Фото: Qamshy.kz
10 қазан күні бір топ белсенді ақын, диссидент, Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталып, жақында ғана шартты жазамен бостандыққа шыққан Арон Атабек кітабының тұсаукесерін өткізді.
Белсенділер кітап Арон Атабектің бостандыққа шығуына орай жасалған сыйлық екенін айтады. Құрастырушылар туындыға "Бүлікші-ақын, қазақ самурайы" (кітаптың түпнұсқа аты "Поэт-бунтарь, казахский самурай!" - ред) деген атау берген. Еңбек ақынның әр жылдары жазылып, aronatabek.com сайтында жарияланған шығармалардан тұрады. Кітап мұқабасы жұмсақ қағаздан жасалған. Әзірге 500 данамен таралып отыр. Кітап "Атажұрт" қозғалысының қаржылай қолдауымен шыққан.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған құрастырушылардың бірі, белсенді, журналист, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин "кітап шығару идеясы 2 жыл бұрын туды, билік Арон Атабекті аяқ-астынан амалсыздан босатқандықтан, кітапты шұғыл шығаруға тура келді" дейді.
Сондай-ақ ол ақынның үйіне оралғаны қуанғанышты жағдай болғанымен, қоғам, жақтастары, бастысы Арон Атабектің өзі толық ақталғанын талап ететінін, әзірге билік бұған құлақ аспай отырғанын жеткізді. Арон Атабек денсаулығын түзеген соң өзін кінәсіз деп тауып, матариалдық өтемақы төлету үшін күрес жолын жалғастыратынын мәлім етті.
Іс-шара барысында Шаңырақ оқиғасынан кейінгі тергеудің қалай жүргені, Арон Атабектің қазіргі денсаулық жағдайы мен оны емдеу туралы көбірек айтылды.
Қоғамдық бақылаушы ретінде Шаңырақ оқиғасынан кейінгі сот істерінің бел ортасында болған Жасарал Қуанышалин "Шаңырақ ісі" саяси іс болды, шешім саяси тапсырыс бойынша шықты" деп санайды.
Айтуынша, 9 айға жалғасқан сот процесі кезінде кінәлі деп танылып, "полицейді өртеп өлтірді" деген айып бойынша 14 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған 4 азаматтың кінәлі екенін дәлелдейтін фото не видео айғақ жоқ. (Арон Атабек 2007 жылғы мамыр-маусымда тергеу изоляторында отырып жазған мақаласында "сот процесі кезінде 5 ай бойы күдікті 25 адамның тым құрығанда біреуі кінәлі екені дәлелдейтін бірде-бір бұлтартпас дәлел табылмады" деп жазады. Мақала жаңа кітапқа енген.)
– Қақтығыс кезінде ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері түсірген көптеген видеолардың бірде-бірінде полицейдің өртенген видеосы жоқ. Сот ағайынды куәлердің жалған куәлік етуін негіз етіп, шешім шығарды, – дейді ол.
Оппозициялық саясаткердің сөзінше, сот процесі аяқталған соң 2007 жылы Аронға қарсы куә болған ағайынды Айбатыр, Бауыржан Ибрагимовтер пресс-конференция өткізіп, тергеу кезінде өздерін азаптағанын айтып, жалған куәлік етуге мәжбүр болғанын мәлім еткен.
– Олар басында қысыммен жалған куәлік етуге мәжбүр болған. Алайда ары маза бермегенге ұқсайды. Ақыры шындықты жайып салды. Тіпті куә болған біреуі кейін ішіп кеткенін естідік, – деген Жасарал Қуанышалин заң жұмыс істейтін қоғамда куәлер өзінің айтқанын терістейтін болса, іс қайта қаралатынын айтады.
Бірақ олардың шығымы бойынша істі қайта қарау туралы жоғарғы сотқа түсірілген арыз қаралмай, Алматы қаласы сотының шешімі күшінде қалған.
"Осы кезде сот саяси тапсырысты орындағаны анық болды" дейді саясаткер.
Шаңырақ оқиғасынан кейін билік "жер телімдерін заңсыз басып алды" деген азаматтардың жерін заңдастырумен айналысқан заңгер, адвокат Шынболат Байжанов та Аронның кінәлілігін дәлелдейтін тікелей дәлел жоқ, ал тікелей дәлелсіз адамды соттауға болмайтынын мәлім етті.
Оның айтуынша, қылмыстық істе "полицейді Арон өртеді" деген сөз жоқ. Сот шешім шығарарда тек куәлердің айтуына ғана сүйенген.
Сондай-ақ Шынболат Байжанов Арон Атабек Шаңырақ оқиғасы кезінде керісінше билікті диалогқа келуге шақырғанын айтып, "Арон болмаса, Шаңырақтағы үйлерді сүріп тастайтын еді" дейді.
– Арон билік пен халық арасында көпір құруға тырысып, "шаңырақтықтар ауылдан келген жағдайы жоқ қазақтар ғой, үйлерін сүрсеңдер, олар қаңғырып кетеді" деп әкімшіліктегілерді көндіруге барын салды. Шынында да ол жерде халықтың еш кінәсі жоқ еді. Олар жерді Жетісу аудандық жер қатынастары бөлімінен сатып алған, – дейді заңгер.
Жиын барысында Арон Атабектің қазіргі денсаулық жағдайы аса ауыр екені, оны шетелде емдетудің жолдары туралы сөз қозғалды.
Жақындарының сөзінше, Арон соңғы күндері күніне екі қасық сорпадан басқа ештеңе іше алмайтын күйге түскен.
Заңгер Шынболат Байжанов Арон Атабек құзырлы орган қадағалауында екеніне қарамастан, оны шетелде емдету үшін елден шығаруға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Аронды емдейтін, қабылдайтын жер табылса, оны елден шығарудың амалын табуға болады, – деген ол ақынды шетелде емдеуге шұғыл қолжеткізу керектігіне назар аударды.
Жиынға келген жұртшылық та осы ойға қосылды. Арон Атабекті емдеу үшін қаржы жинау жалғасатыны хабарланып, кітап сатылымынан түскен қаражат та Аронның қажетіне жұмсалатыны айтылды.
Белсенділер кітап Арон Атабектің қарындасы Разия Нұтышеваға тапсырылатынын, сатып алу, қаржы аудару мәселесі бойынша да соған хабарласу керектігін жеткізді.
Разия Нұтышеваның байланыс номері мен реквизиті төмендегідей:
Телефон номері – 8747 832 29 36
Карта номері – 4400 4301 9446 4407
Арон Атабек Шаңырақ оқиғасынан кейін "полицейді өлтірді" деген айыппен 18 жылға сотталып, 2021 жылғы 1 қазанда "айықпас ауруға шылдығуына байланысты" бостандыққа шығарылған. Павлодар соты оның қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Ақынның өзі сот шешіміне наразы. Ол өзін толық ақтауды, түрмеде өткізген жылдар мен көрген азабы үшін материалдық төлем өтеуді талап етеді.
Қыркүйектің соңында құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина Арон Атабек ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған. Оған дейін бірнеше құқыққорғаушы Арон Атабектің денсаулық жағдайын ескеріп, оған рақымшылық жасау туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, қол жинаған. Арон Атабектің денсаулығы нашарлағаны туралы алғаш 18 тамыз күні Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі тобының өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесіне барғанда белгілі болған. Алайда ол кезде ақын билікке сенбейтіндіктен, түрме әкімшілігінің емдемек болған әрекетінен бас тартқан.
Шаңырақ оқиғасы бойынша, Арон Атабектен бөлек үш адам сотталған. Ерғанат Тараншиев (15 жыл) пен Рүстем Тұяқов (14 жыл) 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықса, 16 жылға бостандығынан айрылған Құрманғазы Өтегенов әлі түрмеде отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір