27 Қазан, 2020 Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысында әдебиетшілер қауымы бас қосты
Сейсенбі, 27 қазан күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдебиет кеші өтті.
Фото: Ақтөбе облысы баспасөз қызметі
Әдебиет кешіне Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұханбетқалиұлының жұбайы Сұлуханым Фатихқызы қатысты.
Айтып кетейік, Ақтөбе облысында әлемді жайлаған пандемия қиындықтарына қарамастан «Әдебиет. Рух. Қоғам» тақырыбындағы басқосу дәстрлі түрде өткізіліп отыр. Өткен жылы республикалық әдебиет форумын өткізіп, ақтөбелік ақын-жазушылар атындағы арнайы сыйлық тағайындалып, үздіктерге берілген болатын.
Аймақ басшысы әдебиет кешінің ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар ақын-жазушыларға арнайы сыйлықтар табыстап, келген қонақтарға өзінің алғысын білдірді.
«Киелі Ақтөбе өңірі тың туындыларымен, өлең жырларымен қиырға шарлатып, қияға самғататын ақиық ақын-жазушыларға бай өлке. Қазақ ауыз әдебиетінің соңғы жырауы Н.Байғанин, одан кейінгі Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Ж.Тілепбергенов, С.Жиенбаев, Ө.Нұрғалиев, Т.Жармағамбетов, Қ.Тоқмұрзин, Е.Дүйсенбаев, Қ.Мұханбетқалиевтердың әрқайсысы бір төбе. Бүгінде олардың ізін жалғаушы ақтөбелік ақын-жазушылар қазақ әдебиетінің дамуында өзіндік орындарының бар екендігін көрсетіп келеді. Осындай ірі шаралармен бірге өтіп жатқан бүгінгі басқосу Ақтөбеге, жалпы елімізге жаңа бір рухани серпіліс, жаңа леп береді деген сенімдемін», - деді аймақ басшысы.
Былтырғы жылғы форум аясында қолға алынған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Ақын І.Мәмбетовтің, С.Жиенбаевтың, Т.Жармағамбетовтердің мерейтойлары кең көлемде атап өтілді. «Ақтөбе кітапханасы» сериясы жалғасып 27 том кітап жарық көріп, бұл сериямен шыққан кітаптар саны 50-ге жетті. Жастар жылына орай Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұсынысымен «Жауқазын» сериясымен 10 ақтөбелік жас қаламгердің тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Өмірден өтсе де ұрпақ үшін әдебиет саласында өшпестей із қалдырған ақтөбеліктер рухына арнап, Ақтөбе облысының әкімдігі қаламгерлердің атындағы 7 арнайы степендия тағайындалып отыр. Келесі жылы тағы да ақтөбелік ақын-жазушылардың атындағы қосымша 6 номинация бойынша арнайы степендия тағайындау жоспарланып отыр.
Әдеби кешке арнайы келген Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ақын-жазушылар қауымы өңір ақындарын қолдап келе жатқан аймақ басшысына өздерінің алғыстарын білдірді.
«Мұның барлығы ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Біздің ұстанымымыз, Ақтөбе қаласы республикадағы ірі мәдени астаналардан еш кем болмауы тиіс. Өңір қаламгерлерін қолдауда біз осыған назар аударудамыз», - деп облыс әкімі О.Оразалин әдеби шараны қорытындылады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір