас. Бірақ түсіндіре кеткенді жөн санаймын – неге «күшейді», неге «бөкті»? «Дау-дамайдың» себептерін президент спричрайтерлері біле бермесе керек. Сондықтан, нақты деректерге сүйене отырып, бірнеше мысал келтірейін (бұл деректер құпия емес, екінің бірі ашып көре алады). Сонда тек Қасым-Жомарт Кемелұлы ғана емес, осы жайттан бейхабар жанның бәрі де мәселенің жай-жапсарын түсінер деген үміттемін.

— 2019 жылдың 1 қарашасы күні НАО ГЦПНК (Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы) мемлекеттік сатып алу порталында «Евразия Фильмпродакшн» ЖШС-імен (атап айтқанда, оның директоры Ахметғалиев Нұрлан Болатұлымен) 69-номерлі шарт жасасып, қол қойысты. Орталық төрайымының және аталған ЖШС директорының әкелерінің атының сәйкес келуі кездейсоқ емес. Бұл – Гүлнара Болатқызы Сәрсенованың туған бауыры. Шарт 380 млн. теңгеге жасалған. Ақша бөлінген. Ескерте кететін бір жайт: «Нартай» жобасының режиссері де, продюсері де – Сәрсенованың өзі.

Бұл жерде мемлекеттік қызметкер этикасына томпақ келетін бір кілтипан бар. Турасын айтқанда, Сәрсенова ханым не өздігінен бас тартып, жеке жобасымен ғана айналысуы керек еді, не жобаны біржола қойып, орталық төрайымының қызметін ғана атқаруы керек еді. Ол мұның екеуін де жасаған жоқ. Мейлі, ол жағын Сәрсенова ханымның арына қалдырайық.

Әрі қарай кеттік.

— 2019 жылдың 10 желтоқсанында, құжат бойынша, шарт орындалған. Есеп жіберілген. Ақша сәтімен игерілген. Алайда мұнда да бәрі мүлтіксіз емес.

Ертесіне, «Евразия» ЖШС шотына ақша түскен соң, 347,5 млн теңге Гүлнара Болатқызының жеке шотына аударылған. Және «қаржылай көмектің қайтарымы» деген уәжбен аударылған. Әйтпесе бұл нақты мақсатқа жұмсалуға тиіс ақша еді. Ескертіп өтейін, бұл – бюджеттің ақшасы болатын. Бұған қарамастан, жіберілген есепті министрлік ешбір сұраусыз қабылдап алған.

Одан әрі жылжиық.

— Биылғы 25 мамырда Сәрсенова БАҚ бетінде жалынды үндеу жариялады. Онда тарихымыздағы осындай ауыр кезеңде елдің патриоты болған жөн екенін айта келіп, 380 млн теңгені ашық түрде кері қайтарған. Біраз уақыттан кейін Гүлнара Болатқызы, сірә, патриоттық сезімі өршіп тұрса керек, әлгі 380 млн-ға тағы 40 миллионды қосыпты...

Осы бір «атымтай жомарттықтың» ар жағында әлдебір сыр жатқанын ішкі түйсікпен сездім. Шынында да, солай боп шықты. Сөйтсек, сыбайлас жеморлыққа қарсы күрес комитеті Г.Б.Сәрсенованың үстінен қылмыстық іс қозғапты. Алайда Гүлнара Болатқызы бұл туралы ләм деп ауыз ашқан жоқ. Комитет қызметкерлері оны тергеуге шақырып, күтіп отырғанда, ол асқан сұңғылалық танытып, ауруханаға жата қалды, тәжірибелі адвокаттары «пәлелі ақшаны қайтарып құтылғаныңыз дұрыс» деп ақыл қосты. Сәрсенова бұған құлақ асты да, бүкіл елге жар салып, әлгі ақшадан әдемі құтылмақ болды.

Жалғастырамыз.

— 2019 жылдың 1 қарашасында НАО ГЦПНК мен «Bozokfilm» ЖШС арасында 71-номерлі мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалды. «Bozokfilm» жағынан шартқа Навкеева Айнура қол қойды. Шарттың сомасы 109 млн теңге. Кейінірек, 2020 жылдың 18 сәуірінде осы қатысушылар арасында мемлекеттік сатып алу туралы 39-номерлі қосымша шарт жасалды. Сомасы 644 608 150 теңге.

Мұндағы кілтипан неде? Мынада: Навкеева Айнура Бейімбетқызы – НАО ГЦПНК төрағасының орынбасары Айдархан Әділбаевтың әйелі. Бұған қоса «Bozokfilm» мердігерлерінің қатарында сол Әділбаевтың өзіне тиесілі «Канайдар» компаниясы да жүр.

Әрі қарай кеттік.

— 2019 жылдың 2 қарашасында НАО ГЦПНК мен «Сатай фильм» компаниясы арасында сомасы 500 млн теңге болатын 72-номерлі шарт жасалған. Бұл – «Боксер» жобасы. Ал сол жылдың 7 желтоқсанында «Сатай фильм» әлгі 500 млн-ның есебін беріп те үлгерген. Сонда бір айға да жетпейтін уақытта аталған компания бүкіл бюджетті игеріп тастаған ба? Оның үстіне, ақша, әдетте, бірден, сол күні аударыла салмайды ғой. Тәжірибелі киногер ретінде ашық мәлімдеймін: бұл мүлде мүмкін емес шаруа. Осынша ақшаны аз уақыт ішінде игеру ақылға сыймайды. Мұны кәсіби мамандар жақсы түсінеді.

Алайда сол жылдың 20 желтоқсаны күні әлгі шартқа қосымша 22 млн 885 мың теңгеге келісім жасалған. Сол баяғы «Боксер» жобасы үшін.

Одан әрі жылжиық.

— 2019 жылдың 20 желтоқсанында «Атлас интертейнмент» ЖШС-мен сомасы 20 млн теңге болатын 87-номерлі шарт жасалған. Неге екені белгісіз, порталда, Киноны қолдау орталығының парақшасында бұл шартқа әлгі «Боксердің» шығын лимиті мен техникалық спецификациясы қыстырыла қалыпты. Қалайша бұлай болғанын түсіндіре алмаймын. Мұның артында да жұмбақ әрі күмәнді әлдене бар.

— 2019 жылдың 1 қарашасында «Танарис продакшн» ЖШС-мен, директоры С.Ж.Әзімовпен 75-номерлі шарт жасалған. Сомасы 20 млн. 822 мың 545 теңге. Жобаның атауы – «Ұстаздың оралуы». Есеп 2019 жылдың 7 желтоқсанында-ақ жіберіліп қойылған, ал фильмнің өзі – жоқ. Түсірілмеген. Жалпы, бұл Сергей Жұмабайұлына әбден тән жайт. Есімде, 2018 жылы ол «Оралхан Бөкей» деректі фильміне 19 млн. 943 мың теңге алған болатын. Қаржының жұмсалу есебін министрлік қабылдап алды, ал фильмді көрген адам жоқ.

Жалғастырамыз.

— 2019 жылдың 28 қазанында НАО ГЦПНК мен «Баяхметов К» ИП арасында сомасы 16 млн. 560 мың теңге болатын 68-номерлі шарт жасалған және 2020 жылдың 23 қаңтарында 2-номерлі тап осындай шарт 66 млн. 240 мың теңгеге сол Баяхметовпен жасалған. Бұл шарт ГЦПНК орналасқан офисті жалдау үшін жасалған. Сырттай қарағанда мұнда тұрған да ештеңе жоқ болуы мүмкін, бірақ азамат Баяхметов К. – Гүлнара Болатқызының жеке жүргізушісі. Жалпы, 36 адамдық офисті жалдау үшін жылына 66 млн. төлеу де, меніңше, тым артық секілді...

Енді Ұлттық киноны қолдау орталығы қызметкерлерінің еңбекақысы жөнінде бір ауыз сөз.

Мәселен, орталық төрайымының кеңесшісі Анна Качконың (шетел азаматшасы) жалақысы – айына 6 млн. 300 мың теңге. Жалақы мөлшерінің әрқилы болуы мүмкін екенімен келісемін. Әрине, маманның еңбегі сол жалақыға сай болса ғана. Егер Анна Качко, айталық, Стивен Спилберг болса, оның ақыл-кеңесі үшін мен бұдан да көп төлер едім. Алайда Анна Качко Спилберг болмағандықтан, көкейімде көп сұрақ туындайды.

Түптеп келгенде айтарым:

МВК (ведомствоаралық комиссия) төрайымы болып мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова отыр. Фильмді өндіріске жіберу туралы ақырғы шешімге министр қол қояды. «Министрдің Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметіне деген осыншама бейілді көзқарасына не себеп? Қордың жіберген есептері неге тез қабылданады?» деген сұрақтар басыма талай рет келді. Сөйтсем, мұның да себебі бар екен. «Нартай» жобасының композиторы қазіргі Мәдениет және спорт министрі А.Р.Райымқұлова болып шықты.

Енді.

Осы мәселенің астарында біз білмейтін талай сыр бар деп болжауға, оның жай-жапсарын сұрауға, ол сауалдарды ең жоғарғы жаққа – мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлына жолдауға хақым бар ма, жоқ па? Бар деп ойлаймын. Егер менің осы жазбада үстірт қана айтып өткендерім қылмыс болмаса, қылмыс деген не сонда? Егер бұл сыбайлас жемқорлық болмаса, онда не?

Айтпақшы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті қылмыстық іс қозғады. Оны ешкім жапқан жоқ. Тергеу-тексеру жалғасуда. Анықталып жатқан жайттардан адам шошиды. Бірақ Ұлттық киноны қолдау орталығындағы адамдар түк болмағандай өз орындарында жұмыстарын жалғастырып отыр. Мұны қалай түсінеміз?

Осыған орай айтпағым не?

Егер билік киногерлердің сөзін тыңдамай, уәжіне құлақ аспай, маңызды орындарға мүлде кездейсоқ адамдарды тағайындауды жалғастыра берсе, кино қоғамдастығы «ішкі айтыс-тартысқа бөге түсіп», әрі қарай да «даудан» көз ашпайтын болады. Сондықтан да мен Райымқұлованың, Сәрсенованың, Сейітованың, Әділбаевтың және тағы басқалардың тағайындалуы сыбайлас жемқорлықты өршітіп қана қоймайды, бүкіл Қазақстан мәдениетіне зиян келтіреді деп есептеймін. Билік менің осы сөздерімді ескеріп, одан қорытынды шығармайынша бұл пікірімнен қайтпаймын. Осындай қателіктерді болдырмау керектігі жөнінде, әйтпесе жемқорлық қаупінің зор екені туралы мен Президент маңайындағы жауапты адамдарға «мың-мильон» рет айтқанмын да. Бірақ сөзіме құлақ асқан жан болмады. Амал жоқ, мәселені бүкіл қоғам алдына шығарып, «көрдіңіздер ме, ақыры не болғанын?» деп ашық айтуға мәжбүрмін. Расында да, Президент киноқоғамдастықты айыптаса, киноқоғамдастық осы сауалдарды Президентке қоюға хақылы. Салдар деген бар, себеп деген бар. Себеп – кадр саясатында жатыр. Әділ іріктей алмауда жатыр. Арамшөп егіп алып, раушангүл өсіп шығады деп күту – ақымақтық.

Енді не істейміз?

Біріншіден, осының бәріне тоқтау салу керек. Еш ақылға сыймайтын жайттар болып жатыр. Киноқоғамдастық бәрін көріп-біліп, бірақ аңысын аңдып қана, үнсіз отыр, ал билік ештеңе жасамайды.

Екіншіден, меніңше, питчинг нәтижелерін жойып, өтінімдерді қайта қарау қажет. Және оны басқа сарапшылар кеңесі қарауға тиіс. Қазіргі кеңес Ұлттық киноны қолдау орталығы басшыларының «бұлыңғыр» әрекеттерінің жетегінде кетіп, өз қауқарсыздығын танытты.

Сарапшылар кеңесіне тек кәсіби мамандарды ғана емес, нағыз әділ, принципті адамдарды да тарту керек. Жай әншейін қара көбейтіп отырғандар әділ төрелік ете алмайды. Орталық басшылығының мәдениет министрінің рұқсатымен «тықпалап өткізген» солақай шешімдеріне белгілі бір дәрежеде сондай жігерсіз сарапшылар да кінәлі.

Мен Орталықтың қазіргі басшылығы бүкіл құрамымен орнынан кетуге тиіс деп есептеймін.

Мен питчинг нәтижелерін жоюмен бірге, бүкіл ұсынылған өтінімдерді қайта қарау керек деп есептеймін, өйткені талай нағыз мықты жобалар сырт қалып қойды. Шешуші кезеңге мүлде түсініксіз біраз нашар картиналар өтіп кетті. Кейбір жобалар финалға тіпті сарапшылар кеңесін айналып өтті. Яғни, көп нәрсе сарапшылар бас қосқан кабинетте емес, мүлде басқа кабинеттерде шешілді. Ақырында сарапшылар кеңесінде шешуші дауыс жоқ болып шықты. Ол тек кеңес берумен немесе пікір қосумен шектеледі. «Кеңесі» мен «пікірі» еш ескерілмесе, ондай кеңестің керегі не?

Әрі қарай кеттік...

Жалғасы бар...

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір