25 Қараша, 2020 Саясат
Фото: qamshy.kz
Армения премьер-министрі Никол Пашинян үш күн қатарынан кәсіпкерлермен елдегі экономикалық және инвестициялық қызметті қалпына келтіру мәселелерін талқылап жатыр. Бұл туралы armeniasputnik.am сайты хабарлады.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәрсенбіде Пашинян "Elseti Armenia" компаниясының бас директоры Карен Арутюнянмен, "Газпром Армения" басшысы Хрант Тадевосянмен, "Реншин" құрылыс және инвестициялық ұйымының директоры Нушикянмен кездескен.
– Үкімет пен іскерлік орта арасындағы байланысты нығайту, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыру, экономикалық оптимизмді қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Нақты келісімдерге қол жеткізілді, – делінген хабарламада.
Басылымның хабарлауынша, премьер-министрлер кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, елдегі ахуалды жақсартудың амалын іздеп жүргенде, бүгін (25 қараша) Еревандағы Ұлттық ғылым академиясының президиумы оның отставкаға кетуін талап етіп, мәлімдеме жасаған.
Ұлттық ғылым академиясы Қарабаққа қатысты шешімді, яғни үшжақты мәлімдемені армян халқы үшін "масқара" деп санайды.
Сонымен қатар бүгін Ереванның орталығындағы Армения үкіметі ғимаратының жанында "Дашнакцутюн" саяси партиясының өкілі Гегам Манукян мен Конституциялық соттың экс-судьясы Ким Балаян аштық жариялады. Олар Армениядағы тұрақтылықты қалпына келтіру және Пашинянның отставкаға кетуінталап етті.
Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы директоры, "Отан" партиясының жетекшісі Артур Ванецян журналистерге Пашинянның қызметінен кетуін көпшілік қалайтынын мәлімдеген.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Ресей президенті Владимир Путин Таулы Қарабақта әскери әрекеттерді тоқтату туралы келісімге қол қойған. Осылайша үш елдің арасында болған келісім бойынша 3 аудан Әзербайжанға қайтарылып, басқыншы әскер аймақтан шығарылады. Бұл келісімнен кейін Армения астанасы Ереванда премьер-министрге қарсы митингтер өтіп, содан бері халық Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп келеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір