18 Қазан, 2021 Алматы
Фото: tengrinewskz
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мегаполисті дамытудың, оның ішінде денсаулық сақтау және ана өлімін болдырмау саласындағы өзекті мәселелер қаралды.
Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, ана өлімінің негізгі себептерінің арасында COVID-19 және экстрагенитальды аурулардың болғанын, COVID-19 симптомдары байқалса да медицина қызметкерлеріне кеш жүгінгендерін көрсетеді.
Ана өлімін төмендету үшін отбасын жоспарлау кабинеттері жұмысының тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдануда, фертильді жастағы әйелдерді динамикалық бақылау енгізілуде. Сонымен қатар, әйелдер консультацияларында жүкті әйелдерге медициналық көмектің сапасын арттыру міндеті қойылған. Қашықтан бақылау арқылы МСАК деңгейінде тәуекел тобындағы жүкті әйелдерге мониторинг жүргізілетін болады.
Осыған орай қала аудандары бойынша үйлестірушілер, қаланың бас акушер-гинекологы анықталды, әйелдер консультацияларының, отбасын жоспарлау кабинеттерінің жұмысына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ, жүкті әйелдерді бағыттау алгоритмдері және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер жасалды. Бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі күшейтілді. Көпбейінді стационарларды босандыру ұйымдарымен кластер форматында біріктіру жоспарлануда.
Перзентханаларда кадрлар тапшылығын жою және олардың біліктілігін арттыру мақсатында резидентурада 2021-2023 оқу жылдары 6 акушер-гинеколог даярлықтан өтеді. Ал, 2022-2024 жылдары – 4 маман.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев ана өлімін азайту мақсатында іс-шаралар жоспарын іске асыруға бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімі босандыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту міндетін алға қойды. Ол үшін ағымдағы және келесі жылдары қажетті жабдықтар сатып алынады, ал 2023-2024 жылдары перзентханаларды заманауи сору-сыртқа тарату желдеткішін орната отырып, кезең-кезеңімен реконструкциялау қарастырылған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір