04 Тамыз, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкіметтің селекторлық отырысында Қазақстандағы 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық мәселесі қаралды.
2020-2021 оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 1-сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. Қазіргі жағдайда оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан өтеді. Оқытудың дәстүрлі форматы барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ бастауыш мектептің "кезекші" сыныптарында сақталады.
Үкімет басшысы оқыту әдістемесін толық пысықтап, биылғы 20 тамызға дейін алдағы оқу үрдісі туралы толық ақпарат бере отырып, онлайн режимде республикалық ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды тапсырды.
– Үкімет аса мұқтаж отбасылардың балаларына пайдалану үшін шамамен 500 мың компьютер беруді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті деңгейде компьютер техникасымен қамтамасыз ету мәселесін пысықтасын, – деді А. Мамин.
Премьер-Министр білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқулықтар 25 тамызға дейін беріледі. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқаларының бәрінде міндетті түрде электрондық нұсқалары болуға тиіс, олар қолжетімді болуы қажет.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір