• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:00:28
Алматы
+12°

КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімовтың жетекшілігіндегі «Жаңа ғасыр» театры жаңа маусымның шымылдығын түрді.  Өнер ұжымы көрермен назарына Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасын ұсынды. Салтанатты кеште еліміздің зиялы қауымы, қазақстандық театр және кино саласының үлкені мен кішісі жиналды. Пәк махаббат пен адалдықты дәріптейтін қойылымды Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай да тамашалап қайтты.

Елдегі карантиндік ахуалға байланысты айлар бойы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған өнер ұжымы көрерменмен қайта қауышып отыр. Сахна саңлақтары толықтай Асанәлі Әшімовтың шеберxанасында тәрбиеленген шәкірттер. Ұлағатты ұстаз өзінен өнеге алған актерлердің өнерге жол тартып, өз көрерменін тапқанына дән риза.

«Әлдерінше сол барлық тапсырманы орындап шықты деп ойлаймын. Көрермен қауымға жетіп жатса, сол біздің қуанышымыз, жеңісіміз де сол болады. Балалардың репертуары жақсы», – деді КСРО Халық әртісі, театр және кино актері Асанәлі Әшімов.

«Қарагөз» шығармасы әлі күнге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ дейді актерлер. Драматург басты кейіпкер арқылы сол дәуірдегі қазақ қыздарының басындағы жағдайды ашық көрсеткен.

Сахнада бағзы замандағы қазақ халқының өмірі, дәстүрі, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы суреттелді. Оқиға сүйгеніне қосылуды аңсаған жастарға рулық салт-сана қарсы тұрып, басты кейіпкердің мерт болуымен аяқталады.

«Бүкіл махаббат шығармаларын алып қарайтын болсақ та, "Қарагөз" өте ерек. Бұл жерде махаббаттан бөлек, дәстүр тұр, салт тұр және қазақилық тұр және арада сол 7 ата тұр. Сол жеті атаға қарсы шыққан Сырым салдың оқиғасы. Өз кейіпкерімді бір жағынан ақтап шыға аламын және де даттай аламын. Өйткені бұл кейіпкер – өзіндік шындығы бар кейіпкер», – деді «Жаңа ғасыр» театрының актері Қуаныш Құдайберген.

Мұхтар Әуезовтің бір ғасырдай бұрын жазылған «Қарагөз» пьесасы отандық театр сахналарынан әлі күнге дейін түспей келеді. Кезінде басты кейіпкерлердің бірін сомдаған актер Азамат Сатыбалды өнер ұжымының ойынына жоғары баға берді.

«Бұл спектакльдің өзіндік бір ерекшелігі кілең жастар ойнайды. Тазалық бар сахнада. Шынайылық бар. Маған өте қатты әсер етті. Жалпы бұл «Қарагөз» спектаклін қаншама көрдім мен біреуінің жаман шыққанын көрген емеспін. Бәрі жақсы. Оның үстіне мен Наршаны ойнағанмын Әуезов театрында Болат Атабаев қойған кезде. Қарап отырдым, қызығып отырдым. Наршаны жігіт өте жақсы ойнаған», – деді  Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды.

Театрда карантиндік шараларда назардан тыс қалған жоқ. Кіреберістерде қонақтардың қызуы өлшеніп, орындықтар 2 метр арақашықтықта қойылды. Зал ішінде бары 50 көрермен отырды.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір