13 қараша күні Ақмола облысы Талапкер ауылында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы пышақ жарақатынан көз жұмған 17 жастағы Жанболат Ағаділдің жерлеу рәсімі өтті. Талапкер ауылында марқұмды ақтық сапарға шығарып жатқан кезде Алматы қаласының белсенділері  Шоқан Уалиханова алаңына жиналып, қазаға байланысты құран бағыштап, қаралы жиын өткізді.

Құран бағыштауға келгендер Жанболат Ағаділдің өліміне билік кінәлі деп есептейді. Белсенділердің бірі істің ашылуын талап етті.

– Жанболат Ағаділдің анасына және туыстарына көңіл айтамын. Жұдырықтай баланы жалдамалы түрде "киллермен" өлтірген. Біз бұл істің ашылуын талап етеміз. Баланың өлімі ашылсын. Не кінәсі бар баланың? Дулат Ағаділдің ісі ашылмады, – деді көзіне жас алған белсенді.

Алматы қалалық прокуратурасының өкілі Жандарбек Сұлтанбеков жиналғандарға  жиынның заңсыз екенін айтып, тарауын сұрады. Белсенділер шара "митинг емес, қаралы жиын" деп тарауға қарсылық танытты.

11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділді пышақтап өлтіріп кеткені хабарланған.

Мәйітханаға кірген Жанболаттың жақындары марқұмның денесінен бірнеше пышақ жарақатының ізін көргенін мәлімдеген.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір