Фото: видеодан скриншот
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуі кезінде мінбердегі елтаңбаның құлау оқиғасының мән-жайын түсіндірді.
– Бізде бір нәрсені тауып алады да, қоймайды сосын. Мен былай айтар едім: "Сапарбаев патриот емес" дейді ғой мысалы. Мен сол адамға: "Сен патриот болып Қазақстанға не істедің? Өзіңнің ұлтыңа не істедің, айтшы? Нағыз патриотсың, сөйлегенде қатырасың" дер едім. Мен 30 жылда кішкене еңбек еткен шығармын. Біріншіден, қазақ ретінде, екіншіден, Қазақстан азаматы ретінде.
Ал елтаңбаға байланысты айтар болсам, үстіме бәрін қойып қойды (петличка-ред). Мен арғы жерде есеп беріп тұрмын. Біреу сұрақ қойды. Бір уақытта бір нәрсе салдыр-гүлдір ете қалды. Сосын мен жігіттерге "мынаны алсаңдаршы" дедім. Мен оны елтаңба екенін білген жоқпын, алдымда (мінбердің алдында-ред) тұр ғой, мен бергі жағында тұрмын. Мен оған бару үшін мынаның бәрін шешуім керек. Сөйтіп баруым керек. Оны көтерді, қарасам елтаңба. Оған мән берген жоқпын, ары қарай жалғасып кетті, – деді Сапарбаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбат барысында.
Бердібек Сапарбаев 19 ақпан күні онлайн форматта халыққа есеп беріп тұрған кезде ыңғайсыз жағдайға тап болған. Тікелей эфирде әкім тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріп жатқанда мінберге желімделген елтаңба кенет өзінен-өзі жерге құлап түскен. Сөйтіп еді Сапарбаев қол астындағы қызметкерлеріне "Алсайшы ананы" деп бұйыра сөйледі де, сұрақтарға жауап беруін жалғастырған. Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кей қолданушылар Сапарбаевтың жекіп сөйлеуі Қазақстан билігіндегі бастық пен оның қоластындағылары арасындағы қарым-қатынасты бүкпесіз көрсетті деп санайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір