• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Қараша, 15:34:08
Алматы
+12°

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" карантиннің бала тууға әсері туралы еларалық зерттеу нәтижесін жариялап, ұлттық статистикалық деректерді талдау, зерттеу жүргізілген елдердің көпшілігінде карантин тууға теріс әсер еткенін көрсеткенін мәлім етті.

Министрлік таратқан хабарламада зерттеу барысында сарапшылар 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылдың соңғы айына дейінгі кезеңде әртүрлі елдердегі туу туралы нақты деректер өткен 4-5 жылдағы туу қарқыны негізінде есептелгені, пандемия мен басқа өзгерістер болмаса, туу инерциясы бойынша жүретін тренд мәндерімен салыстырылғаны айтылады.

"Осылайша Португалияда, Румынияда және Чилиде туу деңгейі сәйкесінше 9%-ға, 12%-ға және 19%-ға төмен болғаны байқалды. АҚШ пен Швейцарияда мұндай төмендеу 4-5%-ды құрады. Бельгия, Италия, Словения, Испания, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Франция елдерінде туу көрсеткіші 1,3-2,5%-ға төмендеді (трендпен салыстырғанда). 

Алайда кейбір елдерде карантин және онымен байланысты шаралар баланың дүниеге келуіне оң әсер етті. Мәселен Тайваньда, Нидерландта, Корея Республикасында нақты туу көрсеткіші трендтік мәннен 3,1-5,6%-ға асып түсті" делінген хабарламада.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы Болжамдау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшевтың сөзінше, Нидерланд, Оңтүстік Корея және Тайвань секілді елдерде пандемия кезінде ел үкіметінің дағдарысқа қарсы сәтті шараларының арқасында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тұрғындардың билікке сенімі артқан. Ал бұл "бэби-бумға ықпал етуі мүмкін" деп тұжырымдайды ол.

Зерттеудің Қазақстандағы туу жағдайына байланысты тұсында, туу көрсеткішінің жоғарылауы үкіметтің көпбалалы отбасыларды қолдау шараларымен байланыстырылған.

Қазақстанда туудың күрт өсуі 2020 жылдың III тоқсанынан бастап байқалады – туғандар саны 116,7 мыңды құрады, бұл – 2019 жылғы III тоқсанға қарағанда 8,4%-ға артық. 2020 жылғы IV тоқсанда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5%-ды құрады. 2021 жылғы I-II тоқсандарда өсім 2020 жылғы тиісті тоқсандарға қарағанда 8,4 және 10,7%-ды құрады.

 

"Бізде карантин бэби-бумға әкелді деген пікір кең таралған, алайда, 2020 жылғы III және IV тоқсанының көп бөлігінде бұл тұжырым теріс екенін аңғаруға болады. 2020 жылғы III тоқсанда туған балалар 2019 жылдың IV тоқсанында, тіпті Ухань тұрғындары жаңа жұқпалы коронавирус туралы хабардар болмаған кезде бойға біткен. Сондай-ақ, Қазақстанда 2020 жылғы IV тоқсанда туған балалардың аз ғана бөлігі карантин кезінде бойға бітуі ықтимал, өйткені алғашқы карантиндік шектеулер 2020 жылдың наурыз айының ортасында-аяғында енгізілді"  деп түсіндірді сарапшы.

  

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы Қазақстанда 2020 жылы бала туу көрсеткішінің өсуінің неғұрлым ықтимал себебі ретінде, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап табысына қарамастан, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенттері бар отбасылар үшін ай сайынғы жаңа жәрдемақының енгізілуін атауда. Бұл ретте жәрдемақының енгізілуі туралы 2019 жылдың қазан-желтоқсанында жарияланды.

 

"2020 жылы Қазақстанда 426 824 бала дүниеге келді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 балаға көп. Бала туу өсімінің басым бөлігі (65%) кезектілік бойынша төртінші баланың тууы есебінен қамтамасыз етілді. Бала туудың 24%-ға өсуі балалардың туу кезегі бойынша бесінші есебінен қамтамасыз етілді. Осылайша, Қазақстанда көпбалалы отбасылар бойынша жаңа ай сайынғы жәрдемақы, негізінен кезек бойынша 4 және 5 баланың туылуын ынталандырады" деп түйіндеді Қайырбек Аяшев.

 

Соңғы қолжетімді мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда 296,5 мың бала дүниеге келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға көп.

Көпбалалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері төмендегідей:

  • 4 балаға – 42 496 теңге;
  • 5 балаға – 53 127 теңге;
  • 6 балаға – 63 757 теңге;
  • 7 балаға – 74 388 теңге;
  • 8 балаға – 88 896 теңге;
  • 9 балаға – 100 008 теңге;
  • 10 балаға – 111 120 теңге;
  • 11 балаға – 122 232 теңге;
  • 12 балаға – 133 344 теңге;
  • 13 балаға – 144 456 теңге;
  • 14 балаға – 155 568 теңге;
  • 15 балаға – 166 680 теңге;
  • 16 балаға – 177 792 теңге;
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір