• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 21:22:16
Алматы
+12°

«Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды онлайн-қабылдау өткізді, сондай-ақ ол балалардың құқығы мен әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мәсел елері бойынша партияның «111 жедел қызмет» арнайы байланыс орталығын іске қосуға дайындығын тексерді.

Онлайн-кездесу барысында Алматы облысының тұрғыны Мұратбек Әжібеков өткен жылдың көктемінде бөгеттің тозуынан Пенджім және Абат ауылдарындағы 276 үйді су басып, ауыл тұрғындарына айтарлықтай зиян келтірілгенін айтты. Ұсынылған ақпарат бойынша, бөгетті жөндеуге 260 млн.теңге сомасына сметалық құжат әзірленіп, бірақ қаржыландыру мәселесі әлі күнге шешілмеген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, аса маңызды емес шығыстарды қысқарту керек, бірақ азаматтардың қауіпсіздік мәселесі бірінші орында. Таяуда өтетін мәслихаттың отырысында қаржыландыру мәселесі қаралуға тиіс. Мәселені партиялық бақылауда ұстаймыз. Сіз партия құрылған күннен бастап оның мүшесісіз және туған өлкені дамытуға қатысты барлық мәселені қалт жібермей қадағалап отырасыз. Өзіңіз сияқты белсенді азаматтар партия алаңында түйіткілді жайттарды ашық көтерсе, әрбір мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Елдің болашағына бей-жай қарамайтын әрбір азаматқа айтарым, игі ойларыңызды іске асыруға арқасүйеріңіз болмаса, праймеризге қатысыңыз. Ашық іріктеу болады. Тек осылай ғана біз жергілікті жердегі адамдардың өмірін жақсартамыз», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Қабылдауға келген Павлодар облысының тұрғыны Венера Каканова бизнесін дамыту үшін грант алу мәселесін алға тартты.

«Төрт балам бар. Күйеуімен ажырасып кеттім. Өзім жалдамалы пәтерде тұрамын. Үйде тапсырыс бойынша кондитерлік өнімдер пісірумен айналыстым. Қазір жабдық жарамсыз болып қалды, жаңасын сатып алу керек. Мен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнесімді дамытуға өтеусіз грант алуға құжаттар тапсырдым. Маған осы грантты алуға көмектесулеріңізді сұраймын», - деді Венера Каканова.

Өз кезегінде Бауыржан Байбек көпбалалы ана болу үлкен жауапкершілік екенін және мемлекет өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсету үшін жағдай жасауға көмектесуі тиіс екенін атап өтті.

«Кеше ғана партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үндеуінде біздің ортақ міндетіміз – жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті жандандыру екенін айтты. Тек өз күшіне сенетін қайсар жан екеніңізді байқап отырмын. Жақын арада комиссия отырысы өтетіні, қаражат қарастырылатыны туралы ақпарат алдым. Сондықтан сіздің мәселеңіз шешіледі. Мұнда назар аударатын тағы бір маңызды жағдай бар. Біз экономика саласындағы әйелдердің белсенділігін жан-жақты дамытуға және қолдауға тиіспіз. Бүгінде әйелдер қауымы ел халқының жартысынан астамын құрайды. Қазір партияда праймериз басталды.

Бұл – жаңа әлеуметтік лифт. Елбасының тапсырмасы бойынша партиялық тізімде әйелдер кемінде 30% - ы құрауы тиіс. Олар әрі қарай депутат ретінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға да көмектесетін болады», - деді ол.

Азаматтарды қабылдау барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбе облысының 24 жастағы тұрғыны Айбек Қосмағамбетовтың де өтінішін тыңдап, алдағы мәслихат сессиясында Қобда ауданының Талдысай ауылындағы жолдарды жөндеуге қаражат бөлу мәселесін қарауды тапсырды.

«Nur Otan» елорда тұрғыны Марина Батаеваға да көмектесетін болды. Ол балаларына оқуға қажетті құрал-жабдықтар алып, мектепке дайындауға көмектесуді сұрап келді.

«5 бала өсіріп отырмыз, олардың үшеуі мектеп жасында. Баспананы жалдап тұрамыз. Коронавирус пандемиясына байланысты тұрақты табысымыздан айрылдық және балаларды оқу жылына дайындауда қиындықтар туындап тұр», - деді ол.

Бауыржан Байбек «Nur Otan» көпбалалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

«Біздің саяси платформамызға сәйкес, отбасы – қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың маңызды институты. Отбасында ұрпақтар сабақтастығы, өзара қолдау, еңбексүйгіштік және білімге ұмтылу дәстүрлері қалыптасады. Бәріміз бір елдің азаматымыз. Бізді мемлекет қорғайды, бірақ бір-бірімізге де көмектесіп, қамқор болуымыз керек. Сіз партияға сенгендіктен де, көмек сұрап келіп отырсыз. «Мектепке жол» акциясы аясында тек оқу құралдарын ғана емес, қашықтан оқытуға қажетті барлық жабдықтарды алуға да көмектесеміз», - деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Осы күні Бауыржан Байбек партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі «111 жедел қызмет» арнайы байланыс орталығын іске қосуға дайындығын тексерді.
Қыркүйек айынан бастап мұнда балалардың құқын бұзу және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша хабарласуға болады. Барлық телефон қоңыраулары қатаң құпия сақталады.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 айда қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 270 мың адам жүгінген. Өтініштердің жартысынан көбі шешілді. «Nur Otan»-ға келіп түскен онлайн-өтініштер 5 есеге артты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір