• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:19:58
Алматы
+12°

Карантин кезінде табысынан айрылуына орай қазақстандықтарға төленген 42500-дің жыры әлі басылар емес. Барлық жерге блок постар қойылып, халық жаппай жұмыссыз, табыс көзінсіз қалғанда 42500 теңге шөл даладағы бір жұтым судай болғаны рас. Өйткені халық өршіп тұрған індетке қарамастан ақшаны рәсімдеу үшін аяқтан тозды.

Бірақ артынша жәрдемақыны заңсыз алғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы хабар тарағанда, аш қалса да істі болудан қорыққан халық жаппай ақшаны кері қайтара бастады. Нәтижесінде республика бойынша 163 мың 75 адам алған ақшасын мемлекетке қайтарып берген. 42500-ді қайтару процесі мұнымен бітпей, талай адам әлі де 42500-ді кері "құсатын" секілді...

Көрнекі сурет

Өйткені 42500-ді алған аналар жөргекпұл мен бала 1 жасқа толғанша төленетін жәрдемақыны рәсімдей алмай, еріксіз карантин кезінде алған ақшаларын кері қайтаруда. Солардың бірі алматылық Дина өткен жылы қараша айында екінші баласын босанған. Алматы қаласындағы Алмалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне барып, тиесілі жәрдемақыны рәсімдеу кезінде "42500-ді кері қайтармаса, жәрдемақы рәсімдей алмайтынын" жеткізген.

 

– Карантиннің соңғы бір жарым айында 60 мыңдай ақша алдым. Бір айға толық 42 500 сосын жарты айға 21250 теңге түсті. Жәрдемақы рәсімдей алмайтынымды естіген соң, Халық банк арқылы кері қайтардым. Түбіртегін Алмалы аудандық Халықты қамсыздандыру бөліміне өткізген соң ғана жәрдемақы құжаттары рәсімделе бастады. Карантин кезінде жұмыссыз қалғаным рас. Жұрт қатарлы табыссыз қалған соң 42 500 теңгеге өтініш бердім. Құжаттарыма сай, өздері құптап, соңғы бір жарым ай алдым. Егер заңсыз болса, сол кезде неге берді? Қазір кішкентай нәрестемді қолыма алып, оны сұрау салып, жоқтап жүруге уақытым жоқ. Оның үстіне жас босанған соң індет жұқтырып алудан қорқып, қудаламай қоя салдым. Қарызға бергендей қайтарып алды ғой, – дейді жас босанған ана.

 

Жалғыз алматылық Дина ғана емес, Қостанай қаласында да төтенше жағдай кезінде бала күтіміне байланысты жәрдемақы рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған аналар 42500 теңгені қайтартып жатқанын осыған дейін де жазған болатынбыз.

Айта кетер жайт, былтыр жазда Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: "Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл – әлеуметтік төлем. Бұл – әлеуметке бағытталған төлем. Ешкім төлем алуға құқылы азаматтардан ақшаны қайтаруды талап етпеді. Тағы еске салайын – ешкімге ақшаны қайтарудың қажеті жоқ" деген еді. Бірақ берерін беріп алып, 42 500-ді даулаудан мемлекетіміз шаршайтын емес.

Заңгер Мырзабек Бекберді "бұл 42500 беру кезінде заңдық тетіктерінің дұрыс жасалмауынан туындап отырған мәселе" дейді. Бірақ бұл мемлекеттің қателігі ғой! Ендеше ол үшін қарапайым халық неге зардап шегіп, аяғынан тозуы керек?!

Карантин кезінде талай ел халқына барынша материалдық және моральдық көмек беруге ұмтылды. Ал біздің еліміз 42500 беріп, "қарық қылып", оның өзінің бір бөлігін қайтарып алғаны аздай, енді аналарымыздың жәрдемақысын 42500 теңге үшін саудаға салғаны қалай?!

Қуаныш Әбілдәқызы

Қуаныш Ерсұңқар

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір