• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 09:53:46
Алматы
+12°

Қазір Каспийдің жағдайы жұртшылықты алаңдатып отыр. NCOC халықаралық мұнай өндіруші компаниясы Каспий теңізіндегі судың төмендеуіне байланысты жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын теңіз түбімен екі канал қазуды жоспарлап отыр. Бұған бірқатар қоғам белсенділері қарсы шығып, мұның арты экологиялық апат әкелетінін жеткізді.

Ғалымдар қарт Каспийдің жылдан-жылға тартылып бара жатқанын бірнеше рет көтерген болатын. Алайда оған құлақ асып отырған ешкім жоқ. Бүгінде теңіздің 5 мың шаршы километрден астам аумағы құрғап кетті, аралдар мен шығанақтар пайда болды. Су деңгейі 1,5 метрге төмендеді. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Бұлай кете берсе, еліміздегі ең үлкен су қоймасы Аралдың күйін кешуі ғажап емес. Қазіргі таңда миллиондаған жылдар бойы дамып келе жатқан Каспийдің бірегей флорасы мен фаунасына үлкен қауіп төніп тұр.

Алайда мұнай олигархтары бұған бас қатырып отырған жоқ. Олар тек қыруар қаражат табуды, пайданы ғана көздейді. Осы ретте NCOC мұнай компаниясы теңіз тартылып бара жатқанын, кемелер жағалауға жете алмайтынын алға тартып, ұзындығы 56 шақырым болатын бірнеше кеме жүретін каналдарды салмақшы. Егер біз Каспийдің түбін қаза берсек, су деңгейі одан сайын төмендемей ме? Арал секілді тартылып, тағы да шығанақтар пайда болмай ма? Онсыз да қыл үстінде тұрған теңіз тағдырына тек пайда көзімен қарап, экологиялық жағына мән бермей, шикі жобаны мақылдау – үлкен қылмыспен пара-пар іс емес пе?

Қазір экологтар, жергілікті тұрғындар дабыл қағып жатыр. Бірақ олардың үндері жоғарыға жетпейді. Жетсе де, мұнай олигархтарына шыбын шаққан құрлы әсер етіп отырған жоқ. Дегенмен, Каспий – трансшегаралық теңіз болғандықтан, оның жағдайы басқа елдерге де әсер етуі ғажап емес. Сондықтан мәселені мемлекетаралық деңгейде көтеріп, жобаға тыйым салу туралы шешім қабылдауға ықпал еткен жөн.

Әйтпесе, ертеңгі күні канал қазылса, қаншама балық қырылады. Теңіздің тыныштығы бұзылады. Балықтар қоректенетін су астындағы өсімдіктер жойылады. Каспий теңізінің флорасы мен фаунасына үлкен зияны тиеді. Ал оны Экология мен Энергетика министрліктері, NCOC компаниясы ескеріп отырған жоқ. Сондықтан су түбін тереңдету жөніндегі кез келген жұмыстарға мораторий жариялау қажет. Экономикалық жағынан орасан зор пайда табамыз деп, қарт Каспийден айрылып қалмайық.

Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:

Қазір Каспийге құятын Жайық өзені тартылып жатыр. Бұрын ол жақтың балығы қандай керемет болушы еді. Қазір сасық балыққа зар болып қалдық. Шенеуніктер түк бітіре алмай отыр. «Ресей су жібермейді» дегенді сылтау қылады. Енді осылай отыра береміз бе? Әрекет ету керек қой. Өз құқымызды талап етпей, үнсіз отыра берсек, ертең Каспий Аралдың кебінін кимей ме? Қазір бүкіл Жайық бойындағы халық қаңғып қалды. Балық түгілі, маса жоқ. Қара икра деген түсімізге де кірмейді. Онымен қоса, Каспийдің Атырау жағалауы, Исатай, Құрманғазы, Құлсары аудандары жерлерінің мұнайын сорып, ақ топыраққа айналдырдық. Мұнай алған бірде-бір компания ол жердің дамуына қаражат құйған жоқ. Бәрі сол күйінше қалды. Ол аз болғандай, енді Қытайлар келіп зауыттарын салып жатыр. Атырудың экологиялық ахуалы құрып бітті. Қазір мен бауырларыма «тұқымдарыңмен құрып кетпей тұрғанда, тез көшіңдер!» деп отырмын. Мұнай халықты елден бездірді. Мұнай қалдықтары тонна-тонна болып жатыр. Сол қалдықтан Канада, Жапония, тіпті көрші Ресейдің өзі көк тайғақ болмасын деп, асфальт жасап жатыр. Ал біздің шенеуніктер оны Қытайға сатып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ол жақта қазір геноцид жүріп жатыр. Атыраудың жағдайы өте ауыр. Мұнай компанияларының кесірінен экологиялық апат туындап отыр. Бұрын шұбатымен, балығымен, картоп өсірумен танылған Атырау жерінен қазір ештеңе шықпайды. Енді тағы Каспийден канал қазып, мұнайын сорғылай беретін болса, онда бұл өңір тіптен құриды. Бұл арнайы жасалып отырған саясат. Халықты қырудың амалы. Геноцид жүріп жатыр. Әйтпесе, мұнайдың түкке керегі жоқ. Ертең 10-15 жылдан кейін оның қажеті болмай қалады. Бірақ осының кесірінен бүгін егінді, бүкіл халықты қырып жіберіп отырмыз. Мұның салдары ауыр болады.

Қалай десек те, қазір қарт Каспийге тықыр таянды. Мұнай аламыз, пайда табамыз деп, теңіздің тағдырына балта шауып отырмыз. Ол жақтың халқы, балалары мен жастары енді қайда барады? Олар Атыраудан кетпесе, экологиялық жағдай тым ауыр. Әрине, Каспий түбінен канал қазуға облыстың барлық тұрғындары дерлік қарсы болар еді. Бірақ олардан кім рұқсат сұрайды?.. Шынында, қазір қарт Каспий күңіреніп тұр. Аралдың кебін кимесе жарар еді...

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Каспий Арал теңіз

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір