02 Қараша, 2021 NEWS
Фото: Qamshy.kz
Алматы әуежайы жүк тасымалдау қызметінің бұрынғы қызметкерлері өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болғандарын айтып шағымданды, деп хабарлады КТК арнасы.
Алматы әуежайы жүк тасымалдау қызметі қызметкерлері бірінің айтуынша, жұмыстан шығару туралы шешім олар үшін күтпеген жағдай болған.
– Бізге кадр бөлімінен қоңырау шалып, барлығымызды шақырып алды. Біз 7 адам едік, бәрімізді бірдей шақырды. Кадр бөліміне келген кезде біздің өз еркімізбен кеткеніміз жөніндегі мөр басылған еңбек кітапшаларымыз бен жұмыстан босату туралы бұйрық дайын тұрды. Біз құжаттарға "Бізді қандай негізде босатып жатыр?" деген сұрақпен қол қойдық, ал олар бізге "Сендерге ешкім көмектесе алмайды. Өз жұмыс орындарыңды босатуларың қажет деп жауап берді, – дейді жұмысшылардың бірі Галина Такобаева.
Оның сөзінше, кадр бөлімінде оларды өз еркімен кетуден бас тартса, "арнайы баппен жұмыстан қуамыз" деп қорқытқан. Ал әуежай басшылығы қызметкерлерді жұмыстан шығаруға мәжбүрлегенін жоққа шығарады.
– Алматы халықаралық әуежайының бұрынғы жұмысшылары "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ға қатысты айыптаулары негізсіз екенін хабарлаймыз. Олар өз бастамалары бойынша жұмыстан босатылды және Қазақстан Еңбек кодексінің 49-бабы 5-тармақшасы бойынша еңбек келісімшарты бұзылды, – деді "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Найля Жабагина.
Соған қарамастан бір мезетте бірнеше жұмысшының қызметтен босатылуы күдік тудырып отыр. Әуежайдың бұрынғы қызметкерлері олардың көбі бұл нысанда 10 жылдан астам уақыттан бері еңбектеніп келе жатқанын айтты. Барлығының авиация саласында білімі бар. Кейбірі тіпті зейнетке шығатын жасқа жетіп қалған.
"Өз еркімен жұмыстан босатылғандар" қайта жұмысқа қабылдауды немесе басқа жұмыс орнын ұсынуды талап етіп отыр. Жұмыссыз қалғандар осы мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Авиациялық көлік прокуратурасына шағымданған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір