• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 10:11:29
Алматы
+12°

Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін Қазақстаннан студенттік визамен немесе толыққанды көшу мақсатында 21 069 адам кеткен. Тіпті олардың шетелге көшуіне коронавирус індетінің таралуы да бөгет бола алмаған. Ендеше, бүгінде олар қалай күн кешіп жатыр? Жалпы, отандастарымызға өзге ел несімен қызық? Қамшы тілшісі осы сұрақтар төңірегінде пандемияда Түркияға қоныс аударған қазақстандық әнші Мақпал Құлшынбаевамен сұхбаттасты.

Күніміздің 42500-ге қарап қалғаны қатты ойландырды

– Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мен тойда әнші болып, күнкөрісіме қажет табыс тауып  жүрдім. Негізгі жұмысым сол еді, шыны керек. Соның өзі тұрақты емес, той маусымында болды. Бірақ бір тапқанда қомақты табыс табатынбыз да, қалған маусымда сол қорымызды жұмсайтынбыз. Өздеріңіз білетіндей, былтыр әуелі Қытайда басталып, кейін біртіндеп бүкіл әлемді  коронавирус жайлап алды да, пандемия салдарынан тойдың бәрі тоқтап қалды. Той түгілі үйден шығу мұң болғанын бәріміз білеміз. Әсіресе, маған ауыр тигені –  күніміздің кеше ғана бір кеште, тіпті бір-ақ тойдан ғана табатын 42500 теңгеге қарап қалғаны. Содан төтенше жағдай алынып тасталып, шекара ашылған сәтте маған бір шешім қабылдау керек болды. Бұрыннан іштей басқа бір мемлекетте тұрып көрсем деген ниет болатын. Сол ойымның іске асатын уақыты келгенін түсіндім.

Түркияны жалпы баяғыдан мұсылман мемлекеті ретінде өте жақсы көремін. Кішкентай кезімнен түрік тіліне деген махаббатым болды. Бұл елдің салт-дәстүрі де бізге ұқсас келеді. Сол себепті де келген кезден еш жатырқамадым, – дейді әнші.

Мақпал Құлшынбаева

Түркияға ғашықпын

– Әсіресе, түрік тағамдары, шайы, менталитеті қатты ұнайды. Ең алғаш бұл елге 2012 жылы құрбым екеуміз фестивальге шақырылдық. Сонда түріктің бір сөзін түсінбей аңтарылып қалдым. Алайда құрбым тілді жақсы білуші еді, соның көп жерде көмегі тиді. Әрі түрік халқымен емін-еркін сөйлескен оған қатты қызықтым. Содан елге оралғаннан кейін түрік тіліне деген махаббатым керемет ашылды. Сөздерін естіген сайын ести бергім келеді. Әндері жайлы тіпті айтарға сөзім жоқ. Түрік әншілерінің ерекше үні, ал актерлерінің ойнау шеберлігі... Ғаламтордан күн сайын әндерін тыңдап, үзбей таза түрік тілінде телехикая көретін болдым. Солайша мен бұл тілді ешқандай курсқа бармай, әп-сәтте өзім үйреніп кеттім. Барлығы құштарлыққа байланысты ғой, – дейді ол.

Мақпал Құлшынбаева

Қатты қорыққаны сонша,

тіпті 2-3 маска қабаттап тағып алатындар да ұшырасады

– Түркияда дәл қазір пандемия өршіп тұр. Сол себепті көп нәрсеге шектеу қойылған. Сенбі-жексенбі күні сыртқа шығуға рұқсат жоқ. Жұмыс күндері таңғы сағат 5:00-ден 21:00-ге дейін сыртта жүруге рұқсат етіледі.  Тіпті көшеде де маска тағу керек. Кейбір кісілер асыра сілтеп, 2-3 маска тағып алады. Түркиялықтар "маска, ара қашықтық, тазалық" деп, індетпен қатты күресіп жатыр.

Түріктердің жалпы болмысы жайлы айтсам, олар жалқау халық емес. Жоқтан бар жасап, кішкентай дүниеден табыс көзін тауып алады. Тағы бір ерекше қасиеті –  намысшылдығы. Олар көшеде  тапжылмай тұрып су, салфетка сатса да қайыр сұрамайды. Осындай еңбекқор қасиетін өз басым үлгі тұтамын.

Жалпы басқа халық, сырт көзбен Стамбулдың тек жақсы жағын, әдемі табиғатын көреді. Сол себептен көбі көшіп келуге құмар болатын шығар. Дегенмен бұл елдің маған ұнамаған да тұсы да бар. Әсіресе, көлік кептелісі шаршатып жібереді. Бір жерден екінші жерге жету қиын. Сондай-ақ тұрғындардың қоқысты әр жерге тастап кететіні де ұнамайды. Мен кішкентай қағаз болса да қоқыс жәшігін іздеп кетемін, – дейді Мақпал Құлшынбаева.

Мақпал Құлшынбаева

Болашақта осы елден үй алғым келеді

– Стамбулда қазақтар өте көп. Зейтінбұрны, Гүнешлі деген жақта жергілікті бірыңғай қазақтар тұрады деуге болады. Біразын танимын да. Қазақстаннан келген қазақтардың көбі мұнда саудамен айналысады.

Қазіргі тіршілік көзіме келсем, Түркияда да әнімді тастаған жоқпын. Арасында тіл білгенімнің арқасында аудармашы болып та жұмыс істеймін. Осында келгелі 2-3 тойда ән шырқадым. Сондай-ақ кішігірім бизнесім де бар.

Болашақта осы елден үй алғым келетін ниетім бар. Бойжетіп қалған қызым бар. Сол қызымды жақсы жерде оқытып, осында өсірсем деген арманым бар. Алайда өз еліңде өмір сүргенге ештеңе жетпейді ғой, түбі елге ораламыз, – дейді ол.

Мақпал Құлшынбаева

Табыс көзіңіз болса ғана тәуекел етіңіз, әйтпесе...

 –  Түркияға келгенде, тілді білгеніңіз жақсы. Пәтерді жалдау жағын алдын ала дайындап алған абзал. Бұл елде таныстарыңыздың болғаны дұрыс. Себебі тұрғындар шетелден келген адамдарға бірден пәтер бере қоймайды. Ал Түркияда тұратын таныс адамыңыз болса, соның арнайы куәлігі арқылы пәтер алу да оңай болады. Табыс табатын жұмысыңыз болса ғана бұл елге келуге тәуекел етіңіз. Өйткені бұл жерде барлығы да қымбат. Ең бастысы, алаяқтарға алданып қалмау үшін өз-өзіңізге сақ, бекем болуыңыз керек, – деп сөзін түйіндеді Мақпал Құлшынбаева.

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір