• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 07:55:44
Алматы
+12°

Алматыда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» тақырыбында І республикалық конгресс өтті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, Ассамблея мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

«Бүгін «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы аясын кеңейтіп, бірінші республикалық тіл конгресін өткізіп отырмыз. Жиынды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзімен бастағым келіп отыр. Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың қазақ тілін – мемлекеттік тіл есебінде, ұлтаралық тіл есебінде қолданатын кезі жетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «қазақ тілі таяу келешекте ұлтаралық тіл ретінде қызмет атқаруы қажет» деген сөзі бар. Міне осы жұмыстардың жүзеге аса бастағанын көрсету мақсатында осындай конгресті ұйымдастырып отырмыз»,– деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов министрлік еліміздегі этномәдени бірлестіктермен қашанда тығыз байланыс орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

«Бұл мақсатта бағытымыз – айқын, жоспарымыз – белгілі. Атап айтқанда, елімізде 2014 жылдан бері этномәдени бірлестіктер жанында мемлекеттік тіл мен әр этностың өз ана тілін оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін осындай оқыту курстарынан 81% этнос өкілі оқудан өтіпті. Жалпы, 2011 жылдан бастап Мемлекеттік тіл оқыту орталықтарында жарты миллионнан астам ел азаматтары (513 624) қазақ тілі курстарын оқып шыққан»,– деді ол.

Сонымен қатар, Марат Әзілханов Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенін тілге тиек етті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар осы бағдарламалар және басқа да жобалар шеңберінде өз жалғасын таба беретін болады. Ең бастысы – мемлекет бұл жобалардың барлығында да Сіздердей талантты да белсенді азаматтарға сенім артады»,–деді ол.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір