• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 14:08:20
Алматы
+7°

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дәрі-дәрмекті қымбаттатқандарға қатысты пікір білдірді. Мүфтидің видеоүндеуі ҚМДБ Youtube каналында жарияланды.

– Асыл дінімізде қажет уақытта керек көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғысын алайық. Дәрі бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей, жақсылық жасауға асығайық. Ал жұртымызды жұқпалы індеттен арашалап алуға бар күшін жұмсап, жән-тәнімен қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға жылы сөзімізді арнап, жігерін оятайық. Олар үшін әрдайым дұғада болайық, – деді ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфти көптеген азаматтың сынақ сәтінде садақа беріп, құрбан шалып, дұға етіп жатқандығын атап өтті.

– Садақамыз бен құрбандығымыз осы бір нәубетті кезеңнен аман-есен өтуге себепкер болсын. Біз тағы да жамағатпен дұға жасап, истиғфар, салауат айтуға ниет етіп отырмыз. Халық даналығы: «Көп тілегі көл болар« дейді. Баршаңызды көппен бірге ел игілігі үшін дұға жасап, салауат пен истиғфар айтуға шақырамын. Халқымыз: «Ауыр жол – атанды сынайды, ауыр іс – адамды сынайды» деген. Расында бұл сынақ жас пен жасамысқа оңай тиіп жатқан жоқ. Алла Тағала дертке шалдыққандарға шипа беріп, дәм-тұзы таусылған жандарды мейіріміне алғай. Әмин!, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, соңғы уақытта дәріханаларда парацетамол, аспирин, цитрамон секілді дене қызуын түсіруге арналған дәрілер тапшы. Тұрғындардың қажетті препараттарға қол жеткізе алмай дәріханалар алдында ұзын-сонар кезекте тұрғаны хабарланған болатын.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір