29 Маусым, 2021 NEWS
Фото: bilimdinews.kz
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары студенттер арасында вакцинацияны қолдау акциясын бастайды. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев хабарлады.
Вице-министр коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырған студенттер жоғары оқу орындарының мүмкіндіктеріне байланысты оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдік алып, түрлі сыйлықтарға ие болатынын айтты. Тек студенттер ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарының екпе салдырған оқытушылары да материалдық материалдық ынталандыруға ие болады.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, М. Өтемісов атындағы БҚУ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті вакцинациялауды қолдау бойынша акцияларды бастап кетті. Бірқатар жоғары оқу орнының студенттері үшін оқуға, жатақханаларда тұруға жеңілдіктер, сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар, тегін тамақтану және қоғамдық көлікті пайдалану талондары қарастырылған, – деді Қуаныш Ерғалиев.
Сондай-ақ жоғары оқу орындары вакцинацияланған студенттер үшін шет тілдерін, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытатын тегін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Екпе салдырған кейбір университеттердің студенттері фитнес залдарына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және концерттерге тегін бара алады. Ал вакцинацияланған оқытушылар қосымша ақы немесе ақылы демалыс алады.
– Вакцинация мәселелері мен оның шешілу жолдарын жоғары оқу орындарының өздері қабылдайды. Министрдің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға шақырып, ынталандыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұл акция біздің азаматтардың санасын оятуға көмектеседі деп сенеміз. Біз бірлесе отырып, қауіпті вирусты жеңе аламыз және карантин мүмкіндігінше тез аяқталады деп үміттенеміз. Басқа жоғары оқу орындарын да вакцинацияны қолдау үшін ынталандыру шараларын ұйымдастыруға шақырамыз. Себебі бұл коронавирустың таралуын тоқтатудың жалғыз жолы, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір