Парламент мәжілісінің депутаты Қазбек Иса "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясындағы Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсынысқа үкімет қарсы шығып, қолдау таппай отырғаны туралы хабарлады.
Депутат үкімет аталған бапты қолдамай отырғанын жаңа норма кәсіпкерлік субьектілерге қосымша ауыртпалық жүктейді, функция мақсатсыз деп санайтынымен түсіндіретінін жеткізеді.
Қазбек Исаның сөзінше, қарсылық Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасынан шығып отыр. Олар қандай қосымша ауыртпалық жүктейтіні туралы нақты айта алмайды.
"Осындай негізсіз қарсылықтарға қалай сенуге болады?" деген депутат кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында берілген Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларының тізіміне Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды енгізген жағдайда кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасалмайтынын айтады.
"Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылау іс-шарасы кәсіпкерлік нысанның жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді, кері әсер етпейді:
1. Өнім шығару, сауда-саттық жасау, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру және т.б. сияқты өндірістік процестер тоқтатылмайды. (Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тоқтатуы мүмкін.)
2. Кәсіпкерлердің банктегі жеке есеп-шоты бұғатталмайды. (Салық немесе қаржы бақылау органдары бұғаттауы мүмкін.)
3. Кәсіпкерлік нысан орналасқан үй-жайды немесе ғимаратты пайдалануға уақытша тыйым салынбайды. (Өрт қауіпсіздігін бақылау мекемелері тыйым салуы мүмкін).
4. Кәсіпкерлікті тексеруге мараторий деген уақытша шара, сондықтан ол қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуге бөгет бола алмайды.
Бұл жерде МАРАТОРИЙ туралы сөз жоспарлы тексеру туралы. Ал бақылау органдарына арыз-шағым түсіп, ол бойынша жоспардан тыс тексеру қажет болса, оған мараторий жарияланғандығының қатысы жоқ., тексеріле береді.
5. Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында бұрын берілген Бақылау қайта қосылғанда бюджеттен ешқандай шығын қажет етпейді.
Дәл осы Кәсіпкерлік кодекстің 138-ші бабын алып тастағандықтан кәсіпкерлік нысандар, сауда орындары тауар мәліметтерін мемлекеттік тілде жазуды жиыстырып қойған. Өйткені Тіл басқармалары тексере алмайды.
Сондықтан тіл жанашырларының өздері дүкендер мен мейрамхана-кафелердегі заңсыздықпен күресуде. Шу содан шығуда. Павлодарда Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде Жұлдызай Форттарды осы Тіл заңының сақталуын талап еткені үшін қудалауда. Үкіметтен де, Прокуратурадан да ешқандай бақылау болмағасын Тіл туралы заңды - Мемлекеттің Президент қол қойған заңын талап еткендердің бәрі қудаланып, алды шетел асып кетуге мәжбүр болды!
Егер осы Тіл заңнамасының сақталуы Кәсіпкерлік кодексте болған болса, ешкім көше аралап, сатушылармен дауласпаған болар еді. Яғни, біздің үкімет, атап айтқанда Ұлттық экономика министрлігі елдегі заңсыздықтардың өршуіне мүдделі болып отыр ма деген ойға қаласың.
Себебі, Кәсіпкерлік кодекстен дәл осы Тіл заңнамасы сақталуын талап еткен бап алынып тасталған 2015 жылдан бері жылына 13 мыңға жуық шағым түскен. (2018 жылы - 12886, 2019 жылы-12900).
Ал сауда орындарындағы мемлекеттік тілдегі мәліметтер өрескел қателерге толы. Бұл әр адамның Конституциялық құқына зиян тигізеді.
Егер Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл заңына байланысты Бақылау қайтарылмайтын болса, онда осы баппен сабақтас, бақылауды Кәсіпкерлік кодекске байлап қойған Тіл заңындағы 25-4 бапты да алып тастау керек.
Өйткені бұл бапты 2011 жылы қосқан соң, 2013 жылы осыған сәйкес Кәсіпкерлік кодекске Тіл заңына байланысты бақылау функциясы қосылды. 2015 жылы ол функцияны алып тастағанда, 25-4 бапты да алу керек еді.
Бақылау функциясын қалай жүзеге асыру керек, Әкімшілік кодекстің 75 бабын қалай пайдалану керек туралы министрлік заң аясында нормативті акт жасауы қажет" дейді депутат желідегі жазбасында.
Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Жуырда "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.
Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.
Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.
Сондай-ақ Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілеген. Әңгімені статистикалық деректер де растаған. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.
Бірнеше сарапшы мұның себебін "билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейтінімен байланыстырады.
Президент Қ.Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауы барысында "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" дегенді айтты. Елдегі басты заң – конституция бойынша орыс тілінде мұндай статус жоқ. Белгілі заңгер, тіл мәселесі бойынша көптеген істерге қатысқан құқыққорғаушы Абзал Құспан президент мәлімдемесі Қазақстанда құқықтық нигилизмнің асқынып тұрғанын білдіретінін айтады.
Пікір қалдыру
пікір