• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:18:28
Алматы
+12°

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа үндеуінде, қалыптасқан жағдайды ашық айтып, еліміздегі індетке қарсы мемлекет тарапынан барлық шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар, қабылданып жатқан шаралар халық үшін өте маңызды. Өйткені дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің болмауы, ауруханаларда төсек орындардың тапшылығы, ауырған адамдарға дер кезінде тиісті медициналық көмектің көрсетілмеуі қоғамда орын алды, халықтың талабына негіз болды. Енді осы қабылданған шешімдерді, шаралардың уақытында жүзеге асырылуын, орындалуын бақылау қажет және ауырып жақтан әр адамға нақты медициналық көмек көрсетілу керек. Бұл үшін бар мүмкіндікті пайдаланған жөн. Әсіресе, ерен еңбек істеп жатқан медицина қызметкерлеріне ауруларды емдеуге байланысты барлық жағдай жасап, оларға, отбасыларына бар қолдау, көмек көрсетілу қажет.

Ауруханаларды дәрі-дәрмектер, медициналық препараттар, аппараттармен қамтамасыз ете отырып, қай ауруханада қанша төсек орны бар, медициналық көмектің сапасы, көлемі қандай екені туралы шынайы ақпаратты халыққа жеткізіп отырған жөн. Өйткені халық тарапынан ауруханаға барғанда төсек орын жоқ деп шығарып салу мәселесі жиі көтерілуде. Бұл бағытта әкімдердің беріп жатқан мәліметтері өңірлердегі ауруханалар мен емханалардың жағдайына негізделу керек. Әйтпесе, кейбір өңірдің әкімдері ауруханаларда қосымша төсек орындары ашылды, жағдай жасалды деген мәліметтері болса да азаматтар төсек орындарының тапшылығын, дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін, аудан орталықтарында ПЦР-лаборатория жоқ екенін, анализ уақытында шықпайтынын, жағдай жасалмағанын көріп, тиісті медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Өз кезегінде әкімдер Президентіміздің – біздің жұмысымыз айқын, қоғам алдында ешнәрсені жасырмай, ашық айтамыз, – деген бағытын ұстану қажет.

Мемлекет басшысы дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беру керектігін, оның маңыздылығын да атап өтті. Бұл қазіргі таңда халықты қолдаудың бір түрі. Қазіргі жағдайда, көптеген азаматтар үй жағдайында емделуде. Олар мамандардың, дәрігерлердің көмегіне зәру. Сондықтан, телеарналар, әлеуметтік желілер арқылы да медицина сала қызметкерлері емделудің жолдарын, түрлерін, қандай дәрі-дәрмектер қажеттілігі, олар қай дәріханаларда бар екені туралы нақты ақпарат беріп отырса, бұл да ауырып жатқан адамдарға үлкен қолдау, жақсы көмек болар еді.

Дәрі-дәрмектер, аппараттар сатып алуға, медициналық қызметкерлерді ыңталандыруға және басқа да кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге 150 млрд тенге бағытталып отыр. Үндеуде бұл туралы ашық жария ете отырып, Президент мемлекеттік бюжеттен бөлініп жатқан барлық қаражаттың жұмсалуын ерекше бақылауда ұстайтынын баса айтты. Нақты шешім шығарды. Өйткені, денсаулық сақтау саласына бөлініп жатқан қаражат тиімді, мақсатына сай жұмсалып, медициналық көмектің көлемін, сапасын жақсарту керек. Халыққа мемлекет қаражаты қайда, қалай жұмсалғаны туралы есеп беріліп, ол туралы ақпарат жарияланып отырғаны дұрыс. Сонда ашықтық қалыптасады. Халықтың сенімі артады. Жалпы, "СҚ Фармация" ЖШС-нің қызметіне, оның сатып алып жатқан дәрі-дәрмектерінің бағасына, сапасына, ондағы мемлекет қаражатының жұмсалуына қатаң бақылау орнатылып, жариялық болу керек. Өйткені, бұл серіктестік бюджет қаражатына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жалғыз оператор, монополист. Бұл бағытта елімізде бәсекелестік болғанын қолдаймын.

Ел Президентінің қабылдаған нақты шаралары, шешімдері мынандай қиын жағдайда халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемін көбейтуге, азаматтардың денсаулығын жақсартуға жол ашатыны сөзсіз.

Ал, біз өз тарапымыздан қолымыздан келген қолдауды, көмекті халыққа көрсетеміз. Бар көмектерін көрсетіп жатқан жанашыр азаматтар мен еріктілермен біргеміз, қолдаймыз. Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Енді, азаматтар да карантин ережелерін сақтауға, оның талаптарын мұқият орындауға, індеттің таралуына негіз болатын іс-шараларды уақытша тоқтатуға атсалысады деп ойлаймыз.

Бірігіп, бірлесіп осы індетті жеңеміз!

Нұртай Сабильянов,

Парламент Мәжілісінің депутаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір