• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:46:34
Алматы
+12°

Бір топ павлодарлық белсенді Баянауылда тұрғызылғалы жатқан Жасыбай мен Олжабай батырларға арналған ескерткіш пен саябақ құрылысына жергілікті әкімшілік 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағалы жатқанына ашынып, президент Қ.Тоқаевты, депутаттарды мәселеге назар аударуға шақырды.

Олар ойларын қағазға түсіріп, арнайы хат та әзірлеп қойған. Ол жерге Павлодар облысы Баянауыл аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, іскер әйелдер қауымдастығы төрайымы, NutOtan партиясы Баянауыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы секілді 9 адамның қолы қойылған. Хатқа қол қою әлі де жалғасып жатыр. Кей белсенділер, оның ішінде белгілі ойшыл, этнограф Мәжһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Ертай Мәжһүр Жүсіп журналистерге сұхбат беріп, үндерін естіртуге тырысып жатыр.

Белсенді Руза Бейсенбайтегі (фотодағы адам) пандемия аяқталмаған, қымбатшылық қысқан бүгінгідей қиын шақта аталған мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсау – нағыз ысырап деп санайды.

 

– Кеше ғана Керекуде (белсенді Павлодар қаласын осылай атайды. Ол қала атын Кереку деп өзгерту бастамасын көтеріп жүргендердің бірі – ред.) бой көтерген Абайдың ескерткішіне 55 млн теңге қаражат кетіпті. Оның өзінде ескеркіштің өз құны осынша ма, жоқ па бұл бізге беймәлім. Әкімшілік ондайдың есебін бермейді ғой. Тіпті солай болған күннің өзінде екі батырымызға ары кетсе, 100 млн теңге кете ме, кетпей ме? Әй қайдам... Ақшаны желге шашу бұл істегі жалғыз кілтипан емес. Ескерткіш салуға таңдалған жер сазды, тұзды, сор жер. Жобада көрсетілгендей, ол маңның айналасына ағаш егу үшін топырағын ауыстыру қажет. Қаржының көп бөлігі соған кетпекші. Ескерткішті ақыры салатын болса, онда неге ағаш өсетін, Қарағандыға, Жасыбайға өтіп бара жатқандар да көре алуы үшін Баянның кіреберіс жағына орналастырмасқа? Сонда топырақ ауыстыру қажет болмаушы еді, – дейді ол.

 

Руза Бейсенбайтегінің айтуынша, баянауылдықтардың шамына тиген мәселе тек бұл емес. Олар Баянауылда 40 жыл тұрған, 2 рет күрделі жөндеуден өткен, соңғы жөндеуге көп те бола қоймаған стелланы басқаға ауыстыруға қарсы. Сөздерінше, бұл мақсатқа облыс әкімшілігі жарты млрд теңге жұмсауды көздеп отыр.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов ескерткіш (төменгі фотода макеті ұсынылған) үшін 1 млрд 51 млн теңге көп еместігін, оның 560 млн теңгесі демеушілер көмегі екенін айтқан. Сөзінше, бұл қаражатқа ескерткіштен бөлек 600 түп ағаш егіліп, 2500 шаршы метр жерге гүлзар, саябақ ішінде жаяу жүргіншілер жолақтары жасалады, 100-ден астам шам, балаларға арналған алаңдар орнатылады.

Белсенділер ескерткіш салуға қарсы еместігін, тек қаржыны ақылмен жаратып, қомақты қаражатты Баянауылда талай жылдан бері қордаланіп келе жатқан әлеуметтік, экологиялық мәселелерге бағыттау қажеттігін жеткізген. Олардың сөзінше, Баянауылда әлі күнге дейін кәріз жүйесі жоқ. Ауылдың нәжіс суы көлге қосылып жатыр. Ал ол көлге адам шомылады, мал су ішеде.

Сондай-ақ Руза Бейсенбайтегі Баянауылға қарайтын 9 ауылға су тарту өте өзекті мәселе екенін, бірнеше ауыл арасына 30 жылда бірде-бір рет жол салынбағанын атап өткен.

 

– Желгілікті билік шектен шығып жатқан инфляцияны қаперге алмай қомақты қаражатты пандемия кезінде одан әрмен табыстары азайып жатқан ауыл жұртына емес, туристік табыс көзін бұғаттауы мүмкін экологияға емес, мәдениетке бөліпті, Мұны қалай түсінуге болады? Мейлі бөлсін, біз батырларымызға ескерткіш орнатуға қарсы емеспіз. Бірақ осының өзін орнымен, тиімді пайдаланудың реті болады ғой. Мәдениет саласына ақша бөледі екен, онда неге Баянауылда бірде-бір өлкетану музейі жоқ? Қалайша осылай шешіліп отыр? Жұмсалатын қаражаттың жартысына жуығы демеушілер ақшасы дейсіздер. Бұл сонда "распилдың" көзі ме? Тендерден болатын жемқорлықтарды да біздің өңірде ешкім алып тастамаған шығар? Бұны сіздерден сұрап отырмын, Сқақов мырза?, –  деген белсенді Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтан млрд жарым теңге ақшаның қайда кетіп жатқанын, тиынына дейін халық алдында есеп беруді талап ететіндерін жеткізді.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір