• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:44:16
Алматы
+12°

Президент Тоқаев биыл ана мен бала өлімінің артқанын айтты. Ресми мәлімет бойынша, биылғы сегіз айда босану барысында 131 өлім тіркелген. Акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Раушан Еспаева ана мен бала өлімінің себептері мен оған соқтыратын факторлар туралы айтып берді.

Акушер-гинеколог Раушан Еспаева

– Жүктілік кезеңі негізінен әйелдің қосымша ауруларына және босану ретіне байланысты болады. Анемия, қант диабеті, артериалды қан қысымының жоғары болуы, семіздік, бүйрек аурулары және т.б. аурулар жүктілік асқынуларына алып келеді.

Бұл ауру түрлері жүктілік кезінде преэклампсияның ауыр дәрежесі, қағанақ судың қалыптан тыс болуы – көпсулық немесе азсулық, резус-қайшылық, нәрестенің құрсақішілік дамуының тежелуі сияқты күрделі асқынуларға соқтыруы мүмкін.

Сонымен қатар, жүктілік кезеңіне әйелдің жас ерекшелігі де әсер етеді. Мысалы алғаш босанатын кәмелетке толмаған (18 жасқа дейін) немесе жасы үлкен әйелдерде (30 жастан жоғары) жүктілік кезінде және босану уақытында түрлі ауру асқынуы мүмкін. Егер әйелдің әлеуметтік жағдайы төмен, зиянды әдеттері бар немесе көпбалалы ана болса, асқыну жиілей түседі.

Жоғарыда аталған ауру түрлері жүктілік кезінде және босану барысында әртүрлі қиындықтарға әкеледі. Соған байланысты жүкті әйелдердің кейбірі мерзімінен ерте босануы мүмкін. Кей жағдайда әйелдерді арнайы ерте босандырып алады.

Жүктілік кезінде аурулардың асқынуы босану барысына кері әсер етуі мүмкін. Бұл ана мен баланың өміріне қауіп төндіреді, – дейді ол.

Акушер-гинеколог ана мен бала өліміне түрлі аурулардың әсер ететінін айтты.

– Көбінесе ана мен бала өліміне әйелдің қосымша аурулары әсер етеді. Мұндай жағдай болмас үшін жүктілікті алдын ала жоспарлаған дұрыс. Дәрігердің рұқсатымен ғана құрсақ көтерген жөн. Егер әйел анемия, қант диабеті және т.б. ауру түрімен ауыратын болса, алдын ала емделуі қажет. Құрсаққа бала бітпестен 2-3 ай бұрын жолдасы екеуі фолий қышқылын қабылдап, зиянды әдеттерден бас тартуы керек. Жүктілік кезінде стреске ұшырамай, сапалы тамақтануға аса мән бергені дұрыс.

Қазіргі әлемдегі жағдайға байланысты жүктіліктің екінші-үшінші триместірінде тұмауға қарсы вакцинация жүргізуге кеңес беремін. Өйткені бұл кезеңде келіншектердің иммунитеті төмендейді. Коронавирус инфекциясын жұқтырып алудан барынша сақтану қажет. Әр жүкті әйел жүктілік кезіндегі қауіпті белгілер туралы білгені жөн. Егер осындай белгілер пайда болса, дереу жедел жәрдемді шақыру қажет, – дейді Раушан Еспаева.

Ол өлім-жітім орын алмас үшін жүктілік кезінде алдын ала қандай шаралар қолдану керегін жеткізді.

– Жүктілікті жоспарлау, созылмалы ауруларды жүктілікке дейін емдеу, әйелдер кеңесіне уақытылы есепке тұру, ешқандай өз бетімен ем қабылдамау қажет. Дәрігердің кеңесін мұқият тыңдап, айтқанын екі етпей орындаңыз. Денсаулығыңызға үлкен жауапкершілікпен қарасаңыз дәрігерге де, өзіңізге де көмектесесіз.

Егер коронавирус жұқтырып алғаннан кейін жағдайы орташа немесе ауыр түрде болса, міндетті түрде ауруханада емделу қажет. Егер де жеңіл түрде болса, онда үй жағдайында дәрігер бақылауымен емделуге болады. Жеңіл түрдегі коронавирус ана мен бала өміріне қауіпті емес. Ал орташа және ауыр түрдегі коронавирус инфекциясы пневмония және тыныс алу жетіспеушілігі секілді асқынуға әкелуі мүмкін. Бұлар ана мен сәбидің өміріне қауіп төндіреді, – дейді ол.

Акушер-гинеколог Раушан Еспаева дерті асқынған жүкті келіншектің оқиғасын баяндап берді.

– Осы уақытқа дейін перзентхана мен шұғыл гинекологияда жұмыс істедім. Жұмысымда есте қалар түрлі оқиғалар болды. Биыл қыркүйек айының соңында жылдық демалысыма шығардан бір апта бұрын жүкті әйел есепке тұрды. Оның оң жақ аяғында артериалды тромбозы болған. Осы диагнозы бола тұра, екі баланы дүниеге алып келген. Бірінші перзентін өзі босанған, ал екіншісінде кесар тілігі арқылы босанған.

Біздің орталыққа үшінші бөпесіне жүкті кезінде келді. Бірақ 13-14-аптасында келген еді. Осы уақытқа дейін өз бетімен емделіп жүрген. Есепке тұрғаннан бір апта өткен соң ретромбоз (тромбоздың өршуі) анықталды. Ауруының асқынып бара жатқанын білген соң, дереу аурухананың реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Бұл жағдай тура менің демалыс уақытымда болса да ауруханаға барып жүрдім. Себебі ана мен сәбидің өміріне қауіп төніп тұрды. Ақыр соңы ретромбозы емдеуге келмегендіктен, әйел өмірін сақтап қалу үшін жүктілікті тоқтатуға келді. Мұндай асқынған аурумен жүкті болуға қатаң тыйым салынған. Сол себепті ота жасалып, әйелдің жатырын алып тастады, – деді Еспаева.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір