• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 05:43:35
Алматы
+12°

United Launch Alliance (ULA) компаниясының атқарушы директоры Тори Бруно/Фото:spacenews.com

United Launch Alliance (ULA) компаниясының атқарушы директоры Тори Бруно: "АҚШ бұдан былай Atlas V ракеталары үшін Ресейдің РД-180 қозғалтқышын сатып алмайды. Өзіміздің жаңа қозғалтқыштар сынақтың соңғы стадиясынан сәтті өтуде, ал форс-мажор жағдайына бізде алдын ала сатып алып қойған 25 дәне РД-180 бар" деп мәлімдеді.

АҚШ өз зымырандары үшін осы кезге шейін ресейлік РД-180 қозғалтқыштарын сатып алып келген, алайда 2014 жылы Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін АҚШ санкция салып бастады. Бұл екі ел арасында дау туғызды.

Әрине, АҚШ-тың қозғалтқыштарды өздерінде жасауға техникалық мүмкіндіктері жеткілікті, алайда ұзақ жылдар бойы қалыптасып, бір жүйеге түскен дайын қозғалтқыштарды сатып алған әлдеқайда тиімді деп есептелді. 1996 жылы НАСА (АҚШ космос агенттігі) жариялаған тендерді ең алдымен ресейлік "Энергомаш" ғылыми-өндірістік бірлестігі америкалық Pratt & Whitney компаниясымен бірлесіп жеңіп алады (ол кезде Батыста Ресейді әртүрлі х/а жобаларға қатыстыра отырып, өркениетті жолға түсіруге болады деген иллюзия бар еді). КСРО ғалымдары ұзақ жылдар жұмыстанып, ақыры әлемдік стандарттарға сай, бәсекеге қабылетті қозғалтқыш жасап шығарған болатын. Осы жобаны америкалық Pratt & Whitney компаниясының ақшасын пайдалана отырып аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік туады, өйткені "Энегомашта" КСРО кезінен қалған өнімнің үлкен қоры бар болатын. РФ осы зауыттарды өздерінде сақтап қалып, ұзақ уақыт осы салада монополист болды. АҚШ Қырым үшін санкция салып бастағанда Роскосмос басшысы Рогозиннің: "Сонда енді батутпен ұшпақсыңдар ма?" деп таң қалғаны әлемдік мемге айналды.

 

Осыдан кейін-ақ АҚШ РД-180-ді өздерінде жасауға шындап кірісті. Көріп отырғанымыздай, 2014 жылдан бері осындай тәуелсіздікке жетуге жеті жыл уақыт кетіпті. Роскосмос ондаған млрд рубль табыс көздерінен айырылды. Бұл неге әкеліп соқтырады? Бұл сол зауыттарда жұмыс жасайтындардың әлеуметтік жағдайы нашарлайды деген сөз. Табыстары да айтарлықтай төмендейді. Ақша төленбесе ондағы инженер-техниктер басқа жұмысқа кетеді, зауыттар жабылады, сөйтіп Роскосмостың да шаруасы шатқаяқтайды. Енді тек мәселе уақытта ғана. Өнім қоры бар ма, қанша уақытқа жетеді? Кезінде көрерміз. Айталық, бес жыл. Біз үшін ұзақ уақыт сияқты болғанмен де тарих үшін қас-қағым сәт.

 

Соңғы жылдары Роскосмостың жоғалтқаны тек қана қозғалтқыш сату емес. Олар ұзақ жылдар бойы халықаралық космос станциясына (ХКС) астронавтар мен жүк жеткізуде монополист болып келген еді. Бір астронавты ұшыру 80 млн долларға дейін жеткен еді, алайда Илон Маскінің осы міндетті қолға алуы да Роскосмосты бірталай табысынан айырып кетті, ол оны 20 млн-ға шейін түсірді. РФ осы монополистік жағдайын пайдаланып, "Союзды" арендаға бергені үшін жылына бір миллиард долларға дейін табыс тауып отырыпты. Көріп отырғанымыздай, "РФ Ұлы космостық держава" деген атау жақын жылдары өз мәнін жоғалтып, тарихқа айналатыны белгілі болып отыр. Бұл өмірде бәрі де өткінші деп бекер айтылмаған.

Ресей үгіт-насихатшылары АҚШ-тың РД-180-ді сатып алуды тоқтатуын саясатпен байланыстырады, саяси шантаж деуден танбай келеді, алайда байыптап қарағанда бұл іс ақыр түбі болмай қоймайтын табиғи заңдылық екенін байқауға болады. Соңғы кездері жекеменшік компаниялардың космос саласына дендеп енуі бәрібір осындай жағдайға алып келер еді. АҚШ-тың анағұрлым арзан да сенімді өз зымыран қозғалтқыштарын шығаруы да табиғи заңдылық, экономиканың даму барысы бәрібір осыған алып келетіні шындық емес пе? Саясат мүлдем жоқ деуге де болмас, алайда экономикалық заңдылықты қайда қоямыз?

Қуаныш Еділхантегі,

Халықаралық шолушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір