• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:13:51
Алматы
+35°

Парламент мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі М. Тәжмағамбетова премьер-министрдің орынбасары Е.Л. Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға мән беріледі» деген еді. «Nur Otan» партиясы да мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін үнемі қолдайды. Осыған орай сауалымызға негіз болған нақты мәселе - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бүгінгі таңдағы мүшкіл халін айтпақпын. Бұл мекеме – мемлекеттің тарихы мен ұлт руханияты үшін аса маңызды мекеме.

Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатында алты миллионға жуық кітаптар мен газет-журналдардың міндетті данасы сақтаулы тұр. Ең көне жәдігерлердің шыққан уақыты 1890 жылдарға тиесілі.

Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Алматы қаласы, Пушкин көшесі 2-үй мекенжайында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында мекеме қызметкерлері отырса, мұрағат қоры осы ғимараттың жанындағы үш қабатты үйде орналасқан шағын қоймада сақтаулы. Мұнда мұрағатпен қатар қаптаған сауда орындары, асхана мен монша да бар, қарама-қарсы бетте жанармай бекеті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мұрағатқа қызметкерлер де, ізденушілер де жұмысы саябырсымайтын базар үстімен өтеді. Көктемде еріген су да мекеме үшін үлкен мәселе болып отыр. Мекеме қызметкерлері мұндай уақыттарда құрал-сайманын алып қар күрейді, су аққан тұстарды бекітеді. Дегенмен, ылғалды температура, сыз және бу, асхана қалдықтарына өш кемірушілердің қағаз өнімдеріне барынша кері әсерін тигізіп жатқаны айтпаса да түсінікті.

          Үш жыл бұрын мұрағатпен іргелес орналасқан моншадан өрт шығып, мұндағы алты миллионға жуық құнды кітаптар бір қатерден қалған. Төтенше жағдай дабыл қақса да, қам-қарекетсіз жүрміз. Мұндай немқұрайдылықпен ғасырлық тарихы бар құнды кітаптарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін.

          Халықаралық стандарт бойынша қағаз өнімдерінің ең ұзақ сақталатын уақыты – 200 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт аса маңызды тарихи жәдігерлерді сақтау үшін мұрағат ғимаратында қажетті техникалардың, химиялық қоспалардың, тұрақты температураны қамтамасыз ететін құрылғылардың болуы шарт. Мұрағат стандарттарына сәйкес жағдай жасалмағандықтан, мұндай апаттардың орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, өз кезеңінде шешілмеген. Алматы қаласының әкімдігінен мекемені көшіруге қажетті орынның жоқтығы туралы жауап та келген.

Осы мәселеге қатысты келесіні ұсынамын:

  • Тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени республикалық маңызы бар кітапханалар мен кітап палатасының жалпыға қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін, бұл мекемелердің түгелдей техникалық жағдайы реттелуі керек.
  • Мемлекеттік мекемелерді, кітапханаларды және халықты библиографиялық ақпаратпен, шежіремен, анықтамалықтармен қамтамасыз ететін кітап палатасының мұрағат қорын сақтауды жіті назарда ұстау қажет. Мұрағат ісін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту ісі талапқа сай жүргізілуі абзал.

Сондықтан да Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы тез арада қауіпсіз жерге көшіріліп, сапалы деңгейде жұмысын жалғастыруы тиіс.

Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Nur Otan Ералы Тоғжанов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір