19 Маусым, 2021 NEWS
Фото: Валерий Шарифулин / ТАСС
Сонымен... АҚШ президенті Джо Байденнің бірнеше күнге созылған Еуропаға турнесі аяқталды. Президент болып сайланғалы бірінші рет ұзап шығып, ұзақ іс-сапарда болды. Бұл тақырыпқа әлемдік журналистер тарапынан аз мақала жазылған жоқ. Оның бәрін қарап шығу мүмкін де емес, дегенмен де осы қалай деген бірталай материалдарды қарап шықтым. Енді өзімше қандай қорытындыға келгенімді айтып көрейін.
Ең алдымен 14 маусым күні Ұлыбританияда G7 кездесуі алғаш рет пандемиядан кейін оффлайн жағдайында өтті. Құпия жағдайда не деп келіскендерін кім білсін, бірақ өздері жариялаған коммунюкеде олар негізінен Қытай экспансиясына қарсы қандай шара жасау керектігін әңгіме қылған сияқты. Ең алдымен Қытай ойлап тапқан "бір белдеу – бір жол" бағдарламасына альтернативалық жобалар іске қосылуы мүмкін. Неге? Өйткені Қытайдың түпкі мақсаты – сол елдерде демократияны дамыту, әлсіз мемлекеттерге көмектесу емес, өз инвестициясы мен хуацяоларын (Қытай мигранттары – ред.) тықпалап, өз жолындағы кездескен кез-келген елді бұрынғыдан бетер кіріптарлыққа түсіру болған сияқты. Соны сезіп қалған G7 елдері бұған қарсы тұру механизмдерін іске қоспақшы сияқты деген ойға келдім. Бұл — Қазақстан үшін жаман болмас еді.
Келесі күні НАТО Саммиті өтті. Онда РФ-ның Украинаға қарсы агрессиясы, Украинаны НАТО-ға мүшелікке қабылдау басты тақырыптардың бірі болды. Украинаға Грузияға берілгендей мүшелікке өту іс-қимыл жоспары берілетін болды. Әрине, НАТО-ға мүше болуы үшін белгілі бір дайындықтар, реформалар керек, оған уақыт керек. Бұрынғы советтік стандарттардан кетіп натолық стандарттарға өтуі керек. Украина армиясы меніңше оған 90% дайын. Ендігісі украиндықтардың өз қолында.
16 маусым күні Байденнің Путинмен кездесуі өтті. Бұған да әркім өз шама-шарқынша комментарий беріп жатыр. Орыс үгіт-насихатымен әбден уланғандар маған кім жеңсе де бәрібір, мен нейтраль көзқарастамын, фактіні ғана айтамын деп алып, Путинді мақтап әлек.
Америкалық саясаткер Юрий Рашкин айтқандай, бұл жерде екі түрлі өркениет диалогқа келген-сымақ болды. Дұрысында демократиялық өркениет диктаторлық өркениетпен кездесіп, олардың көзқарасы жалпы мүлдем басқа екендігіне көздері жетіп, дегенмен де соңғы рет сөйлесіп көруді, соңғы рет ескертуді ұйғарған сияқты. Бұған алты ай уақыт бөлінді. Яғни жыл аяғына шейін өзгеріс болмаса, бұрынғыша кибершабуылдар жалғаса берсе, немесе басқалардың ішкі істеріне араласу тоқтатылмаса, онда өз обалы өзіне-дағы, кімнен көреді? Өз әдістерін өздеріне қарсы қолданып гибридтік соғысты бастап кетпей диалогқа келу, тағы да бір рет ескертіп алдынан өту – демократиялық өркениет тарапынан жігіттік. Енді соны Ресей тарапы түсінсе игі.
Ол жөнінде біраз ым-ишара да жасалды. Байден өзінің мамасы өзін қалай тәрбиелегенін, бір рет, екі рет ескертетінін, оған да түсінбесе жазалайтынын айтып өтті. Оған түсінбеген (немесе жорта түсінгісі келмеген) Путин мамасы туралы айтты деп, өзінше мысқылдап кетті кетті. Немесе мысалы Калифорниядағы бір белгісіз хакер Газпромға кибершабуыл жасап, пара талап етсе қайтер едіңіз деді. Путин оны да түсінбеді. Калифорния емес, әлемнің кез келген түкпірінен "белгісіз" хакерлер шындап қолға алса РФ-ның бүкіл компьютерлік жүйесі АҚШ-тың қолында тұрғандығын, алты секундта быт-шыты шығатынын Путин түсінді ме, жоқ па – оны көре жатармыз.
Қорыта айтқанда Байден Трамптың әртүрлі қитұрқылықпен елдер арасына от салып, G7-ге сегізінші қылып РФ-ны шақырам деп қиғылық салып, тағы бір Саммиттен кетіп қалып немесе НАТО-ны таратам, АҚШ одан шығады деп, 2019 жылы НАТО Саммитіне қатыспай, елдер арасын бүлдіре бастаған саясатынан 180 градусқа кері бұрылып, барлығын бітістіріп, елдер арасына қайтадан сенімділік атмосферасын орнатып, Путин сияқты диктаторға тас-түйін, біртұтас позициямен келді. Келді де ұзақ мылжыңдасып отырмады. Өз миссиясын орындаған ол нақты-нақты ультиматумын қойды да еліне оралды.
Ал Байденмен кездескенді дәреже көріп, соншама дайындықпен келген Путин не болғанын түсінбей де қалған сияқты. АҚШ бірде-бір позициясын берген жоқ, кінәлісің бе – жазаланасың, осы есіңде болсын! Ал енді Трамп сияқты Мәскеудің агенттері АҚШ жеңілді деп айқайлай берсін, олардың сөзін кім тыңдап жатыр? Күн өткен сайын өзінің сатқындығы әшкере болып жатыр. Ол содан ұялғансиды, сөйтіп өз еліне жаулық ойлайды, президентін кемсітуге тырысады. Бірақ... ондай адамдарда ұят деген сезім болмайды да ғой. Ұятсыздардың бірін өзіміз де көріп отырған жоқпыз ба?
Қуаныш Еділхантегі
Шолушы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір