21 Шілде, 2021 Саясат
Фото: Видеодан скриншот
Forbes Қазақстан журналының шығарушысы Арманжан Байтасов белгілі бизнесмен Болат Әбіловпен сұхбаттар сериясының кезекті бөлімін жариялады. Бұл жолғы шығарылым барысында кәсіпкер 1992 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламын қалай сатып алғаны туралы айтып берген.
Бұл қаламмен Қазақстанның БҰҰ-ға қабылдануы туралы құжатқа қол қойылған.
Оның айтуынша, 1992 жылы Сара Назарбаеваның жетекшілігімен телемарафон өтіп, соның аясында аукцион ұйымдастырылған. Ол жерде Роза Бағланованың шәй ішетін сервисі, Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтың сахналық костюмдері, Нұрсұлтан Назарбаевтың сағаты мен қаламы ойнатылатыны хабарланған.
– Осыны бірген бойда қаламды қайтсем де, қанша тұрса да сатып алам деп шештім. Оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, бизнес өкілі ретінде тұңғыш президентімізді қолдағым келді. Екіншіден, Республика сарайы залында шетелдіктер көп болды. Әрі тікелей эфир арқылы көптеген шетелдік компания өкілдері аукционды тамашалап отырды. Сондықтан қаламның шетелдік бизнесмендер қолына өтіп кетуіне жол бермеу керек еді. Өйтпегенде қазақ кәсіпкерлері осындай заттың шетел асып кетуіне тосқауыл бола алмады деген әңгіме тарайтынын білдім. Үшіншіден, залда қалталы бандиттер де отырды. Егер олар сатып алса, қаламмен суретке түсіп, мақтанып, ыңғайсыз жағдай болар еді. Ал бізге осындай қадірлі дүниеге ие бола алмадыңдар деген сөз келер еді. Төртіншіден, мойындаған дұрыс қой, мен қаламды сатып алғанда күллі республикаға танылатынымды білдім. "Қазақмыс" мен "Қазмұнайгаз" ақша бөлгенін бәрі ұмытып, тек қаламды талқылайды. Ақырында мен қаламды сатып алдым. Салтанатты рәсім аяқталған соң президент күзетшісі мені шақырып алды. Нұрсұлтан Әбішұлымен осылай таныстым. Ол маған сол күнгі дата – 1992 жылғы 16 ақпан күнімен қол қойып берді, – дейді ол.
Бизнесмен ойлағандай ертеңінде-ақ кеңсесінің алды журналистерге толы болғып, әп-сәтте танымал адам болып шыға келген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір