20 Қыркүйек, 2021 Саясат
Фото: Ашық дереккөз
Ұлыбритания, АҚШ және Австралия арасындағы жаңа қауіпсіздік келісіміне байланысты дау туып, Франция Австралияны айыптады.
Австралия атомдық сүңгуір кемелер туралы "Aukus" келісіміне қол қойғаннан кейін Франция Австралияны "өзара келісімді бұзды" деп ашуланды.
Ал, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Францияға келісімнен алаңдайтын ештеңе жоқ екенін айтты.
Бірақ Франция қорғаныс министрінің Ұлыбританиялық әріптесімен осы аптада Лондонда кездесуі тоқтатылды.
Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізіндегі ықпалына қарсы тұру әрекеті ретінде өткен аптада Вашингтон, Лондон және Канберра арасында "Aukus" келісімі жасалған. Алайда, бұл келісім Австралия мен Франция арасында 2016 жылы болған сүңгуір кеме жасау туралы 37 миллиард долларлық мәмілені аяқтатпақ.
Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан бұл "одақтастар мен серіктестер арасындағы жол берілмейтін мінез-құлық" болып есептелетінін жеткізді және "ту сырттан ұрылған пышақ" деп сипаттады.
Франция президенті Эммануэль Макрон Вашингтон мен Канберрадағы француз елшілерін шақыртып алуға бұйрық берді. Бұл одақтастар арасында бұрын -соңды болмаған қадам.
Ал, БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін Нью-Йоркке ұшып бара жатқан Борис Джонсон ағылшын-француз қарым-қатынастары "әлсіремейтінін" айтып, одаққа "алаңдамау" керек деді.
Сонымен қатар, Австралия тарапы да "Aukus" келісімін қорғады.
Австралия премьер -министрі Скотт Моррисон Канберраның "Парижді сатып кетуі" туралы айыптауларға қарсы шықты. Ол халықтың салығынан төленетін қымбат мәміленің шарттары бойынша, келісім кез-келген уақытта бұзылатынын Париж білуі керектігін айтты.
Бұл келісім Австралияны әлем бойынша атомдық суасты кемелері бар жетінші елге айналдырады.
Айта кетейік, "Aukus" келісіміне сәйкес, одақтастар кибер мүмкіндіктерін, жасанды интеллект және басқа да теңіз асты технологияларын өзара бөліседі. Қауіпсіздік келісіміне қол қойылғаннан кейін Қытайдың мемлекеттік газеті Австралия Бейжіңнің ядролық соққысының нысанасына айналуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір