12 Қазан, 2020 Алматы
Фото: Тренинг кезінде түсірілген
Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түрмелерде жазасын өтеп жатқан жандар үшін «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры арнайы психологиялық тренинг ұйымдастырды. ЛА-155/6, ЛА-155/13, ЛА-155/18 түзеу мекемелеріндегі тренинг Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті.
Барлық тренингті психология ғылымдарының кандидаты, практик, қаладағы Дағдарысқа қарсы орталықтың қызметкері Жанна Яворская жүргізді. Оның тренинг жүргізу тәсілі келесідей: қатысушыларға қалам мен қағаз ұсынып белгілі бір тақырыпта сурет салдырады, сосын суретке қарап отырып, суретті салған адамның жан-дүниесіне баға беріп, оның психологиялық портретін жасайды. «Шын мәнінде суреттер сыр шертеді. Адамдар ішкі көңіл-күйін барынша жасырғанымен, ол бәрібір әртүрлі каналдармен сыртқа шығып, көрініс береді. Сурет салу сондай таптырмас құрал. Суреттен автордың тіпті жан жарасы, уайымы, мінез-құлқы байқалып тұрады» дейді психолог ханым.
Тренингтер алдын ала белгіленген тәртіппен жүргізілді. Жазасын өтеуші сурет салғанымен, автор ретінде өзінің аты-жөнін көрсетпейді. Бұл тұтқын психологиялық қысымға ұшырап қалмасын деп жасалған амал еді. Себебі сурет авторының кім екені белгілі болса, оған психологиялық портрет беріліп жатқанда басқа серіктестері келеке қылуы да ықтимал еді. Ж.Яворскаяның сөзінше жазасын өтеп жатқан адамдардың ішкі жай-күйі әртүрлі. «Мысалы, мен оларға кез келген аң-құстың, жан-жануардың суретін салыңыздар дегенімде, бір тұтқын аққу мен қолтырауынның суретін қатар салды. Бұл сурет авторының қанында тектілік болғанын, алайда ол жаза басып, бойындағы жақсы қасиетке қиянат жасап алғанына өкінетінін көрсетеді. Тағы бір түрмеде тренинг өткізгенімде қатысушылардан кез келген ертегі кейіпкерін суреттеуді сұрадым. Тұтқындардың бірі орыс ертегілеріндегі мыстан кемпірдің үйінің сыртқы көрінісін салыпты. Менің ойымша бұл суреттің авторы көп нәрсені жасыратын томаға-тұйық кісі. Психологтар мұндай адамдармен көп әңгімелесу қажет. Әйтпесе ертең олар қайта босап шыққаннан кейін, тағы да заң бұзуы мүмкін» дейді ол.
Барлық тернингтердің басы-қасында ұйымдастырып жүрген «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Бейбіт Нәлібаевтың айтуынша аталған іс-шаралар Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен іске асырылып жатыр екен. «Жоба аясында психоәлеуметтік бағдарламалар ұйымдастыру қарастырылған. Психологиялық тренингтер соның бір парасы. Бұдан бөлек жазасын өтеп шыққандармен де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр» дейді ұйымдастырушы.
Н.Наурызәлиев
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір