21 Тамыз, 2020 NEWS
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Жаңа костюм, туфли мен шаш үлгісін бірінші қыркүйекке дайындайды. Биыл дәстүрлі түрде салтанатты жиын болмаса да, бастауыш сынып мұғалімі Динара Жаманбалинова әдеттегідей жаңа оқу жылына дайындалады. Ол оқушылармен қашықтықтан танысып, бейнеқоңырау арқылы балалармен тіл табысады.
– Оқушылардың тізімін алдым. Әрбір баланың қай балабақшаға барғанын және кімнің қандай қызығушылығы барын анықтадым. Сонымен қатар оқушылардың осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімен танысып, жаңа лайфхак ойлап таптым. Лайфхак бойынша балалар менімен бейне қоңырау арқылы тілдескен сәтте аты-жөндерін қағазға жазып қоятын болады, - деді Динара Ерланқызы. – Бұл жай ғана дүние болып көрінгенімен, бірінші сынып табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршін үшін өте маңызды. Әрине, кейін балалардың аты-жөнін жаттап алған соң олар бұл қағаздарды қолданбайтын болады. Алайда алғашқы онлайн сабақта осы әдісті қолданамыз.
Бірінші сыныпқа баратын балалардың бәрі үй жағдайында білім алмайды. Ата-аналардың өтініші бойынша кезекші сыныптар жұмыс істейді. Онда 15 адамнан артық адам болмайды. Балалар барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, мектепке келе алады. Қазір педагогтар онлайн режимнен бөлек, штаттық режимде білім беру үшін сабақ кестесін ыңғайластыруда.
– Төртінші тоқсанмен салыстырғанда, осы жолы мектеп ұжымы мен әкімшілігіне осы бағытта сабақ беруге дайындалуға уақыт болды, – деді «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған валеологиялық мектеп» директоры Наталья Ахаева. – Биылғы оқу жылында мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздар мен техникаларды ауыстырып қана қоймай, жаңа оқыту жүйесін пысықтап үлгердік. Жаз бойы педагогтар вебинарлар, тренингерге, конференцияларға қатысып, білімдерін шыңдады. Барлығы пандемия кезіндегі дұрыс оқытудың маңызы зор екенін бір кісідей түсінеді. Мен ШҚО білім басқармасының атқарған зор жұмысы үлкен нәтиже беретініне сенемін. Өйткені, енді мұғалімдер жаңа оқу формасына дайын, - деді Наталья Васильевна.
Енді кітап пен дәптердің орнына оқушылар үшін смартфон мен компьютердің болуы өте маңызды. Мұғалімдердің көмегі арқылы балалар арнайы бағдарламаны жазып, сол бойынша үй тапсырмасын орындап, білім алады. Тапсырманы дұрыс орындаудан бөлек, дедлайнды сақтау маңызды екенін айта кеткен орынды. Әрбір сабақ бойынша берілген тапсырманы орындауға регламент белгіленеді. Кейін сол бойынша балаларға баға қойылады. Сондықтан қашықтықтан оқу барысында босаңсуға болмайды.
Мектеп психологы Марина Зажигинаның айтуынша, баланың бақылаусыз қалып, босаңсуына жол бермей, оның оқуға деген жауапкершілігін арттыру керек.
– Класстың ортақ чатында әрбір баламен жеке сөйлесу қажет. Балалар сағат 8.15 байланысқа шығуы керек. Онлайн сабақ барысында әрбір баламен жұмыс жасалады. Егер оқушы пәнді оқыту кезінде барлығын түсінсе, + белгісін қою тиіс. Бұл балаларға олардың әрдайым бақылауда екенін ұғынуға мүмкіндік береді, - деді Марина Зажигина.
Осындай әдіс-тәсілді педагог мамандар, білім саласының шенеуіктері мен әкімшілігі ортақ чаттарды қолданады. Мұғалімдер де балалар сияқты қашықтықтан оқыту жаңа әдіс болғандықтан, мамандарға ата-аналардың қолдауы қажет. Олардың ескертулері мен ұсыныстары педагогикалық жиналыстарда талқыланып, онлайн оқытуды тиісті өткізуге септігін тигізеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір