19 Қараша, 2020 Барлық аймақтар
Фото: Informburo.kz
Бір сайлаудан екіншісіне дейін қалғып-мүлгіп отыратын Қазақстандағы саяси партиялар бүгінде ерекше белсенді. Оған алда келе жатқан мәжіліс пен мәслихат сайлауы себеп. Белсенділікті басқалардан бұрынырақ коммунистер бастады.
Коммунистер парламентке өткен санаулы ғана партияның бірі. Мәжілістің соңғы шақырылымының қатарына кірген партияның 7 депутаты 5 жылда несімен есте қалды деп ойланып көрсек, әуелі қарт депутат Косаревтің парламент қабырғасындағы қорылы еске түседі.
Оқиға биыл қаңтарда мәжіліс үйіндегі кезекті отырыстардың бірінде болған. Қазақстандағы ең егде депутат 82 жастағы Владислав Косаревтің жиын барысында көзі ілініп кеткен. Көзі ілініп кетті деу жұмсақ айтылғандық. Косарев шын мәнінде қалың ұйқыға кетті. Оны қалың ұйқыдан құлағының түбінде микрофонмен сөйлеп тұрған әріптесінің даусы да оята алмады. Оқиға видеосы әлеуметтік желіге тарап, қоғамда қызу талқы басталған. Қамиша Есмұхамбетқызы деген желі қолданушысының "Бізге Косарев деген депутат неге керек? Ұйықтау үшін бе? Сонда не, ұйқысын қандыру үшін мемлекет қаржысынан 900 000 теңге төлейміз бе?» деп шыққан даусы жағдайды дәлме-дел суреттеп тұр.
Осы оқиғадан кейін жұрттың көзіне жақсы болып көріну үшін коммунистерге пандемия жақсы себеп болды. Олар алда келе жатқан саяси доданың дүбіріне ерте қосылу мақсатымен төтенше жағдай мен карантиннен тұрмысы төмендеген тұрғындар үшін ұнамды сөз айтуға тырысты.
Қоғам белсенділерінің кредитті кешіру идеясын адамдар 100 мыңдап қолдап жатқанын көріп «өтімді сөз осы болар-ау» деп парламент қабырғасында «халық кредитін кешірейік» деп бастамалатты. Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ел игілігі жолындағы ерлер болып көрінуге барын салды.
Әрине олардың бұл бастамасы қолдау таппайтынын өздері білмеді емес, білді. Бірақ оларға маңыздысы ол емес, маңыздысы жұртқа жағатын сөз айту, қара халыққа қамқоршы болып көріну еді.
Бұған алданатындай халықты аңғал деп ойласа, коммунистер қатты қателесті. Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылда бұқара кімнің-кім екенін жақсы танып алған. Ұнамды сөз айтты екен деп коммунистерге іші жылыған қоғам болмады.
Олар сонда да халық ықыласына бөленуге талаптанып көруге тырысып, партия атын ауыстыруға бел шешті. Бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы» атауынан бас тартып, «Қазақстанның халық партиясы» деген атты таңдады. Естіген адамға жылы тиетін ұғымдарды таңдап алғанымен, көп өтпей-ақ олардың тек аты ғана өзгеріп, заты бәз-баяғыша қалғаны белгілі болды. Партия хатшысы Жамбыл Ахметбековтың «Партия атауының «Қазақстанның халық партиясы» болып өзгеруі – коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес» деген сөзі бұның бәрі халық қамы үшін емес, алдағы 5 жылды мәжілістің жылы креслосында өткізу қамы үшін жасалып жатқанын аңғартты. Осыдан кейін коммунистер популист емей немене?!
Айбар Өмірқожа
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір