• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

31 Қазан, 10:25:05
Алматы
+12°

Алматыда қатаң карантин енгізілгелі тұрғындар күнкөріс қиындап кеткенін айтады. Оның үстіне оларды танысы барлардың карантин талаптарын орындамайтыны ашындырады.

"Болашақ" базарында балалар киімін сататын Аманкүл Құттымұратова базар жабылғалы жағдайының қиындағанын жеткізді.

– 2013 жылдан бері осы базарда істеймін. Наурыз мерекесінің алдында базарды жауып тастады. 27 наурызда жұмысымызды бастаймыз деп қуанып отырғанда карантинді тағы 2 аптаға созды. Оның алдында қолдағы бар ақшамызға тауар алып қойғанбыз. Енді не істерімізді білмей, күйеуімнің бір айлығына қарап отырмыз. Негізгі нәпақамыз осы сауда еді. Жұмыс тоқтағалы тұрмысымыз қиындап кетті. Уақытша жұмыстар да шықпай қойды. Орын бар жерлер тұрақты адам керек дейді. Ай  сайын 80 мың теңге кредит төлеймін. Балам университетте ақылы бөлімде оқиды. Оның да ақшасын төлейтін уақыт жақындап қалды. Жандарбек Бекшин мырза не істеп, не бітіріп отырғанын түсінбеймін. Жапса, барлығын бірдей жапсын. Өзім Алматыға жақын Қарасай ауданында тұратындықтан, Алтын орда базарының істеп тұрғанын көріп жүрмін. Базарлардың жұмысын белгілі бір уақытқа дейін шектесе оған да көнеміз ғой. 5 күн жұмыс істетіп, сенбі, жексенбі тоқтатса да мейлі. Қазір халық кредитке байланған. Жұмыс тоқтап тұрса, кредитті қалай төлейміз?! 12 сәуірге дейін базар жұмысына рұқсат берсе екен, – дейді саудагер. 

Асаба Мейірбек Байшағыров карантинге қарамастан тойға шығып жүрген әріптестерін толық қолдайтынын жасырмады.

– 2013-тен бері той саласында қызмет етіп келемін. Карантин бәрімізге қиын болып жатыр. Десе де жасыратын несі бар, карантинді ұзартқанымен қазақ той жасауды тоқтатпайды. Қанша жерден шектеу қойылса да халық тығылып той жасап жатыр. Локдаунды ескермей тойға шығып жүрген әріптестерім туралы ештеңе айта алмаймын. Өйткені олардың бірі өзіммін. Бізге де бірдеңе қылып күн көру керек. Оның үстіне үкімет барлық мейрамхана, кафе, сауда орындарының жұмысына шектеу қойса түсінетін едім. Ал қазір кей нысандар жұмыс істеп тұрғанын бәріміз көріп жүрміз. Сонда олардың жұмысы заңды екен де, біздің жұмысымыз заңсыз ба. Бұл әділ ме?! Заң ортақ болуы керек қой, –  деді асаба.

Карантиннің күшейтілуіне байланысты табыссыз қалғандардың бірі – Тамара Күзембаева. Ол – 8 жылдан бері аспаз.

– Алматыдағы кішігірім "Шабада" деген кафеде 8 жылдан бері аспазбын. Карантин күшейтілгелі жұмыссыз отырмын. Көптеген жерлерге сөйлескенімде карантинге байланысты істемейтіндерін айтты. Қазір жұмыс таба алмай үйде отырмыз. Денсаулығымыз үшін көнуге бармыз. Бірақ кей жерлерде жасырын той жасап, жұмысын тоқтатпағандарға қарап" үкімет осы не қарап отыр" дейсің. Ешкім ешкімнің ырысын қызғанбайды ғой. Бірақ талап барлығына ортақ болуы керек қой. Жабатын болса, барлық кафелерді жабуы қажет. Сонда "крышасы" барлар күн көріп, біз сияқты қарапайым халық аш отыруы қажет пе?! Өзім жалғызбасты ана болғандықтан, тұрмыс жағынан қиындық туып жатыр. Табыс жоқ болғандықтан кредит төлей алмай отырмын, – дейді Тамара.

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір