Президент жарлығымен Асқар Жұмағалиев Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі министрлігін басқарған Асқар Жұмағалиев цифрлық Қазақстан бағдарламасын сәтсіз жүзеге асырғаны үшін сынға ұшырап, ұзамай қызметтен кеткен.
Ол 1972 жылы 2 тамызда Орынбор облысында дүниеге келген. Свердловтағы Суворов училищесін, Харьков ракета әскерлерінің жоғары командалық-инженерлік училищесін, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Лозаннадағы Швейцария Федералды технология институтының электронды басқару бойынша шебер дәрежесі бар.
Мемлекеттік қызметте басқарма бастығынан бастап, комитет, агенттік, ұлттық компаниялардың төрағасы, министр, премьер-министрінің орынбасары лауазымдарында болған Жұмағалиев елшілік қызметке алғаш рет тағайындалып отыр.
Қазақстанда түрлі себепке байланысты саясат сахнасынан аластатылған шенеуніктерді шетелге елші етіп ауыстыратын тәжірибе қалыптасқан.
Ермұхамбет Ертісбаев, Иманғали Тасмағамбетов секілді саясаткерлер зейнет демалысына шығарылардың алдында түрлі елдерге елшілік қызметке жіберілген.
Жұмағалиев те солардың тағдырын кешуі ғажап емес. Алайда оның әлі жас есекенін ескерсек, келешекте лауазымды орынға оралуы да ықтимал.
Пікір қалдыру
пікір