26 Тамыз, 2020 Барлық аймақтар
«Nur Otan» праймеризі: 10 күнде 9 мың адам өтініш берді
Осыдан 10 күн бұрын елімізде «Nur Otan»-ның партияішілік іріктеуі – праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. Қысқа мерзім ішінде 9 мыңнан астам адам өз өтініштерін жолдап үлгерді. Олардың 34,7%-ы – әйелдер, 26,7%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 2905 адам ұсынылса, 6258 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.
«Nur Otan» праймеризі: 10 күнде 9 мың адам өтініш берді
Партияішілік сайлауға қарапайым партия мүшелері ғана емес, белгілі қоғам белсенділері, атақты спортшылар, мәдениет қайраткерлері және т. б. қызығушылық танытуда.
Солардың бірі – шахматшы Жансая Әбдімәлік. Ол Алматы қалалық мәслихатына сайлау үшін партиялық тізімге кандидат болу құқығын иелену мақсатында додаға түсуді жоспарлап отыр.
«Nur Otan» партиясы қайта жандандыру туралы айтуда. Елдегі реформалар мақсатшыл және өршіл жастардың қатысуымен жасалуы керек деп есептеймін», - деп жазды ол Instagram-дағы өзінің парақшасында.
Қоғам белсендісі, «Пандус-ОК» ЖШС-нің басшысы Шахан Жолдасбаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қалалық ортаны ыңғайлы ету мәселесіне алаңдаулы.
«Қарапайым дүниелердің өзіне қол жеткізе алмай отырғанда, одан өзгесі туралы айтудың өзі артық. Шындығында, біз сияқты жандарға қажеттінің бәрі жазылып, нұсқаулық беріліп қойылған, тек олар орындалмайды. Мәслихатта әр сала бойынша осы бағыт үшін күресіп, шенеуніктерге босаңсуға жол бермейтін адам қажет. Өзімнің 10 жылға жуық қоғамдық жұмыстарыма, үлкен ықылас пен тәжірибеме сүйене отырып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды толғандыратын көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесімді қосқым келеді», - деді Шахан Жолдасбаев.
Ақтөбе облыстық драма театрының директоры, белгілі актер Олжас Ибраев ауыл жастарына қолдау көрсетумен айналыспақ.
«Ауылда туып-өстім, сондықтан менің басты мақсатым – ауылдан шыққан жастарға жүйелі түрде қолдау көрсету, ауыл мен қала тұрғындарының өз қабілеттерін іске асырудағы мүмкіндіктерін теңестіруге күш салу», - деді кандидат.
Ақмола облысының фермері Азамат Қабжанов та туған өлкенің өзекті мәселелерін шешуге ниетті. Жарқайың ауданына қарасты Костычево ауылдық округінде өз бизнесін жолға қойған ол 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, ауылға келіп жұмыс істегісі келетін жас отбасылар үшін баспана және балаларға арналған спорт орталығын салу да жоспарында бар.
«Жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл жастарына бизнес бастауды үйрету, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын мамандармен қамтамасыз ету, спортты және салауатты өмір салтын дәріптеу», – 29 жастағы кәсіпкер осындай мәселелерді көтермек.
Түркістан облысынан келген Жұмагүл Күзденбаева көпбалалы отбасылардың мәселесін көтермекші. Отырар ауданының Шәуілдір ауылында тұратын көпбалалы ана «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алып, сұлулық салонын ашты. Бүгінде ол 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Ойлана келе «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуды жөн көрдім. Құжаттарымды өткіздім. Бұл – әр азамат үшін қоғамдық-саяси өмірге араласуға үлкен мүмкіндік. Праймеризден өтіп, депутат болсам көпбалалы аналардың құқығын қорғап, оларға қолдан келгенше жағдай жасағым келеді. Өз замандастарымның, ардақты аналардың проблемаларын жақсы білемін», – дейді Жұмагүл Күзенбаева.
Еске сала кетейік, «Nur Otan» праймеризіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызда аяқталады. Оған қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады.
Партия құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan»-ның қатарына қосылу керек.
Праймериз өткізу мәселелері бойынша арнайы 8 (800) 080 4441 жедел желі іске қосылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір