30 Сәуір, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
1985 жылы 44 жастағы Левон Аракелянның әйелі Тося одан картоп сақтау үшін жертөле қазуын сұрады. Ол біраз уақыт кешіктіріп жүрді де, бір күні қаза бастады.
Қаза салып, үлкен тас шықты. Содан бағытын өзгертіңкіреп қаза түсті. Қаза жүріп, тағы кедергі шықты. Сосын үшінші рет тағы бағытты өзертіңкіреп қаза берді.
Қызығы, қазған сайын Левонда қызығушылық пайда болды. Ол тек картоп сақтайтын жертөле емес, үлкен тунелге айналып бара жатты.
"Менің шалымның қызығушылығы күннен күнге артып, жер қазған күннен бастап, басқа адамға айналды. Ол бұрын достарымен үнемі қыдырғанды жақсы көретін. Жертөле қазғаннан бастап, содан ләззат алғаны соншалық, демалысты да ұмытып кетті. Жертөле азық-түлік сақтайтындай үлкен болса да, ол жалғасты қазуын тоқтатпады" дейді әйелі Тося еске алып.
Көп өтпей Левон керемет жер асты сарайын салып тастады. Бір жыл өтті, екі жыл, үш жыл, төрт жыл, сөйтіп жылдар өте берді. Левон балға, бұрғы сияқты қарапайым құралдарды қолданып, өзі жасаған жер асты дүниесін жалғастыра берді.
Алғашқы кезде тасқа кезіксе күніне 17 сағат жұмыс істейтін де 7 см де жылжи алмайтын. Кейінірек тездей бастады. Осылайша, бірінен кейін бірі болып жер асты бөлмелер қосыла бастады.
"Менің кішкене ғана өтінішім Левонның өмірлік жобасы болатынын ойламаппын" дейді кемпірі еске алып.
Бірнеше жыл қазған соң, кемпірі Левонға қазуды тоқтатуды сұрайды. Бірақ оның берілгені соншалық, күніне 4 сағат қана ұйықтап, жер асты сарайын қазуға кіріседі, тіпті екі күнде бір рет қана тамақтанатын болған.
Тося оның бұл жұмысқа жан-тәнімен берілгенін және қайтпайтынын түсініп, оны тоқтатудан күдерін үзді де қолдауға көшті.
Бірақ көршілері оны білген соң мазақтай бастады. Дегенмен Левон ештеңені елемеді, өзінің сүйген ісін жалғастыра берді. Тіпті елде қиын жағдай болғанда, электр тоғы жоқ болғанда өзінің жобасын тоқтатпады. Левон май шам жағып, өзінің шеберлік жұмысын жалғастыра берді.
Сөйтіп, жылдар бойы қарияның жасаған еңбегі таңғаларлықтай болды. "Мен мұны шалым жасағанына куә болмасам, оны бір ежелгі ерекше тарихи құрылыс деп ойлайтын едім" дейді Тося мақтанышпен есіне алып. Оның айтқаны рас еді. Ешкім де оны әдеттегі ауыл адамы жасады деп ойламайтын дүние еді.
Жер асты сарайы өте керемет әдемі болды. Керемет декорацияланған, өте жіңішкелікпен жасалған еді. Баспалдақтар, қабырғалар, скулптура, бөлмелер бәрі керемет ұқыптылықпен әдемі безендірілген. Архитектуралық тұрғыда таңғаларлықтай болды.
Көптеген адамдар мұндай керемет туындыны ешқандай білім мен арнаулы құралсыз, қалай әдеттегі ауыл тұрғыны жасағанға таңғалды.
Левон әзілдеп "маған жоғарыдан ерекше бір күш көмектесті" дейтін. Ол "мен түсімде жерасты сарайдың келесі жобасын көрем, сосын соның дәл өзін жасаймын"дейді.
Осылайша бүкіл жан-тәнімен берілген Левон жер астында жеті қабатты сарайды 23 жылда таңғаларлықтай етіп жасап шықты. Бұл кейінірек Армениядағы ең керемет туристік орталықтардың бірі болған жер асты сарайы еді. Бірінші қабатқа түсу үшін 80 баспалдақ болды.
600 жүк көлігі таситын топырақ шығарылған.
Левон 2008 жылы 67 жасында қайтыс болды. Жұмыс аяқтамай қалды. Ол тағы 30 жыл жоспарлаған еді.
Левон көз жұмған соң, оның жұмысы туралы әңгіме бүкіл Арменияға тарады. Халық келіп көре бастады. Кейін ақпарат тіпті бүкіл дүниеге тарады. Туристер келе бастады.
Тося шалының жасаған кереметін қуанышпен таныстырды. Күн өткен сайын дүниенің түкпір-түкпірінен адамдар көбейіп, Тося оларға бүкіл жерасты кереметін түсіндіретін болды. Кейін ол туристік бизнеске айналды.
Левонның кемпірі байып бастады. Оның жерасты сарайын салғандағы құралдары, сол процесстегі фотолар бағалы мұрағат болып, әлемнен келген туристер тамашалады.
Уақыт өте Левонның еңбегі мұражайға айналды. Тіпті, онда көптеген америкалық шоу, сериалдар түсірілді.
Сөйтіп, Арменияның бір ауылындағы Левонның жерасты сарайы бүкіл Армениядағы туристер ең көп баратын жердің біріне айналды.
Кейбір туристер тіпті онда барып, өз армандарын жазып кететін. Олардың сенімінше, ол армандар орындалады.
Өмірде адам жан-тәнін салып, адалдықпен, жүрекпен істеген істі уақытында ешкім түсінбей, тіпті мазақтайтын жағдайлар жиі ұшырасады. Бірақ ертең ол іс ұлы іске айналуы ғажап емес.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір