• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:43:27
Алматы
+12°

Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллионнан астам қандас көшіп келіпті. Алдағы уақытта да «Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, шетелде тұратын этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуы өседі деп күтілуде. Бірақ соңғы жылдары елімізге көшіп келгісі келетін қандастардың қатары азайғаны рас. Қайта елді тастап көшіп кеткісі келетіндердің қатары арта бастаған сыңайлы. Мәселен, 2012 жылдан бастап жалпы республика аумағынан кетушілерден гөрі келушілер санынан едәуір асып кеткен. Неге? Жалпы көш неге саябырсып қалды? Елге келген қандастарымыздың жағдайы қалай? Олардың алдынан шығатын тіл мәселесін, жұмыспен қамтылуын, әлеуметтік жағдайын  оңтайлы шешіп бере алдық па? Айта кетер жайт, елімізге көшіп келгендердің арасында дипломы бар, мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі бар, білікті мамандары да елге оралды. Бірақ солардың арасынан суырылып шығып, қызметке араласып, біліктілігі мен тәжірибесін ел дамуына жұмсағандарын байқай алмадық. Неге? Арнайы бағдарлама арнап, «Болашақпен» маман дайындауға миллиардтар бөлгенше, елге өз аяғымен келіп тұрған дайын маманды неге кәдемізге асыра алмадық?! Көкейдегі көп сұраққа жауап табу үшін елге келген қандастарымыздың бірін әңгімеге тартып көрген едік.   

Салтанат ағаны алғаш құрылыс жұмыстарында, үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын істеп жүрген кезінде таныдым. Тілі шұрайлы, өлеңдері отты. Сөз саптасы да көп нәрседен хабар беретіндей, қоғамдағы әрбір іске өзінің азаматтық көзқарасын білдіре алатын қалпына қарап, алғашында «құрылыс саласында не істеп жүр» деп таң қалдым. Ойым алдамапты...

 

– Аға, Қазақстанға қашан көшіп келдіңіз?

Атажұртқа алғаш 2010 жылы туыстарға қыдырып келгенде жолым түсті. Кейін 2013 жылы біржола қоныс аудардым. Елге келгендегі басты мақсат ұрпағымыз өз елінде қазақылығын сақтап, өсіп өнсін деген ой еді. Шынын айту керек, Қазақстан бізге не береді немесе елге келіп, бірдеңе ала қояйық деп қоныс аударған жоқпыз. О баста квотасыз өз бетіммен туыстық паспорт арқылы көшіп келдік. Елге келгенімізге он жылдан асса да әлі күнге бір мекеменің есігін қағып, көмек дәметіп көрмеппіз. Тек осы індет кезінде 42500  теңге көмек алдық. Соны алған кезде мемлекет те бізді ойлайды екен-ау деп кәдімгідей қуанып қалдық.

– Келгелі орыс тілі алдыңызға кедергі болған кез бар ма?

Талай рет алдымыздан шықты ғой. Жұмыс істегіміз келіп, әрекет еткенде екі үш рет кедергі болды. Тіл білмегеннен шеттетіліп қалып жаттық. Алғаш келгенде Қытайдан Қазақстанға визасыз кіріп шығу үшін ықтиярхат жасаттық. Ішкі істер басқармасың көші қон бөлімінде бір барғаннан бітіп кететін құжат үшін екі үш ай сандалған кезіміз болды. Ұзын сонар кезекке тұрып, кезегің келіп алдына әзер жеткенде, «мына құжатыңыз жоқ екен» дейді. Ол құжатты алып қайтадан кезекке тұрасың, тағы бір құжаттың құлағы қылтияды. Тағы кері қайтамыз. Қысқасы тіл білмегеннен олар бізге түсіндіре алмай, біз оларды түсінбей құжат ісімен көп сандалдым.  Орыс тілін білмеймін, қазақшалап неше қайтара сұрасам да, орыс тілінде жауап береді. Солай тіл білмегендіктен айлап сандалған күн де өтті басымыздан. Сол кездері орыс тілді қазақтарды көргенде солай қатты түңілгем.

– Қытайда қай жерінде тұрдыңыз? Немен айналыстыңыз?

- Чжин Жанг Іле Күнес ауданында тұрдық. Ол жерде қазақтар көп қоныстанған. Әлі де ол жерде 150 мыңдай қазақ бар.

- Отбасыңыз туралы айтып беріңізші...

– Отбасымда бір ұл бір қызым бар. Әйелім үйде жұмыссыз. Елге келгелі де ешқандай әлеуметтік жәрдемақы алып көрген емеспіз. Өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Тұрақты жұмыс істегіміз келеді. Бірақ тіл білмегендіктен, бізге сай келетін жұмыс табылмады. Табылғанының айлығы мардымсыз. Сонымен тұрақты жұмысқа орналаспай, өз өзімді жұмыспен қамту мақсатында тірлік етіп жатырмын.

– Өлең жазатыныңызды білемін. Рухани ортамен байланыс жасап, алдыңғы жылдары «Жазушылар одағында шағын кеш берем» деп жүргеніңізден хабардармын. Әсіресе Қытайдан келгендер сөз өнеріне мықты. Бұл неліктен?

Анау айтқандай ақынмын деп айта алмаймын. Кейде бір шабытым ұстағанда өзім үшін түртіп қоятыным бар. Жазушылар одағына мүше де емеспін. Бірақ Жазушылар одағында өлеңдерімді оқыған ағаларымыз қолдау білдірген соң, оқырмандармен шағын бір кездесу өткізгеніміз бар. Адам болған соң қым-қуыт өмірде әрнәрсе көңіл күйге, жаныңа әсер етеді. Сосын еріксіз қалам ұстайсың, іштегі үніңді шығарғың келеді. Сөйтіп жазылып жатады. Біз Қытайда бастауыш сыныпта тек қазақ тілінде білім алдық. Қытай тілі үшінші сыныптан бастап қана оқытыла бастады. Ұстаздарымыз қазақтың бай тарихын, әдебиетін, сөз өнерін, шұрайлы тілін бойымызға сіңірді. Қытайдан келетіндердің сөздік қорының кеңдігінің де сыры осында ма деймін. Осы орайда айта кетейін, Қазақстанда бірінші сыныптан бастап, орыс тілі, ағылшын тілі қазақ тілімен қатар үйретіліп жатады. Баланың санасына алдымен ана тілі – қазақ тілі мықтап сіңірілуі керек. Басқа тілмен қатар үйренген соң ана тілінің құны қалмайды. Үш тілді қатар үйренген соң, ана тілінің құнары, шұрайлылығы сақталмайды. Осы бір үрдіс баланың тілінің шұбарлануына әсер етіп жатыр деп ойлаймын. Қалың қытайдың ортасында жүрсек те, қазақ тілін ұмытпауымызға, тіліміздің шұбарланбауына бастауыш сыныптағы білім беру қатты әсер етті.

– Қандастармен араласып тұрасыз ғой. Елімізге көшіп келген қандастарға ортақ мәселе қандай?

Қандастарымызға ортақ мәселе – тіл. Біз ұрпағымыз Қытайда өзге ұлттың әдетін бойына сіңірмесін, өз елінде нағыз қазақы тәрбиені бойына сіңірсін, ұлттық салт-дәстүрді меңгерсін деп көшіп келдік ғой. Бірақ кейде балаларымның тілін шұбарлап сөйлеуі, ұлттық салт дәстүрді ойдағыдай меңгермеуі жаныма батады. Қандастардың түпкі мақсаты желге ұшты ма деп алаңдаймын. Қазақтың ұлттық болмысы мен қазақи тәлім-тәрбиені бойына сіңірсе тілді уақыт өте өздері ұғынып алар еді. Мектепте тек пәндік сабақтарды ғана өте бермей, ұлттық рух пен қазақи тәлім-тәрбиені бойына қатар сіңірсе балаларымыз мұншалықты батысқа еліктемес еді. Сондықтан мектепке осындай бір бағытта пән керек деп ойлаймын.

- Қытайда шағын цехтар көп деп естиміз. Ал біздің елімізде шағын және орта бизнестің дамуы қиындау болып отыр. Осы орайда шағын цех қондырғыларын алып келіп, өндірісті дөңгелетіп әкетуге не кедергі?

– Қытайлықтар қондырғыларды әкеліп, өз үйінде құрып алып шағын цехқа айналдырып жұмыс істей береді. Базардан орын алып, сол жерде жұмыс істесе де, ол үшін базарға жалдау ақысын төлемейді. Яғни қондырғы сатып алып, толықтай өз ісін жолға қоюға барын салып кіріседі. Ал бізде базардан орын сатып алса да, күнделікті орынға салық төлейді екен. Сол базардың жарығына, қоқысына, суына деп ақша жинайды. Қысқасы өндіріспен айналыспай жатып жағаңнан алатын қаптаған салық істі өндірмейді. Қытайда бір өндіріс орнын ашам десең үш жылға дейін өсімсіз несие береді. Мұндай жүйе белгілі бір өндірістің аяққа тұрып кетуіне оңтайлы деп ойлаймын. Кез келген өндірістің жанданып кетуіне үш жылдай уақыт керек қой. Бұл жүйеде соны ойластырған. Үш жылдан соң өндірісі жанданған кәсіпкер алған ақшасын мемлекетке қайтарып беріп, әрі қарай сол кәсіпті өзі дөңгелетіп әкетеді. Бізде осындай өндіріс ашам дегендерді жан-жақты қолдау жоқтың қасы. Рас, көмек алып жатады. Ол бір азғантай ғана орта. Көп адамға қолжетпес жүйе.

– Қандастарымыздың қабілетін тиімді пайдалану арқылы Қытайдың ел басқару жүйесін, жетістігін, артықшылықтарын өз елімізде пайдалану мүмкін бе еді?

Қытайдан көптеген білікті, білімді, бар білгенін осы елдің дамуына жұмсасам екен деп келген қандастар жетерлік. Тек олардың сол артықшылығын өзімізге пайдалана алмадық. Көп маманның дипломы сандықтың түбінде қалды. Мәселен, менің өзімнің де дипломым сандықта жатыр. Қытайда астық саласы бойынша жоғары білім алғанмын. Сол диплом бойынша жұмыс та істегем. Мемлекеттің артық астық қоры болады. Соғыс жағдайында, немесе астық тапшылығы орын алса деп артығымен қамбаларға жинайды. Әсіресе бидайды құрт құмырсқаға жем қылмай, көгертіп алмай сақтаудың маманымын. Сонша халық бар елде, артығымен астық жинау оңай емес. Оның сан түрлі әдісін меңгеріп, елге көшкенше сол мамандық бойынша еңбек еттім. Өз басым шетелден көшіп келген қандастардың білімі, тәжірибесі тіл білмегендіктен пайдаланылмай қалды деп ойлаймын. Тіл дегенде қазақ тілінде сайрап тұр ғой бәрі, орыс тілін білмегендіктен қандастарымыздың дипломы керексіз болып қалды. Тіл дегенде айта кетейінші Қазақстанда мемлекеттің тілі, сосын халқтың тілі деген ұғым қалыптасқан. Жоғары жақ ресми тіл орыс тілінде сөйлейді. Ал қарапайым халық қазақ тілінде тілдеседі. Үкімет қарапайым халық өздерінің сөйлеген тілін түсініп жатыр ма, жоқ па мән бере бермейді. Кейде мемлекеттік арналарды тыңдап отырсаң инновация, индустрия, конференция деп жатады. Қазақ тілінде-ақ айтып жатыр, бірақ ол атаулар қарапайым халыққа түсініксіз. Мектепте де балалар айтып келеді кейбір атауларды, мағынасын еш түсінбейміз. Соларды қазақ тіліне ыңғайлап аударуға болмас па екен деп ойлаймыз. Әйтпесе көшіп келгенімізге он жылдай болды, қазақтың тілі қазақылана ма десек, басқа да шұбарланған атауларды оп-оңай қолданысқа енгізіп алып жатыр. Сол қынжылтады.

Осындайда еріксіз мемлекетіміз қандастарды әкелерін әкеліп алып, ары қарай олардың мәселесін шешусіз қалдырған жоқ па деген ой қылаң береді. Қытайдан көшіп келген бірнеше көршім бар. Бірі қазақ қытай компаниясында көлік жүргізушісі. Қытайдан үйреніп келген қытай тілінің арқасында қытай жұмыс берушілерінің көлік жүргізушісі болып жүр. Тағы бір көршім қандас. Ол да қара жұмысқа жалданып жүр. Сұрастырсам дипломды маман. Бірақ дипломы кәдеге аспай жатыр. Бір көршімнің үйіне төрт рет ұры түсіп, құқық қорғау орындары «төте жазумен жазған арызды тіркеуге алмаймыз» деп арызын қабылдамай кеткенін де көріп, қандастарымызды ең болмаса осындайда тіл мен криллица жазу жағынан көмектесетін маманмен қамтамасыз ете алмадық деп қынжылдым. Миллион қандасты әкелгенмен солардың елімізде еркін құқығының қорғалуын қамтамасыз ете алмағанымыз өкінішті. Сонда да құқығының бұзылғанына, жұмыссыз қалғанына мән бермей «тек балам қазақылығын сақтаса деп көшіп келіп ем, тілі шұбарланып барады» дегеніне қарап төмен қарадым...

Қуаныш Ерсұңқар

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір