• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:22:45
Алматы
+12°

Қазақстан қоғамында жиі резонанс туғызатын оқиғалардың бірі – кәмелет жасына толмағандардың сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырауы. Соңғы рет 23 шілдеде Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 5 жасар баланың жоғалып, бірнеше сағаттан соң ересек ер адамның пәтерінен табылғаны қоғамда шу туғызды. Infopublic.pravstat.kz сайтындағы дерек бойынша, елде 2020 жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандарға сексуалды зорлық жасағаны үшін 197 адам сотталған. Ал 2015 жылдан бері есептегенде 1868 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Қоғамда кәмелет жасына толмағандарға жыныстық зорлық жасағандарды педофил деп атайды. Қамшы тілшісі "Педофил деген кім?", "Педофилияны қалай тоқтауға болады?" деген сұрақтардың жауабын іздеп көрді. 

"НАҒЫЗ ПЕДОФИЛ ЗОРЛЫҚ ЖАСАМАЙДЫ"

Психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярованың айтуынша, балаларды жыныстық қатынысқа зорлық-зомбылық көрсету арқылы тартатындар – педофил емес, жыныстық зорлаушы. 

– Қазір қоғам кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа тартқандардың бәрін жаппай педофил деп атап жүр. Бұл – дұрыс емес түсінік. Негізі педофилия сөзінің екі мағынасы бар. Тар мағынасы – психикалық ауытқу. Ондай аурумен ауыратын адамдарда агрессия болмайды. Олар өз ойын жүзеге асыру үшін ешқашан зорлық-зомбылыққа жүгінбейді, бірақ кішкентай баланы алдап-сулап мақсатына жетеді. Қоғам педофил деп жүргендердің көбі жыныстық зорлаушы, – дейді психоаналитик. 

Оның айтуынша, психоаналитика тұрғысынан алғанда педофил де, жыныстық зорлаушы да өз қоғамының құрбаны саналады. 

– Зерттеу жүргіздік, олар да кішкентай кезінде зорлық көргендер. Қазір көптеген ата-ана агрессор. Сондықтан кішкентай ұл да, қыз да психологиялық зорлық көріп жатыр. Бес-алты жасар бала ол зорлықты түсінбейді. Бірақ өскенде өзі агрессияға түсіп, психологиялық ауытқуға ұшырауы әбден мүмкін. Педофилия содан басталады, – дейді Анна Құдиярова. 

"ӨЛІМ ЖАЗАСЫ ПЕДОФИЛИЯҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛА АЛМАЙДЫ"

Қазақстанда бала зорлау оқиғасы болған кезде "Педофилдер өлім жазасына кесілсін" деген ұран жиі айтылады. Мәселен, бірнеше күн бұрын Сәтбаев қаласында болған оқиғадан кейін де жүзден астам тұрғын "бала ұрлады, зорлады" деп күдікке ілінген адамның пәтері маңына жиналып, күдіктіні жазалау үшін өздеріне беруді талап етті. Осы кезде әлеуметтік желі қолданушыларың пікірі екіге жарылды. Бірі педофилді өлім жазасына кессін десе, енді бірі бәрін заң бойынша шешуді құптады. 

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Facebook парақшасында  "Айуанды атуға болады! Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ "айуан" дейтін... Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?! Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды!" деп жазды. 

Қамшы тілшісі сарапшылардан "Өлім жазасы елдегі педофилия мәселесін шеше ала ма?" деп сұрап көрді. 

Заңгер Абзал Құспан "өлім жазасы – педофилияға тосқауыл бола алмайды" деп есептейді. Оның сөзінше, өлім жазасы туралы бастама көтергендер "құр эмоцияға беріліп" отыр.  

– Педофил – ең бірінші кезекте психикалық ауытқуы бар адам. Олар – емдеуге мұқтаж жандар. Ақыл-есі дұрыс адам кішкентай балаға зорлық-зомбылық жасамайды. Қазір кейбір адамдар заңға өлім  жазасын енгізсе, бүкіл педофилдер сап тыйылатындай шулап жатыр. Бұл – дұрыс емес. Жалпы ешбір адам қылмыс жасайтын сәтте "бұл үшін қандай жаза бар еді?" деп ойланбайды. Қылмысты "ұсталмаймын" деп жасайды. Педофилдер де бала зорлауға қылмыстық кодексті оқып, саналы түрде бармайды. Сондықтан ату жазасына кесіп, дарға асу – бұл мәселені тыймайды, – дейді заңгер.  

Абзал Құспан "Заңға өлім жазасын енгізейік" деген орта ғасырға жетелейтін түсінік деп есептейді. Айтуынша, кей адамдар шулады екен деп заңға өзгеріс енгізу дұрыс емес. Бірінші кезекте қылмыстық істен хабары бар құқықтанушы ғалымдар пікірін негізге алған жөн.

Оның ойынша, педофилдерді емдеген немесе қазіргі заң бойынша ұзақ жылға қамап, химиялық кастрация жасаған дұрыс. 

– Алдыңғы қатарлы Еуропа елдері педофилдерге химилық кастрация жазасын қолданады. Бізде де 2018 жылдан химиялық кастрация жазасы бар. Бұндай үкімге толықтай келісемін. Бірақ химиялық кастрацияны қолданған кезде де аса мұқият болған жөн. Ең бастысы, сотталған адам түрмеде бір жыл отырған соң ғана химиялық кастрация жасаған жөн. Өйткені біздегі сот жүйесі дұрыс емес. Қылмысы дәлелденбей сотталып жатқандар көп. Сотталған соң бір жыл ішінде жоғарғы сотқа дейін шағым түсіріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі мүмкін. Сондықтан химилық кастрацияны қылмысы жан-жақты тексеріліп болған соң ғана қолданған дұрыс, – дейді заңгер. 

Абзал Құспанның өлім жазасы туралы пікірін психоаналитик Анна Құдиярова да құптап отыр. Құдиярованың сөзінше, педофилді емдеген дұрыс. 

–  Педофилия – үлкен мәселе. Иә, нағыз педофилия – ауру. Оны емдеу керек. Ал сексуалды зорлық жасап жатқандар – қылмыскер. Оларды жазалау керек. Алайда "бәрін атамыз, өлтіреміз" деген болмайды. Зорлықты ешқашан зорлықпен тоқтата алмаймыз. Жақсы сөз – жарым ырыс. Бұл мәселені түбімен зерттеу керек, – дейді психоаналитик. 

Оның айтуынша, педофилге үкім шығарарда өз баласын қараусыз қалдырған ата-ананы да жазасыз қалдыруға болмайды. 

– Ата-анаға туған баласын 18 жасқа дейін аман-есен жеткізу заң жүзінде міндеттелуі керек. Өз баласын қараусыз қалдырған ата-ана міндетті түрде жазалануға тиіс. Жалпы бізде жас жұбайлар үйленген соң кем дегенде 10-15 күн АХАЖ (ЗАКС) жанындағы психологиялық мектептен өтуі керек. Одан кейін балалы боламыз десе, тағы да арнайы мектептен өткені жөн. Бізде қазір психологиялық мектеп жетіспей жатыр. Бәріне бірдей топырақ шаша алмаймын. Бірақ кей жұптардың ата-ана болуға білімі жете бермейді. Жауапсыздар да бар. Сондықтан ата-ана мектебі деген арнайы заң қабылдау керек шығар. Сосын "сен осы мектептен өтпесең, саған балалы болуға рұқсат жоқ" деген талап қою керек, – дейді Құдиярова. 

ЗАҢДА ПЕДОФИЛИЯҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

Қазақстан заңдарында педофилия деген нақты сөз жоқ. Дегенмен кәмелет жасына толмағандарға сексуалды зорлық жасағандар Қылмыстық кодекстің "Зорлау", "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері", "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" және тағы да басқа баптар бойынша жазаланады. 

Өткен жылдың соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны күшейту туралы заңға қол қойған. Соған сәйкес, кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалды сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамға 20 жыл немесе өмір бойы бостандығынан айыру жазасы енгізілді. 

Бұдан бөлек, елде 2018 жылдың қаңтарынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген.​ Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан адамдарға қолданылады.

Өткен жылы желтоқсан айында Қазақстан ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті елде "Зорлау" бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарланған. Олардың мәліметінше, процедура жарты жыл уақыт алады. Бұдан бөлек, өткен жылдың шілдесінде де "Зорлау" бабы бойынша сотталған бір адамға химиялық кастрация үкімі кесілген.

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір