Жанболат Ағаділдің өлімінен кейін 3 адам қамауға алынды, қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Гумар Шыныбеков хабарлады.

– Қарашаның 7 күні сағат 23:00 шамасында Көктал шағын ауданында және Талапкер ауылындағы жігіттер арасында жанжал болған. Жанжалға бойжеткен себепкер. 23.00 шамасында Ағаділов достарымен бірге бірнеше көлікпен Көкталға барған. Оларды бір топ жігіт күтіп тұрды. Төбелеске 5 адам қатысқан. Олардың біреуі жеңіл жарақат алды. Ал Ағаділовке пышақ сұғылды, жүрегіне зақым келді, – дейді тергеу басқармасының басшысы.

Департаменттің мәлімдеуінше, Ж. Ағаділдің өлімі бойынша күдіктілерден айғақ заттар алынып, сараптама тағайындалған.

– Үш күдікті, соның ішінде Ағаділге пышақ сұққан адамға қатысты қамауға алу санкциясы қолданылды. Айғақ заттар алынды, сараптама тағайындалды, – дейді Г. Шыныбеков.

Қазіргі уақытта аталған іске қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

11 қарашада күні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділді пышақтап өлтіріп кеткені хабарланды.

Мәйітті көруге кірген марқұмның ағасы Таңат Жалмағамбетов  Жанболаттың денесінен пышақ жарақатының іздерін көргенін айтқан

12 қарашада ішкі істер министрлігі тергеу департаменті Жанболат Ағаділдің өліміне қатысы бар делінген күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.

Артынша әлеуметтік желіде Жанболат Ағаділге "төбелес кезінде абайсызда пышақ ұрдым" деген адамның видеосы тараған. Ұзамай видеодағы адам шынымен де күдікті екені анықталған. Алайда күдіктінің мүгедек анасы "баласына таныстары жала жауып отыр" деп санайтынын айтқан.

Кеше белгілі заңгер Абзал Құспан Facebook парақшасында "Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты: полиция бейнематериалы заңсыз таратылған" деген атаумен видео жариялады. 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір