03 Маусым, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қайтыс болған №199 гимназияның мұғалімі Мерей Ибрагимовтың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Әбдуалиева Facebook парақшасында жазды.
"А. Аймағамбетов Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қайтыс болған мұғалім Мерей Ибрагимовтың отбасына барды. Ол марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, 26 жастағы педагогтің ата-анасына ержүрек және батыр ер азаматты тәрбиелегені үшін алғыс айтты.
Мерей Ибрагимов 29 мамыр сел тасқыны орын алған күні Шарын шатқалына экскурсияға барғандардың қатарында болды. Жас мұғалім оқушыларды құтқарып қалу үшін өз өмірін қиды" делінген желідегі жазбада.
Еске сала кетейік, 29 мамыр күні Алматыдағы Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №199 гимназияның 5 "Ә" сыныбында оқитын 8 оқушы, 5 ата-ана, 3 мұғалімнен тұратын топ Шарын шатқалына экскурсияға шыққан болатын.
Сол күні түс кезінде, шатқалда сел жүріп, кенеттен 15 минут бойы бұршақ араласқан нөсер жауған. Оқыс оқиға салдарынан Мерей Ибрагимов есімді мұғалім мен Рания Қасен есімді оқушы қаза тапқан.
Қаза тапқан мұғалім Мерей Ибраимов 26 жаста болған. Гимназияда 3 жыл жұмыс істеген. Гимназия директоры Сандуғаш Нышанова қызметкері Чехияда, Италияда оқығанын, мінезі ашық, ақжарқын, балалардың сүйікті мұғалімі болғанын айтады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір