• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:07:36
Алматы
+12°

Қазіргі кездегі жасөспірімдердің қылмыс жасауларының психологиялық аспектісі

Қазіргі кездегі жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктері мен іс-әрекеттеріне алаңдау жоғарылады. Құқықтық мемлекетке қадам басқан шақта қоғамға саналы адам қалыптастыру мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болатын болса, ол міндетті іске асыруға басты мақсат жасөспірімді жаңа рух та, жаңа көзқараста тәрбиелеуден айқын көрінеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алуға, оларға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған, кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ оларды тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту жөнiндегi мiндеттерiн орындамайтын не олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн ата-аналармен немесе басқа да заңды өкiлдермен жеке профилактикалық жұмыстарды қоса жүзеге асыратын құқықтық, педагогикалық, медициналық және өзге де шаралар жүйесiн күшейту қажет.

Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуына бірнеше себептер бар. Біріншіден, балалардың ата-анамен арадағы қарым-қатынастары қандай деген сауалдың жауабын табуымыз керек. Ата-ана перзентіне қаншалықты үлгі бола білді? Мұндайда «Бала отбасында қауіпсіздікті сезінді ме?

Ата-анасының махаббатына бөленді ме? Ата-ана баласы қандай болса, дәл солай қабылдай алды ма? Оның шалыс басуына себепкер болған жоқ па? ата-анадан ақыл-кеңес тыңдап, жауапкершілікті сезінді ме?» деген сұрақтар қойылады.

Әлеуметтік жағдайы нашар отбасында тәрбиеленген бала психолог, педагог және басқа да мамандардың көмегін қажет етеді.

Сонымен қатар, өтпелі кезеңде жасөспірімдер ойламаған іс-әрекеттер жасап, күтпеген шешімдер қабылдайды. Егер ата-ана баланы ұялтатын әрекеттерге барып, кінәлай беретін болса, балаға қол көтеріп, күш жұмсау арқылы айтқанын жасатып отырса және отбасындағы тәрбиені бала өскенде бейсаналы түрде оның барлығын өз тәжірибесінде жүзеге асырады.

Демек, ата-ананың мейірімін толық сезінбеген жасөспірімнің психологиясында ауытқу пайда болады. Балаға қатыгездікпен қарау, оны психологиялық және физикалық жағынан қорлаудың әсерінен жасөспірімде терең ішкі тұлғалық конфликт пайда болады. Ал оны қалпына келтіру үшін әр баланың жағдайының ерекшелігіне негізделген психокоррекциялық жұмыстар қажет.

Девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді түзету күрделі, әрі қиын, әрі ұзақ процесс. Оны іске асыруда көп шыдамдылық пен белсенділік қажет. Қазіргі, осы саладағы әлеуметтік, педагогикалық талаптар мен жүзеге асырылып жатқан тәжірибелер негізінде, бұл саладағы тәрбие міндеттерін жүзеге асыруда мынадай шарттарды орындау қажеттігі туады:

  • балаға ілтипатпен, ізгі тілектестікпен қарау;
  • оның жағымды қасиеттеріне сүйену;
  • оның адамгершілік күшіне, потенциалдық мүмкіндіктеріне сену;
  • оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жасалған жалпы білім беретін бағдарламаларды тиімді пайдалану;


Жасөспірімдердің мінез-құлқын түзетуде тиімді нәтижелерге жету үшін, бала өсіп жатқан отбасымен комплексті, яғни кешенді түрде жұмыс істеу қажет. Ол үшін отбасылық өзара әрекеттесу стилін өзгертіп, тәрбиелік әсер ету әдістерін тиімді болатындай таңдау керек.

Агрессивті балалармен жұмыс жасаудың негізгі ережелері:
1. Баланың сұранысы мен қажеттілігіне мұқият болу;
2. Агрессивті емес мінез-құлықтың үлгісін көрсету;
3. Баланы жазалауда бірізді болу, тек нақты іс- әрекеті үшін жазалау керек;
4. Жазалау баланың абыройына нұқсан келтірмеуі керек;
5. Ашу-ыза кезінде оны тарқата білу тәсілдерін үйрету;
6. Белгілі бір себепті жағдайдан кейін балаға өз ашу-ызасын білдіруге мүмкіндік беру;
7.Айналасындағы адамдардың және өзінің жеке басының эмоциональдылық жағдайын танып білуге үйрету;
8. Эмпатияға деген қабілеттілігін дамыту;
9. Баланың мінез-құлқы аясын кеңейту;
10. Дау-жанжалды жағдайларда өзін ұстай білу дағдыларын пысықтау;
11. Өзіне деген жауапкершілікті сезіне білуге үйрету.

Жұбаназарова Назираш Сулейменовна

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессор м.а.,  психология ғылымдарының кандидаты

Лиясова Айгуль Амангельдиевна

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір