• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Мамыр, 02:16:30
Алматы
+35°

Індет жағадан алып, ел басына күн туған шақта «Мен не істей аламын?» деп қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей көмек беруге ынталанған жандар көп болды. Мәселен, бүгінгідей сын сағатта жанашырлық танытып, көпке көмегін көрсетіп, қайырымды азаматтардың басын қосқан кәсіпкер Дәурен Тәліповтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге болады.

«Алтын Жүрек» сыйлығының иегері қайырымдылық жасауда алдына жан салмайды. Ол бұл сыйлыққа да мейірімділігі мен адамгершілік қасиеті арқылы көпке көмектесе жүріп қол жеткізді. Жақсылық жасап, жалпыға жанашырлық танытып жүрген бауырмал азамат «Егер нан сатып алуға мүмкіндігіңіз жоқ болса, тегін алыңыз» деп қала тұрғындарына тегін нан таратты. Карантин кезінде санитарлық бекеттегі қызметкерлерді тегін тамақтандырды. Одан бөлек, кәсіпкердің демеушілігімен атқарылып жатқан іс те аз емес. Ол қазіргі таңда облыстың 125 медицина қызметкерін түскі аспен тегін қамтамасыз етуді қолға алған. Кәсіпкер қауымдастығы өкілдерінің халыққа үндеу жариялап, індетпен барша қазақстандықты бірлесе күресуге шақырғаны белгілі. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз болатын. Осылай басталған игі істің нәтижесінде қазақстандықтардан 10 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. «Көп түкірсе көл» дегендей, халықтан түскен қаражат қаншама адамның өмірін аман алып қалуға септігін тигізді.

– Бұғанам қатпай жатып, бизнеске араласа бастадым. Әкем мен үлкен ағамнан көп дүние үйрендім. Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды азаматтық парызым деп санаймын. Сауапты іс атқарып, елдің батасын алуға деген құлшынысым күн өткен сайын артып келеді. Қазір біздің  қоғамның тек мейірімге шөлдеп тұрғанын ұмытпайық. Бұл қайырымдылық шарасы басталғалы бері жомарт жүректі азаматтар оған атсалысудан шаршаған емес. Кәсіпкер қауымдастығынан 70, ал ұжымымнан 50 азамат игі істің басы-қасында жүр. Мынадай ауыр індет тараған кезде жайбарақат отырған адамды көрмедім. «Қолымнан ештеңе келмейді» деген адамның өзі біз ашқан қорға ақша аударды. Мәселе қаражаттың аз, көптігінде емес. Ең бастысы,

халықтың ниеті мен пейілі. Осы бетімізден таймасақ, көңілімізді кір шалмаса біз бұл дертті жеңіп, бұрынғы жайма-шуақ күнімізге қайта ораламыз. Бірақ осы жолда шаршамай, талмай еңбек етуіміз керек. Ауруханаға түсіп, жағдайды өз көзіммен көргенде қатты таңғалдым. Ақ халатты жандар дамыл таппай, әр науқасқа көңіл бөлуде. Өмір мен өлім арасында жан алып, жан берісіп күрескен алтын қол дәрігерлердің ерлігіне бас иемін. Медициналық құралжабдықтар жетіспегендіктен қайғылы оқиғалардың орын алуы артты. Бірден осы олқылықтың орнын толтыру керектігін түсіндім. Мән-жайды халыққа түсіндіріп, қаражат жинау мақсатымен қор аштық. Тез арада іске кіріспесек науқастарды құтқарып қала алмайтынымызды түсіндім. Бар болғаны үш аптаның ішінде 10 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды. Оған өкпені жасанды желдететін 79 аппарат алдық. Қазіргі таңда оны облыс аумағындағы барлық ауруханаға таратып бердік. «Шұғыла» қоры әр концентраторға өз штирх-кодын орнатып, өз базасына тіркеді. Концентратордың қай ауруханада тұрғаны бақылауға алынған. Сондықтан концентраторлар жеке адамның қолына берілмейді. Тек қана ауруханаға түскен науқастарға пайдаланылады. Осындай жұмыс атқаруға атсалысқан мейірімді жандарға алғыс айтамыз. Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын, – дейді мейірімді азамат.

Отызда орда бұзып, қырықта қамал алу – әрбір қазақ азаматының негізгі мақсаты екенін тілге тиек еткен Дәурен Оразғалиұлы өңірдегі кәсіптің дамуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі әрі бірегейі. Ол кәсіп бастаған жастарға жол көрсетіп, қолдау білдіруден шаршамайды. Керісінше, оларға дамудың даңғыл жолын көрсетуге құштар. Әлем мойындайтын қазақ кәсіпкерлерінің санын арттыру – оның басты мақсаты. Азамат ретінде қоғамдағы жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалап қана қоймай адамдар арасындағы мейірімділік сезімінің сөнбеуіне біркісідей атсалысып жүрген қазақтың жігерлі ұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» мемлекеттік медалін иеленді. Елім деп еңбек еткен азаматтың еңбегі ақталды. Ең бастысы – жанашыр азаматқа халық риза.

 Айдар ҚАЛИЕВ

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір